Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау керек - депутат

© Ертай СарбасовҚоқыста жатқан нан
Қоқыста жатқан нан - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.05.2024
Жазылу
АЛМАТЫ, 3 мамыр – Sputnik. Жамбыл облысы маслихатының депутаты Мейрамбек Дөненбаевтың нан бағасын 500 теңгеге көтеру туралы ұсынысы халықтың наразылығын тудырды. Sputnik Қазақстан тілшісі депутаттан бұл ұсынысының себебін білді, сондай-ақ қазақстандықтардың пікірін тыңдады.
Депутат Мейрамбек Дөненбаевтың айтуынша, бұл бір ғана депутаттың емес, жалпы қазақстандық тауар өндірушілердің жанайқайы.
"Өндірген тауарымызды сата алмаймыз"
"Не өндірсек те, оны сату үлкен проблема болып тұр. Өйткені көрші елден ауыл шаруашылығы өнімдері арзанға келіп жатыр, әсіресе бидай, жүгері, тіпті қант та сол жақтан келеді. Олардың өнімдерін біздің тауармен салыстыруға келмейді. Біріншіден, бидайы суармалы және қара топырақты жерде өседі. Сол себепті екі есе өнімі көп, сәйкесінше екі есе арзан. Екіншіден, арзан болатын себебі астық шаруашылығына субсидия беріледі. Ал бізде техникалық астық өнімдері болмаса, арпа-бидайға субсидия берілмейді", - дейді Жамбыл облысы маслихатының депутаты Мейрамбек Дөненбаев.
Сондай-ақ, айтуынша, кредит пайызы да Қазақстанмен салыстырғанда жер мен көктей.
"Кеңес үкіметі кезінде "Заготконтора" деген болған, соларды қайта ашу керек. Барлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тек өндіріспен айналысу керек, өнімді мемлекет нарық бағасымен сатып алып, ары қарай ұқсату керек", - дейді депутат.
Бидайды шетелге өткізу үшін мемлекеттік биржа керек
Кез келген дәнді-дақыл өсіруге мүмкіндік жоқ, өйткені су тапшылығы бар, дейді депутат.
"Мысалы, 10 мың гектар жерім болса, ол алқапта бидайдан басқа ешнәрсе өспесе, не істеймін? Бізге мемлекет басқа нәрсе егіңдер дейді, оны егу үшін жер суармалы болу керек. Ал бізде су жоқ. Мемлекет тарапынан көмек керек, бірақ бізде бәрі бұлыңғыр. Не істерімізді білмейміз. Мұндай олқы тұстар өте көп. Бізде өнімді қайта өңдеу жұмыстары да осал. Мәселен, бидайды алыс шетелге өткізу үшін мемлекет тарапынан биржалар жұмыс істеуі керек. Біз тек қана өндіруіміз керек қой. Шетелге бидай сатамыз ба, жоқ егеміз бе?", - деп кейіді Мейрамбек Дөненбаев.
Айта кетейік, пияз еккен диқандар да биыл шығынға белшеден батты, өйткені тауарларын сата алмады. Салдарынан қойма толы сары пияз тонналап қоқысқа тасталды.
"Қант өсіріп қарық боламыз деу – артық сөз"
"Қазір қант керек деп қант қызылшасын ектіріп жатыр. Қанттың да осылай болмасына кім кепіл? Алысқа бармай-ақ бір-екі жылда қантқа субсидия бөліп, өңдеу жұмыстарын қолға алмаса, қант қызылшасы да ысырап, ал шаруашылық банкрот болады. Қазір қант зауыттарында өнім өтпей жатыр, өтпегеннен кейін зауыттағылар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен қантты алмайды немесе төменгі бағаға алады. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында мәселе көп. Бұны мемлекеттік деңгейде үлкен масштабта қарау керек", - дейді депутат.
Оның айтуынша, бұл тек астық өндірудегі проблема, мал шаруашылығының мәселесі де шаш етектен.
"Нанның қадірі кеткені рас"
Қазір нанның қадірі де төмендеп кетті, дейді ол.
"Кез келген қоқысқа барсаңыз нан тауып аласыз, әсіресе тойханалар мен мейрамханалардың маңындағы қоқыстарды көріңіздер. Екі зейнеткер көршім бар, 3-4 күнде бір пакет нан әкеледі, иттеріңізге беріңіздерші деп. Өйткені нан қызып, жеуге келмейді. Амалсыз иті бар маған әкеледі. Иті жоқ адам қоқысқа тастамай қайтеді. Соғыс болып жатқан жерлерге сол нанды неге жеткізіп бермейміз, ысырап қылмай. Ал біз нанымызды өткізе алмай жатырмыз. Нанға еш құрмет жоқ, өйткені құны төмен", - дейді Дөненбаев.
© Ертай СарбасовНанға еш құрмет жоқ, өйткені құны төмен, дейді депутат
қоқыстағы нан - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.05.2024
Нанға еш құрмет жоқ, өйткені құны төмен, дейді депутат
Тойханаларда 30 жыл ас мәзірімен айналысып жүрген Әсем Ауғанбава мұндай жағдайды көзбен көріп жүргенін айтты.
"Көп жыл мейрамхана саласында істегендіктен, депутаттың айтқанымен келісемін. Бұл сөздің жаны бар. Халықтың ниетінің бұзылғаны ма, ысырапшыл болып барамыз. Тойханаға тапсырыс берушілердің шектен шығуы және тойхана мамандарының дұрыс есептемеуінен қоқысқа нан тасталып жатады. Егер артық нан, ас қалып жатса, даяшылар тастамау керек, бірақ оны ойлап жатқан ешкім жоқ", - дейді Ауғанбаева.
Айтуынша, той жасап, тойып секіргендерге бола, материалдық жағдайы төмен отбасылардың жағдайын назардан тыс қалдырмау керек.
"Бір бөлке нанға зар боп отырған да отбасылар бар. Көпбалалы болса, әдетте нан шақ келмейді. Егер нан бағасын көтерсе, аштық болып кетпей ме, халықтың наразылығы өршімей ме - бұны да назарда ұстау керек. Нан тек мейрамханаларда ғана емес, мектеп, балабақшаларда да қоқысқа тасталып, ысырап боп жатқанын көзіммен көргенім бар", - дейді мейрамхана әкімшісі.
Алматы облысының тұрғыны Кәусар Байтұрғанның айтуынша, үйде қалған қалдық нанды иттер жемейтін болған.
© Ертай СарбасовНанның қадірі кетті, дейді тұрғындар
қоқыстағы нан - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.05.2024
Нанның қадірі кетті, дейді тұрғындар
"Әдетте үйден қоқым көп шығарылмайды. Қалып қойған тағамның қалдығы, аз-мұз нан болса итке төгеміз. Жемейді. Мен осы құбылысты үнемі байқаймын. Мүмкін нанның құрамына басқа бір зат қосып пісіре ме екен, кім білсін" - дейді ол.
Нан бағасы туралы Алматы тұрғындарының пікірін тыңдап көрдік.
"Мен зейнеткермін, дәріме ақшам жетпей қалады. Ал нанды қымбаттатса, күнім не болады? Қалып қойған нанымды ешқашан қоқысқа тастаған емеспін, көгершіндерге беремін", - дейді Зинаида Петрова.
Тұрғындар қоғамды нанды қадірлеуге барынша насихаттау керек дегенді алға тартты.
Жаңалықтар
0