Шри-Ланка сыртқы қарызы бойынша дефолт жариялады

© REUTERS / Dinuka LiyanawatteШри-Ланка
Шри-Ланка - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.04.2022
Жазылу
Шри-Ланка билігі дағдарысқа коронавирус пандемиясы мен Украина төңірегіндегі жағдай себеп болғанын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір – Sputnik. Шри-Ланка билігі Халықаралық валюта қоры қолдайтын экономикалық қайта құру бағдарламасына сәйкес сыртқы қарыз міндеттемелерін қайта құрылымдауды күту аралық кезеңінде сыртқы қарыздар бойынша дефолтқа ұшырағанын мәлімдеді, деп хабарлады елдің қаржы министрлігі.
"1948 жылы тәуелсіздік алған уақыттан бері Шри-Ланка сыртқы қарыз бойынша міндеттемелерді мінсіз орындап келді. Алайда соңғы жағдайлар, атап айтқанда, коронавирус пандемиясы және Украинадағы ахуал Шри-Ланканың қаржы жағдайын құлдыратқаны соншалық, алдағы уақытта мемлекеттік сыртқы қарыз міндеттемелері бойынша қалыпты қызмет көрсету мүмкін болмай жатыр", - деп атап өтті министрлік.
Қаржы министрлігі өткен айдың соңында Халықаралық валюта қоры Шри-Ланка қарызының көлемін "аса тиімсіз" деп сипаттады.
"Сыртқы қарызды реттеу үшін үкімет аса батыл қадамдарға барғанмен, бұл жалпы тиімсіз саясат екені және бұл міндеттемелерді қайта құрылымдау қажет екені анықталды. Осылайша Шри-Ланка үкіметінің саясаты Халықаралық валюта қоры қолдайтын экономикалық қайта құру бағдарламасына сәйкес сыртқы қарыз міндеттемелерін қайта құрылымдауды күту аралық кезеңінде барлық сыртқы қарыз бойынша қалыпты қызмет көрсетуді тоқтатуды қарастырады", - деп жазылған мәлімдемеде.
2022 жылдың 12 сәуіріндегі жағай бойынша барлық өтелмеген қарыз бойынша дефолт жарияланғаны белгілі болды.
"Осы күннен кейін қабылданған барлық кредит желісі мен кредит желісі аясында төленген кез келген сома бұл саясаттың қамту аясына жатпайды және қалыпты режимде қызмет көрсетуді қажет етеді", - делінген мәлімдемеде.
IANS басылымы азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі тауар тапшылығына байланысты Шри-Ланканың кейбір тұрғындары Үндістанға қарай қоныс аударып жатқанын жазды.
Басылым ақпараты бойынша, жексенбіде Үндістанға тағы 19 босқын келген. Шри-Ланкадан келген экономикалық босқын саны қазір 39-ға жетті. Олардың айтуынша, Үндістанға қайықпен жету үшін шриланкалықтар аралдағы мүлкін сатып жіберген. Жергілікті билік босқындарды Тамил Наду лагеріне орналастырып, Шри-Ланкадан тағы көп босқын келеді деп күтіп отыр.
Шри-Ланка қазір 1948 жылы тәуелсіздік алғаннан бері ең ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Дағдарысқа коронавирус пандемиясы салдарынан туристер санының қысқаруынан туындаған валюта тапшылығы себеп болып отыр. Соның салдарынан мемлекет жеткілікті мөлшерде жанармай сатып ала алмай жатыр. Өйткені пандемия шетел валютасының негізгі көзі болып табылатын аралдың туризм секторына қатты әсер етті және шетелде жұмыс істейтін шриланкалықтардың ақша аударымдары қысқарды. Елде азық-түлік пен бірінші қажеттілік тауарлары, жанар-жағармай мен газ тапшылығы қатты білініп отыр. Жанармай импорттау үшін шетел валютасының жоқтығынан Шри-Ланканың көп аумағында электр жарығы 13 сағатқа дейін өшіріліп жатыр.
Жаңалықтар
0