Қоғам

Бар, коктейлдер, рок-н-ролл: елордалық барменнің құпиясы

© Sputnik / Болат ШайхиновБармен Канат Хасенов
Бармен Канат Хасенов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
6 ақпан Дүниежүзілік бармен күні. Бар үстелшесінің ар жақ бетінде тұрған жан кім? Sputnik Қазақстан тілшісі жұмыс күні "Шабдалы дайкиримен" сусындап қана қоймай, "шарабы мол" мамандықтың қыр-сырымен танысып қайтты

АСТАНА, 6 ақп — Sputnik. Жұма, кеш және ішімдік – демалыс күндері елорданың түнгі сауық-сайраны осы сөздермен сипатталады. Экзотикалық сусындарды сүйіп ішетін талғампаздар мен қызық қуған қыдырмашыларды таң қалдыру күннен-күнге қиындап барады, бірақ әр сауық мекеніне таныс бір жайт бар: "ішімдік бастығының" алтын қолынан келмейтін іс жоқ.

Жарқыраған шыны ыдыстар мен толассыз бөтелкелердің арасында бір жігіт тұр. Стақандарды жоғары-төмен лақтырып, цирк әдістерін көрсеткендей емін-еркін ойнатады. Бүгінгі сұхбат иесі Қанат Хасенов өзін "қарапайым барменмін" деп таныстырғанымен, шын мәнісінде, коктейль өнерінің хас шебері болып шықты, ол 2014 жылы "Қазақстанның үздік бармені" деген атаққа ие болыпты.

© Sputnik / Болат ШайхиновБармен Қанат Хасенов Sputnik Қазақстан агенттігіне сұхбат беруде
Бармен Қанат Хасенов Sputnik Қазақстан агенттігіне сұхбат беруде - Sputnik Қазақстан
Бармен Қанат Хасенов Sputnik Қазақстан агенттігіне сұхбат беруде

- Қанат, бармен-шоуыңыз тамаша! Бұл мамандықты қалай игергеніңізді айтып беріңізші.

— Бұл ойламаған жерден болды! 2002 жыл. Қарағандыда қаржы мамандығын оқып жүрген кезім. Қаражат табу қажет болғасын, "Даяшы керек" деген хабарландыруды оқып, жұмысқа орналастым. Содан кейін бар деген әлеммен таныстым. Бұл ортаға ғашық болдым. Бұл мен үшін алхимия секілді таңғажайып дүниедей көрінді. Бос уақытымда, демалыс күндері бармендердің іс-қимылын тамашалау үшін қалатынмын. Сөйтіп жүріп, барбэк болайын деп сұрандым. Бардағы қара жұмысты атқаратын едім: қоқыс шығарып, барды әзірлейтінмін. Осылайша бір жарым жыл тер төктім.

- Ал, акробаттық трюктерді орындай отырып, коктейль әзірлеуді қалай үйрендіңіз?

— Өз бетіммен үйрендім. Әдіс-тәсілдерді өзімше меңгеруге тырыстым. Кейбір адамдар әртүрлі қимылдарды көрсетті. Бірақ, шынайы кәсіби мектептен өткен жоқпын. Әлі есімде, біреуден бір күнге кітап сұрап алдым. Ол әлгі кітапты Алматыдан әкеліп, кері алып кетпек болған еді.  Сұрап алып, қайта басып шығардым, сол кезде біршама ақша тұратын. Атауы — "Библия бармена", авторы Евсевский. Бес жыл бойы жұмыс үстелімнен кеткен емес. 

- Бәрімізге белгілі, кей кезде келушілер әдептен озып, дөрекі қылық көрсетуі мүмкін. Әсіресе, "қызып алғандар". Мұндай сәтте қайтесіз?

— Айлалы бір әдісім бар – кісінің ойын бөлу. Неше түрлі трюктер көрсетемін, шағын қойылым сияқты. Кейде қонақпен тілдесіп, көңілін аулауға тырысамын. Қысқасы, бармен – адамды сабасына түсіретін жан. Тағы бір қулығымды айтайын. Кейде коктейлдерге атау беремін. Қарапайым Маргарита болса да, жабығып отырған жігітке қызының жүрегіндей мұздаған "Frozen" десем бітті, қонақ жадырап шыға келеді. 

- Кейде жұрттың көңілін аулаудан да жалығатын шығарсыз. Ауысымыңыз қанша уақытқа созылады?

— Кейде 14-16 сағатқа дейін созылып кетеді. Шаршасам да, жұмысым өзіме ұнайды.

- Барда 15 жыл істеу аз мерзім емес. Болашаққа қандай жоспарыңыз бар? Орындалмаған армандарыңыз бар ма?

— Өз ісімді ашқым келеді. Әзірше қаржы және кадр мәселесі шешілмей жатыр. Бірақ қалауым осы. Айтпақшы, ол жерде де бармен өзім боламын. Қуыршақ болып киініп алсам да, барда жүргім келеді!

- Олай болса, сізді кәсіби мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінге жоспар бар ма?

— Әлбетте. Бұл екінші туған күн сияқты ғой. Жақсылап тойлаймыз. 

Жаңалықтар
0