03:33 22 Қаңтар 2017
Тікелей эфир
Динара Сатжан

Динара Сәтжан: жуырда Қазақстанда дизайнерлер көбейеді

© Foto: из личного архива Динары Сатжан
Сараптама
Қысқа сілтеме алу
67 0 0

Танымал сән маманы Динара Сәтжан Қазақстанда "fashion" ұғымы деген не, қазақстандық дизайнерлердің келешегі қандай деген сұрақтарға ашық түрде пікірін білдірді.

АСТАНА, 21 қар — Sputnik, Юлия Кузнецова. Қазақстан сән әлемі – бұдан бұрын құлаққа түрпідей тиетін осы бір сөз тіркесін, қазіргі таңда мақтанышпен айта аламыз.  Sputnik Қазақстан тілшісі есімі елордалық сән және сұлулық әлемімен тығыз байланысты танымал теле жүргізуші әрі фэшн-продюсер Динара Сәтжаннан сұхбат алып қайтты.

- Динара, сіздің пікіріңізше, Қазақстан сән индустриясының болашағы қандай? 

—  Болашағы жарқын! Бірнеше жылдардан кейін екінің бірі дизайнер болады. Қалжыңым ғой. Фэшн-бизнес біздің еліміз секілді өте жас. Бірақ біз мемлекеттің қолдауынсыз, өз қажыр-қайратымызбен өркендеп келеміз. Мен өз ісімді (қазақстандық дизайнерлердің қолынан шыққан киім-кешектер шоу-румы) жеті жыл бұрын бастадым. Ал, ең басты сән алаңы Kazakhstan Fashion Week 12 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде киім-кешектері сәнге айналған отандық дизайнерлеріміз бар: Aida KaumeNOVA, Aigul Kassymova, Jaka Fashion, Salta, Naiyl Baikuchukov, Ainur Turisbek, Bibisara. Олар еуропалық киім үлгілерімен батыл түрде бәсекеге түседі және ерекше дизайнерлік шешімдері мен бағасының арқасында ұтады. Қазақстан сән әлеміне деген сүйіспеншілігім Aida KaumeNOVA қолынан шыққан эфирлік костюмнен басталды. Жалпы бизнесті махаббатпен бастаған жөн!

- Осы брэндті мысалға алатын болсақ, ұлттық өнім бағасы айтарлықтай жоғары деп санамайсыз ба? 

— Сапалы дизайнерлік киімдердің бағасы 5 мың теңге тұруы мүмкін емес. Қарапайым көйлекті кез келген жерден сатып алуға болады; сауда орталығынан да, базардан да. Ал, бес өлшем тізбегінде барқыт, кашемир, және жібек маталарынан ерекше етіп тігілген киім үлгілері қашанда 100 доллардан қымбат тұрады. Қай елде болса да, тіпті Қытайда да. 

- Біздің дизайнерлерді насихаттаумен қалай айналысқан жөн? Еуропалық брендтермен тайталасу оңай емес. Gucci жарнамасы кез келген журналдан табылады, сол себепті Қазақстанда оны сату жеңіл түседі, ал сіз өзіңізді қалай жарнамалайсыз?

— Бізді қазақстандық дизайнерлер киімін киіп жүрген халық насихаттайды. Және, әлбетте, жұлдыздар! Мысал келтіріп өтейін: Анна Седокова Наиль Байкүшіковтың көйлегін сатып алғаннан бері бізге Ресей мен Украинадан тапсырыстар келіп түсе бастады. Әйел затының бір көйлекке көңілі кетсе болды, жердің түбінен болсын тауып алады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер – маркетингтің мықты құралы.

- Ал, Instagram-дағы танымал сәнқойлар ше? Олар саудаға әсерін тигізеді ме?

— Жалпы айтқанда, әсерін тигізеді ғой, бірақ халық та ақымақ емес. Мұның сыйлыққа берілетіндігі бәріне де түсінікті. Бұл Instagram-дағы танымал көйлек іспетті – ойыңдағы басқаша, шын өмірде басқаша. Адамдар бір рет сатып алады да, көңілдері қалады. Мен үшін ең басты критерий  - сапа. 

- Жас дизайнер сіздің шоу-румыңызға қалай кіре алады?

— Дарынды жас жігіт Наиль Байкүшіков кезінде мені өзі іздеп тапқан, бірлесіп өнімді еңбек еттік. Кезінде Аида Қауменованың киімдеріне ғашық болғандай, оның да көйлектерін бірден ұнаттым. Маған ұнаса болды, есігім ашық!

- Өз брендіңді шығару үшін қанша қаражат керек? 

— Айтарлықтай көп емес. Сол себепті 5-10 жылда елімізде заңгерлерден гөрі, дизайнерлер көп болады деп ойлаймын. Цех, құрылғы, тігіншілер, конструкторлар, мата – мұның бәрін табу мәселенің басы ғана. Бәрінен де керемет бұйымдарды ойлап табатын дарын мен идея табу қиын, елімізде дарынды жандар көп емес. Есесіне, өкінішке орай, мансап қуғандар көп. 

Қазақстан туын ұстаған алматылықтар
© Sputnik / Анатолий Устиненко

- Меніңше сіздің есіміңізді телевидениеден гөрі сән әлемімен көбірек байланыстырады, мұны білесіз бе?

— Иә, әрине. Мен үшін қазіргі таңда телевидение – әлеуметтік желілердегі парақшаларым. Күніне бірнеше мәрте эфирге шығам. Адамдар өз пікірлерін білдіреді, шынайы статистика көз алдыңда жүріп жатады. Теледидарлардың орнын смартфондар басты емес пе. Заман талабы өзгерді. Келешекте бұдан да қызық болады.

- Соңғы сұрақ экспортқа қатысты: біздің дизайнерлер шетелдік нарыққа шыға алады ма?

— Басты арманым сол! Арманың болса, оны қалай да орындауға тиіссің! Мен біздің дизайнерлерге сенемін. Тамаша өнімдер шығарып жатқанымызға күмәнім жоқ. Біздің де брендтер Dior мен Chanel сияқты әлемге әйгілі болады. Соған жеткенше алдыма жан салмаймын!

Басты тақырыптар