АСТАНА, 18 қыркүйек — Sputnik. Бұрынғы қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ізбасарының бойынан қандай қасиеттерді көргісі келетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жаңа қаржы министріне даналық тілеймін, әрине. Себебі бүгінде қойылатын талап та жоғары, қауіп-қатерлер де көп. Елімізді дамыту бойынша қаншама міндеттер тұр. Сондықтан қаржы министрі үнемі әр шешімін ақылға салып қабылдағаны дұрыс. Оның бойында сараңдық та, қыңырлық та, елдің қаржылық жүйесін дамытуға жағдай жасау үшін көрегенділік те болуы қажет", — деді Сұлтанов үкімет кулуарында.
Еске сала кетсек, президенттің жарлығымен 11 қыркүйек күні Бақыт Сұлтанов Астана әкімі болып тағайындалды. Ал қаржы министрлігі бір аптадан бері басшысыз отыр. Елорданың бұрынғы әкімі Әсет Исекешев ҚР президенті әкімшілігін басқарды.