Әлем

"Коммунист емеспін": Байденнің кандидаты Сәуле Омарова мәлімдеме жасады

Сәуле Омарова - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.11.2021
Жазылу
Сенатор-демократ Элизабет Уоррен Омароваға айтылып жатқан сынды "қаралау науқаны" деп атады

НҰР-СҰЛТАН, 19 қараша – Sputnik. АҚШ президенті Джо Байден Қаржы министрлігіндегі басшылық лауазымға ұсынған КСРО тумасы Сәуле Омарова сенатта өткен өмірі үшін ақталып, коммунист емес екенін мәлімдеуге мәжбүр болды, деп хабарлайды РИА Новости.

"Мен коммунист емеспін. Адам өз туған жерін таңдай алмайды", - деп мәлімдеді Омарова.

Дәл сол тыңдауда сенатор-республикашыл Джон Кеннеди Омароваға "Мен сізді "профессор" немесе "жолдас" деп атайын ба, білмей тұрмын" деді. Сондай-ақ ол Омарованың комсомолдан шығып-шықпағанын сұрады.

Ал сенатор Пэт Туми Омарованың академиялық жұмысын "банк индустриясы үшін социалистік манифест" деп атады. Бұған дейін Туми Омаровадан Мәскеу университетіндегі Карл Маркстің көзқарасына арналған дипломының түпнұсқасын талап еткен еді, алайда қолжазба сол күйі оның қолына тимеді.

Тағы бір республикашыл Майк Раундстың сөзінше, Омарова өз көзқарасымен бүкіл индустрияны "шошытты".

Қазіргі Қазақстан жерінде туған Омарованың өзі туысқандары сталиндік режим кезінде қуғын-сүргінге ұшырағанын мәлімдеді. Ол банкирлерге өз жұмысын мұқият оқуға кеңес берді.

Ал сенатор-демократ Элизабет Уоррен Омароваға айтылып жатқан сынды "қаралау науқаны" деп атады.

Омарова беделді Корнелл университетінде профессор болып істейді. Байден әкімшілігі қыркүйекте Омарованы Қаржы министрлігіндегі қызметке ұсынатынын мәлімдегенде, көптеген банктің лоббистері оны сынай бастады. Бұған қоса, интернетте 1995 жылғы полиция есебінің көшірмесі тарады. Құжатта Омарованың сол жылы дүкеннен 214 доллардың тауарын ұрлап, ұсталғаны айтылған.

Оқи отырыңыз: АҚШ-та басшылық лауазымға ұсынылған Сәуле Омарованың қылмыс жасағаны анықталды

Омарова Wall Street Journal газетіне еркін нарықты қолдайтынын, бірақ банктердің тәуекелді операциялардан түскен барлық түсімді өздеріне қалдырғанын қаламайтынын мәлімдеді. Айтуынша, ол америкалық салық төлеушілерді банктерді сақтандырудан қорғағысы келеді.

Омарованың ғылыми мақалаларында солшыл көзқарас байқалады, атап айтқанда ол 2020 жылы банктік депозиттерді Федеральды резервтік жүйеге аударса қалай болады деген ой айтты. Сондай-ақ ол реттеуші қаржы тұрақтылығы үшін қатерлі деп санайтын ірі банктердің көлемін азайтуға шақырды.

Сәуле Омарова 1966 жылы Оралда дүниеге келді. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдады. 1991 жылдан бері АҚШ-та тұрады. 2021 жылдың қыркүйегінде президент Джо Байден оны АҚШ Қаржылық бақылау басқармасының басшысы лауазымына ұсынды.

Жаңалықтар
0