Экономика

Кәсіпкердің үстінен қандай жағдайда қылмыстық іс қозғалмайды – заң жобасы

© Sputnik / Табылды КадырбековАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.04.2024
Жазылу
Депутаттар жаңа заң жобасы елде кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал етеді деп сенеді
АСТАНА, 24 сәуір – Sputnik. Мәжілісте экономикалық құқықбұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Заң жобасы мен оған ілеспе Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді парламент депутаттары Қаржы мониторингі агенттігінің өкілдерімен бірлесіп әзірлеген.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, заң жобасы экономикалық құқықбұзушылықтарды қылмыссыздандыруды және кәсіпкерлерді салық қылмыстары бойынша қылмыстық жауапқа тарту нормаларының шегін айқындаудың әділ механизмін көздейді.
Депутат Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге өзгеріс енгізілетінін атап өтті. Қылмыстық кодекстің 4 бабы өзгертіледі: екі бабы толығымен қылмыссыздандырылса, қалған екеуі ішінара декриминализацияланады.
"Қылмыстық-процестік кодекстің 179-бабына өзгеріс енгізгелі отырмыз. Яғни қылмыстық іс қозғау үшін негіз болатын сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркеу үшін кәсіпкерлерге қосымша кепілдік береміз", - дейді Абзал Құспан мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, қолданыстағы 179-бапқа сәйкес, кез келген қылмыс туралы ақпарат сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркеліп, соның негізінде уәкілетті орган тергеуді бастап кетеді. Ал тергеу басталса, кәсіпорынның есепшоты бұғатталады, басқа да шектеу шаралары қолданылады. Кейін қылмыс құрамы анықталмаған күннің өзінде кәсіпкер кәдімгідей шығынға батады.
"Тергеу екі айдан бірнеше айға дейін созылады және бұл жерде тергеу органдарының әрекетін заңсыз деп таба алмайсыз. Өйткені ол қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодекс аясында әрекет етіп отыр. Ал қазір біз ұсынып отырған нұсқада іс қозғау үшін бір хабарлама жеткіліксіз. Бұл жерде мемлекетке осындай шығын келтірілді дейтін салық органы сияқты уәкілетті органның актісі қажет. Бірақ кәсіпкер онымен келіспей, сотқа берсе, онда сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркеу тағы да шегеріледі. Егер сот процесі барысында немесе кәсіпкер сол актімен бірден келісіп, келтірілген шығынды толығымен өтесе, онда қылмыстық іс қозғалмайды", - деп түсіндірді мәжілісмен.
Сондай-ақ қолданыстағы бухгалтерлік есеп жүргізу ережелерінің бұзылуы да толығымен қылмыссыздандырылады.
"Бұл Қылмыстық кодексте мүлдем қажеті жоқ норма. Егер кәсіпкер шынымен де бухгалтерлік есеп құжаттарына жалған мәлімет енгізіп, салықтан жалтарса, онда салықтан жалтарғаны үшін бөлек қылмыстық жауапкершілік бар. Ал бухгалтерлік есеп жүргізу деген бұл заң да емес, бұл ереже. Мұның кез келген пункті бұзылды екен деп кәсіпкерді қылмыстық жауапқа тарту – бұл дұрыс емес", - деп санайды Құспан.
Толығымен декриминализацияға ұшырайтын екінші бап – 219-бап.
"Екінші – кредитті заңсыз рәсімдеу. Мұндай жағдайда кәсіпкерді алаяқтық бойынша жауапқа тартуға болады", - дейді ол.
Депутаттар заң жобасы Қазақстанда кәсіпкерлік пен экономиканың дамуына оң ықпал етеді деп есептейді.
Жаңалықтар
0