Қоғам

"Құпия емес": сарыағаштық түлек ҰБТ-да 140 ұпайды қалай жинағанын айтты

© Photo : Қасымжан Жұбайдың жеке архивінен алынды Қасымжан Жұбай
Қасымжан Жұбай  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жылдың үздік түлегі ақылы тест кезінде 114 ұпай жинайтын. Бірақ алдына мақсат қойып, ең жоғары көрсеткішке жетті

НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik, Арман Асқар. Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің рейтингісін Сарыағаш ауданының тумасы Қасымжан Жұбай бастап тұр. Ол бірде-бір рет қателеспей, 140 ұпай жинады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген анасы Венера Темірова ұлының тестке қалай дайындалғанын айтып берді. Қасымжанның өзі де тест тапсырудың құпиясымен бөлісті.

Алғашқы сынақ

Қасымжан Әділжанұлы Жұбай тәуелсіздік күні дүниеге келген екен. 2001 жылы 16 желтоқсанда Әділжан мен Венераның тұңғышы туғанда әке-шешесінің қуанышында шек болмапты. Қасымжан бала кезінен өте зерек әрі алғыр болып өскен. Мектепте үздік оқыды. Ол тоғыз жасында тағдырдың алғашқы сынағына тап болған.

"Екінші сыныпта оқығанда әкесі қайтыс болды. Содан қатты есейіп кетті. Алдына нақты мақсат қойды. Бірақ 7-ші сыныпқа дейін сәл тұйықтау болды. Ойын ашық айтпай, тек білім іздеумен ғана жүрді", - дейді Қасымжанның анасы.

Сол кезде Қасымжан Назарбаев зияткерлік мектебінің резервіне де өтті. Одан кейін Сарыағаштың дарынды балалар мектебіне түсті.

"Біз көп ойландық. Себебі екінші балам – Бағлан әлі кішкентай болды. Аралары жеті жас. Мен өзім жалғызбасты ана болғаннан кейін үлкен баламды оқуға жіберу қиын болды. Сөйтіп, екеуіміз ақылдасып, бір шешімге келдік. Мен баламның қай жерде оқыса да, жақсы нәтижеге жететіне сендім, өзіне де айттым. Саған сендім деп, ауылдағы №37 Бейімбет Майлин атындағы орта мектепке алып келдік", - деді Венера Темірова.

Мамандық таңдау

Қасымжанның анасы - тарих пәнінің мұғалімі. Сол мектепте жұмыс істегеннен кейін баласының оқуын үнемі қадағалап жүрген.

"8-сыныптан бастап мен баламды мамандыққа бейімдей бастадым. Қасымжан әскери адам болса екен деген тілек болды. Бірақ ол ойын ашық айтты. "Мама, мен әскери адам болмаймын" деді. Әкесі бірден ауырып, қайтыс болды ғой. Сондықтан болар дәрігер болғысы келетінін айтты. "Сіздің ауырғаныңызды қаламаймын" деді. Сөйтіп, 9-шы сыныптан бастап өзі дәрігер мамандығын таңдады", - деді Темірова.

ҰБТ-ға дайындық

Қасымжан бірден ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуға кіріскен. 9-шы сыныпта қосымша курстарға жазылды. Өз мұғалімдерінен дәріс алды. Сарыағаш ауданы бойынша мықты деген биолог-химик мамандарға барып, тыңғылықты дайындалған. 

"Мен өзім 5-ші сыныптан бастап Қасымжанның сынып жетекшісі болдым. Тарих пәні бойынша ҰБТ-ға өзім дайындадым. Бірақ маған еркелеп, бір-екі сұрақты білмей қала ма деп, тарихтан жеке мұғалім жалдадым. Біз баланы шыңдауға күш салдық деуге болады. Әрине, баланың өзінде де ықылас болуы керек", - дейді анасы.

Тағы оқыңыз: "Бәрі ұялы телефонмен келіпті": күзет қызметі түлектерді тәртіпке шақырды

Қасымжан тесттерді тапсырып, өз көрсеткішін үнемі шыңдауға тырысқан.

"Ол дайындық кезінде интернеттен көп мотивация іздеді. Тестке қалай дайындалу керектігін жан-жақты зерттеді. Алдымен спорт, екіншіден дұрыс тамақтану қажет екенін түсіндім деді. Сосын дәрумендерді жүйелі қабылдады. Әсіресе, кальций мен омега-3 жиі ішіп отырды. Дұрыс тамақтануға ден қойды. Таңғы сағат 5-те тұрады да, 7:30-ға дейін дайындалды. Спорттық жаттығуларын да жасап отырды", - дейді Темірова.

