"ҚазМұнайГаз" акцияларынан қанша пайда түседі - маңызды 10 сұрақтың жауабы

© Sputnik / Владислав ВодневАО НК "КазМунайГаз" — казахская национальная нефтяная компани
АО НК КазМунайГаз — казахская национальная нефтяная компани - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.11.2022
Жазылу
АСТАНА, 27 қараша - Sputnik. Келесі аптада "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының акцияларын сату бойынша өтініш қабылдау аяқталады. Еліміздегі "қара алтынды" барлау, өндіру, өңдеу мен тасымалдау саласындағы басты оператор биржаға 3,5 миллион акциясын шығарды. Әрбіреуінің бағасы – 8 406 теңге.
Sputnik Қазақстан ұлттық компанияның акцияларына қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабын ұсынады.

"ҚазМұнайГаздың" акцияларының саудасы қашан аяқталады

9 қарашада өтінімдерді қабылдау басталған болатын. Осы айдың соңында - 30 қарашада сағат 18:00-де институционалдық инвесторлар, яғни, заңды тұлғалардан өтінім қабылдау аяқталады. Ал жеке тұлғалардың өтінімдері 2 желтоқсан Астана уақыты бойынша сағат 15:00-ге дейін жалғасады.

Акцияларды қалай сатып алуға болады

Бағалы қағаздарды сатып алудың бірнеше жолы бар: Олар:
брокерлік компания (тәртібі мына сілтемеде);
Homebank (сатып алу тәртібі мына сілтемеде);
Tabys қосымшасы (барлық ақпарат мына сілтемеде);
Қазпошта бөлімшесі (акцияны сатып алу тәртібі мына сілтемеде).

Өтінім жіберілгеннен кейін акциялар қалай таратылады

Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін арнайы комиссия кімге және қанша акция берілетінін анықтайды. Тәртіп бойынша сатуға шығарылатын акциялар алдымен жеке тұлғалар арасында таратылады. Одан кейін ғана ірі заңды тұлғаларға сатылады.

Сатып алынатын акциялардың көлеміне шектеу бар ма

Жоқ, акциялардың санына шектеу қойылмайды. Бір акцияны да сатып алуға болады. Бірақ одан көп пайда түспейді. Бірақ акцияларды бөлу кезінде басымдық бөлшек инвесторларға, яғни, қарапайым халыққа берілетіндіктен, жеке тұлғалардың өтінімдері барынша қанағаттандырылады.

Акциядан қанша табыс табуға болады

Акциямен табыс табудың екі жолы бар. Біріншіден, жыл сайын дивиденд түседі. Екіншіден, акциялардың құны өскеннен кейін оны сатып, пайда табуға болады.

Дивиденд тұрақты түрде түсіп тұра ма

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, акцияларға дивидендтер төлеу бірқатар факторларға байланысты. Атап айтқанда, компанияның жұмыс нәтижелері, акционерлер жиналысының дивидендтер төлеу туралы шешімі және тағысын тағы. Сондықтан дивидендтер жыл сайын төленбеуі мүмкін. Ал төленетін дивидендтердің көлемі мен мерзімі компанияның дивидендтік саясатына да байланысты.
"Қазіргі дивидендтік саясаты таза ақша ағынының 30%, 40% немесе 50% борыштық жүктемесіне байланысты дивидендтердің ең төменгі мөлшерін айқындаудың белгіленген тәртібін, сондай-ақ мұнайдың қолайлы бағасы жағдайында таяудағы үш жылға кемінде 200-250 милиард теңге мөлшерінде дивидендтердің ең төмен белгіленген мөлшерін көздейді. Компанияның дивидендтік саясатымен ҚМГ корпоративтік веб-сайтында танысуға болады", - делінген сайтта.

Компания басшысы не дейді

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, дивиденттер жыл сайын төленеді. "Жыл соңына дейін акциялар әрбір инвестордың қалтасына түседі. Ал дивидендтер жыл сайын төленеді, әрбір жылдың қорытындысы бірінші тоқсанның соңына дейін, яғни 31 наурызға дейін шығарылады, содан кейін төлем жасалады", - деді Мырзағалиев Астанада өткен брифингте.

Банктердің болжамы қандай

Halyk Finance болжамына сәйкес, "ҚазМұнайГаздың" акциялары 32 проценте өседі. Осылайша, 8 406 теңгеге сатып алынған бір акцияның құны 11 058 теңгеге дейін көтеріледі. Сарапшылардың ойынша, мұнай мен мұнай өнімдеріне деген сұраныс түспейді. Соның арқасында ҚазМұнайГаздың табысы азаймайды.

Тәуекелдер бар ма

"ҚазМұнайГаз" компаниясы негізгі тәуекелдерді де жариялады. Олар:
шикі мұнай бағасының өзгеруі;
өндірістегі кез келген үзілістер;
тасымалдау жүйелерінің болмауы;
мұнай-газ секторындағы нормативтік актілердің өзгеруі,
экологиялық тәуекелдер.
Осының барлығы компанияның қаржылық көрсеткіштері айтарлықтай әсер етеді. Тәуекел факторларының толық тізбесі 2022 жылы 9 қарашада KASE, AIX биржаларында, "ҚазМұнайГаз" және "Самұрық-Қазына" қорының веб-сайттарында жарияланған.

"ҚазМұнайГаздың" қарызы көп пе

30 маусымдағы жағдай бойынша, яғни 2022 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша компанияның жалпы қарызы 8 млрд 366 миллион долларды құрайды. 2014 жылы компанияның қарызы, шамамен, 19 миллиард доллар болған.
Айта кетері, қазіргі кезде алаяқтар арнайы сайттар, қосымшалар мен әлеуметтік желідегі парақшаларды ашып, халықты "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына ақша салуға үндеп жүр. Сондықтан барынша сақ болу керек. Барлық ақпаратты компанияның ресми сайтынан алған дұрыс.
Жаңалықтар
0