Қоғам

Бірінші байлық – денсаулық: Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесі реформаланады

© Sputnik / Евгения НовоженинаХирург
Хирург - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан президенті барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді заңнамаға енгізуді тапсырды

АСТАНА, 31 қаң — Sputnik. Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесі түбегейлі реформаланады. 

"Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген", — делінген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауында.

Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

"Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестікті дамыту үшін жеке меншіктегі медицина мекемелеріне ММСЖ жүйесі аясында тең жағдай туғызу керек", — делінген жолдауда.

Президент үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырды.

Зейнетақы төлеу - Sputnik Қазақстан
Қоғам
2017 жылы бала туғанда төленетін жәрдемақы мен зейнетақы 20%-ға өседі

Сондай-ақ, мемлекет басшысының пікірінше, заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажет.

Елбасы еске сала кеткендей, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады. Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.

"Осы өсімнің барлығы 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшерін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкіндік береді", — делінген жолдауда.

"Елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық бала туады, бұл – 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлік жоғары. Мұндай жақсы үрдісті алдағы уақытта да сақтау керек. Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсіріледі", — делінген құжатта.

Елбасы айтып өткендей, ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыру керек. "Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін 3 миллион адам үшін өсіруге мүмкіндік береді", — деп атап өтілген жолдауда.

Президент 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-ынан 50%-ға дейін өсіріп, оның жаңа форматын енгізуді тапсырды. "Бұл ретте жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиіс", — делінген құжатта.

Жаңалықтар
0