"Өз бөлмесін галереяға айналдырып жіберді"

Үздік түлектің үйде жеке бөлмесі бар. Анасының айтуынша, Қасымжанның химия мен биологиядан қатты ізденіп дайындалғаны сонша, термин сөздерді жеке-жеке жазып, қабырғаға жабыстырып отырған. Сөйтіп, жеке бөлмесін "галереяға" айналдырып жіберді.

"Жақында ол қағаздардың бәрін жинап тастадық. Қасымжан тағы бір әдісті жиі қолданды. Ақпараттың бәрін есте сақтау үшін үнемі дәптерге жазып отырды. Онлайн сабақтарды жиі тыңдады. Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде өзіңді еркін ұстау, дұрыс бағытта ойлау сынды видеоларды қарап дайындалатын", - деді Қасымжанның анасы.

Отбасының қолдауы қатты әсер етті

Бастапқыда Қасымжан ақылы тестілеуден 114 ұпай жинаған екен. Ал наурыз айындағы тесттен 118 балл алды.

"Балам 132-ден жоғары жинауым керек деп үнемі айтып жүрді. Біз де оған мотивация беріп, қолдау жасап отырдық. Менің балам 132-137 ұпай алса деген шын ниетім болды. Інісі Бағлан да, аға, сіз жоғары балл аласыз, себебі соған лайықты адамсыз деп айтып отырды. Құдайдан көбірек сұрай берсеңші деп қояды", - дейді анасы.

© Photo : Қасымжан Жұбайдың жеке архивінен алындыҚасымжан Жұбай отбасымен бірге
Құпия емес: сарыағаштық түлек ҰБТ-да 140 ұпайды қалай жинағанын айтты - Sputnik Қазақстан
Қасымжан Жұбай отбасымен бірге

Венера Темірова ұлының ҰБТ-дан кейін үйге келген сәтін де еске алды. Үздік түлек бірнеше сұраққа қалай жауап бергеніне күдіктеніп, бірден кітап ақтаруға кіріскен екен.

"Қасымжан үйге келді де, мама, мен химиядан сәл қиналдым, Қазақстан тарихынан бір сұрақ бар деді. Келді де, қанша екенін айтпады, бөлмесіне кіріп кетті де, кітап ақтарды. Не болды, шатасып кеттің бе, деп сұрап едім, мама, мен жауаптарымның дұрыс-бұрыстығына көз жеткізейінші деді. Бірақ өзі бірден айтты, мама, 135 ұпай болатыны анық деді. Алайда күдіктеніп отырған жауаптарын айтқан жоқ. Мен 133 болса да, ризамын дедім. Оқуға түсу үшін сол керек. Ал тесттің нәтижесі шығып, 140 ұпай дегенде қуанышымызда шек болмады, сенер-сенбесімізді білмедік", - дейді Темірова.

Алдағы жоспар қандай

"Енді, ауылды жердің балалары, керек десеңіз, ұстаздар да, шынын айтқанда, орысша сөйлеуге қиналамыз ғой. Қасымжан айтады, мама, орысша сөйлеуге қиналамын. Содан қосымша тілдік курстарға қатысамын деп жоспарлап отыр", - дейді Венера Темірова.

Алтын белгі иегері тест тапсырудың құпиясымен бөлісіп, қандай университетті таңдағанын айтып берді.

© Photo : Қасымжан Жұбайдың жеке архивінен алынды Алтын белгі иегері Қасымжан Жұбай
Құпия емес: сарыағаштық түлек ҰБТ-да 140 ұпайды қалай жинағанын айтты - Sputnik Қазақстан
Алтын белгі иегері Қасымжан Жұбай

"Негізі, тест тапсырудың ешқандай құпиясы жоқ. Адам тек өзіне ғана сенуі керек. Бар ынта-ықыласпен кітапты оқып, алдыңа мақсат қоя білсең, көздегеніңе жетуге болады. Басқа ешқандай құпиясы жоқ. Ол кез келген түлектің қолынан келеді деп ойлаймын. Ендігі мақсатым - кәсіби дәрігер болу. Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетіне түсетін ойым бар. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін! Сіздердің балаларыңыз да 140 ұпай алсын!", - деді Қасымжан Әділжанұлы Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Жаңалықтар
0