Қоғам

Үнді азаматына тұрмысқа шыққан тараздық келіншек жоғалып кетті

© AFP 2024 / Rob ElliottҮндістан, архив суреті
Үндістан, архив суреті - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ақмарал Әбдіханова өзінен шамамен 20 жас үлкен күйеуімен Алматыда танысқан

АСТАНА, 14 желтоқсан – Sputnik. Тараз тұрғыны Сәулехан Әбдіханова шетел асып кеткен қызын іздеп таппай жүр. Айтуынша, осыдан жеті жыл бұрын Үнді мұхитындағы Маврики аралына Үндістан азаматымен ілесіп кеткен Ақмарал Әбдіхановадан 4 жылдан бері хабар жоқ, деп хабарлайды КТК телеарнасы. 

30 жастағы келіншекті іздеу жұмыстарына еліміздің Сыртқы істер министрлігі араласқанымен, әзірге нәтиже болатын емес. Ал бауыр еті баласын жоғалтқан ана тиісті орындардан оны іздеу ісін күшейтуді сұрап отыр. Себебі, ол перзентін құлдықта ұстап отыруы мүмкін деп есептейді. 

Балықшы қайығы - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Павлодар облысында балықшы жігіт із-түзсіз жоғалып кетті

Өзінен шамамен 20 жас үлкен Сэнди Тайламимен Ақмарал Әбдіханова 21 жасында Алматыда жүріп танысқан. Қазақ қызына көзсіз ғашық болған үнді азаматы өзінің фирмасына сүйіктісін директор етіп тағайындап қояды. Көп ұзамай екеуі шаңырақ көтеруге уағдаласып, қалыңдығын күйеу жігіт ата-анасына таныстыру үшін Үндістанға алып кеткен. Сөйтіп, Ақмарал он күннің ішінде будда дінін қабылдап үлгеріпті.     

"Қызым біртүрлі өзгеріп келді. Үш бөлмелі үйдің бір бөлмесіне кіріп кетіп, жоқ болады. Сосын қарасам былай отыр бұрышта. Алдына суреттерді қойып қойыпты. Үндінің суреттерін. "Келін" киносы бар ғой сондағы қоңырау, кішкентай ыдыстарды қойған. Түтін шығып жатыр. Сұрасам, құдайға табынып отырмын дейді", — дейді қыздың анасы.

Сәулехан Әбдіханова қызын Исламды қайта қабылдауға көндіре алмаған. Кейін ол ешкімге ескертпестен сүйіктісі Сэнди Тайламимен Маврики аралына біржолата көшіп кетеді. Содан бері жақындарымен тек телефонмен байланыста болған. Ал, анасымен соңғы рет 2012 жылы тілдескенде ренжісіп қалыпты. Өйткені ол Үндістан азаматтығын алу үшін туу туралы куәлігін беруді сұраған. 

"Сен қазақтың қызысың, ол жақта қалмайсың, бермеймін деп едім. Ашуланып қоя салды. Содан бері маған мүлдем қоңырау соқпайтын болды. Бірақ үлкен әкпесіне  хабарласып тұрады екен. Суреттерін жіберіп тұрған, екеуі сол жақта үйленген. Той көйлегін киген", — дейді Сәулехан Әбдіханова.

Жат жұртта жүрген Ақмаралдан 4 жылдан бері мүлдем хабар жоқ. Ал осы жылдың наурыз айында Сәулехан мен оның үлкен қызының ұялы телефонына белгісіз нөмірлерден қоңырау шалынған. Бірақ байланыс жөнді болмай, дауыс естілмепті. Ал анасы бұл құлдықтағы қыздың белгі беруі деп есептейді. 

Ерлан Карин - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Ұлттық арнада үнді сериалдары енді көрсетілмейді

"Бізге солай хабар беріп жатыр. Бір ретін табады да хабарласып жатыр. Әртүрлі нөмірлерден хабарласады", — деді анасы.

Зейнеткер бұдан кейін бірден Сыртқы істер министірлігіне арыз жазған. Бірақ дипломаттар бірнеше елшілікке хат жолдағанымен, Ақмаралдың жер шарының қай түкпірінде жүргенін анықтай алмаған. Сөйтіп, істі көші-қон қызметіне тапсырған. Енді хабарсыз кеткен қызды халықаралық қылмыстық полиция іздестірмек.

Бауыр еті баласын жоғалтқан ана қызының үнді азаматына қосылуына рұқсат бергеніне қатты өкінеді. Бірақ болары болып, бояуы сіңген соң тағдырдың жазуына көнбеске амалы жоқ. Оның ендігі арманы – кенже қызы Ақмаралдың амандығын білу. Ал, іздеу жұмыстарының қиындауына қарағанда Ақмарал Әбдіханова азаматтығын ауыстырған немесе аты-жөнін өзгерткен болуы мүмкін.

Жаңалықтар
0