Саясат

Әміржан Қосанов президент сайлауына түсетінін мәлімдеді

Жазылу
Алматыда "Жаңа Қазақстан форумы" қоғамдық ұйымы арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, президент сайлауына "Ұлт тағдыры" қозғалысының ұсынысымен белгілі саясаткер Әміржан Қосанов түсетінін мәлім етті

НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір — Sputnik. "Ұлт тағдыры" қоғамдық қозғалысы Қазақстан президенттігіне Әміржан Қосановтың кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Әміржан Қосанов баспасөз мәслихатында бұған дейін Қазақстандағы оппозициялық партиялар басын қосып, алдағы сайлауға өз кандидатурасын ұсынса, оны қолдауға дайын екенін мәлім еткенін айтты.

"Алайда, өкінішке қарай, олар ауызбіршілік таныта алмады. Сондықтан алдағы сайлауға ұлшылдар өз үміткерін ұсыну туралы шешім қабылдап, мені таңдады. Бұл үмітті ақтауға тырысамын",  - деді Қосанов баспасөз мәслихатында.

Әміржан Қосанов 1964 жылы Қызылорда облысы Сапақ ауылында дүниеге келген. Белгілі саясаткер. Негізгі мамандығы журналист. 1994-1997 жылдары Әкежан Қажыгелдин басқарған үкіметтің баспасөз хатшысы болды. 1998 жылы Қажыгелдин басқарған Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары, 2005 жылы Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 

Индонезиядағы сайлау, 2019 жылдың 17 сәуірі - Sputnik Қазақстан
Әлем
Президент сайлауы кезінде 90-нан астам адам жұмыстан зорығып өлді  
2009 жылы ЖСДП мен Азат партиялары қосылды. Ол осы бірігуге атсалысып, партия басшылығында болған тұлғаның бірі. Дегенмен 2013 жылы партия ішінде іріткі болып, ол лауазымды қызметінен босады.

Ал былтыр мамыр айында "Жаңа Қазақстан форумы" қоғамдық ұйымы құрылды. Оған "Ұлт тағдыры", "Алтынбек Сәрсенбайұлы қоры", "Болашақ" жастар қозғалысы тәрізді бірнеше қоғамдық ұйым енді. Әміржан Қосанов та бүгіндері осы форумның мүшесі. Осылайша оппозициялық ұйымдардан көңілі қалған саясаткер соңғы кездері ұлтшылдар қатарына келіп қосылған.

Қазақстан президенттігіне үміткерлер

Президент сайлауына Қазақстандағы төрт партия өз кандидатын ұсынды. "Nur Otan" партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев, "Ақ жол" партиясынан Дания Еспаева, "Ауыл" партиясынан Төлеутай Рақымбеков, Қазақстан коммунистік халық партиясынан Жамбыл Ахметбеков бағын сынап көрмек.

Бұдан бөлек, ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан экс-депутат, Батыс Қазақстан облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Амангелді Таспихов президенттікке таласады, ал "Ұлы Дала қырандары" республикалық қозғалысы жазушы, журналист Сәдібек Түгелдің кандидатурасын бірінші болып ұсынған еді. 

Жаңалықтар
0