Экономика

Doing business: Қазақстанда өзіндік бизнес жүргізу рейтингі болады

CC0 / / Бизнесмен
Бизнесмен - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мемлекет басшысы үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндетін жүктеді

АСТАНА, 31 қаң — Sputnik. Елбасы үкіметке бизнес-ортаны түбегейлі жақсартуды және кеңейтуді тапсырды.

"Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету. Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады. Оны орындау үшін қазіргі кезеңде мынадай қадамдар жасалуы қажет", — делінген Қазақстан президентінің халыққа жолдауында.

Елбасы еске сала кеткендей, оның тапсырмасы бойынша Үкімет биылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті.Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады.

"Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек", — деп атап өтілген жолдауда.

Назарбаевтың пікірінше, жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс.

"Жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны – бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болмақ", — дейді мемлекет басшысы.   

Сонымен қатар, Елбасының пайымдауынша, үкімет "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен (ҰКП) бірлесіп, бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұл әсіресе энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы қызмет көрсету құнына қатысты.

"Мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісі мейлінше оңтайландырылуға тиіс. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру керек", — делінген құжатта.

Сондай-ақ, Елбасы атап өткендей, бизнестің қазіргі  қолданыстағы реттеушілік жүктемесі өсімнің жаңа моделін жасау міндетімен үйлеспейді. 

Мемлекет басшысы үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндетін жүктеді.

"Дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу керек.Бұл жұмысты әсіресе өңірлік деңгейде атқару маңызды", — делінген құжатта.

Әкімдерге Үкіметпен бірлесіп, Дүниежүзілік банк рейтингі негізінде өңірлерде бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту жөнінде нақты жоспарлар әзірлеу тапсырылды.

"Елімізде бизнес жүргізуді жеңілдету жөнінен өңірлер мен қалалар рейтингін енгізу қажет. Біз үздіктер үшін арнаулы сыйлық тағайындаймыз. Оны жылына бір рет, Индустрияландыру күнінде табыс етеміз", — деп атап өтті президент.

Жаңалықтар
0