"Қымбат диваннан қандала шықты": дезинфекторлар үйдегі қауіпті жәндіктер туралы айтты

© AFP 2024 / STAN HONDAҚандала, архивтегі фото
Қандала, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.04.2023
Жазылу
АСТАНА, 13 сәуір – Sputnik. Астанада көршілер чаттарында қандала мәселесі жиі көтеріліп тұрады. Тіпті "қандала қаптаған үйлер" де бар. Одан ешкім пәтер алғысы келмейді, "квартиранттар" да бармайды. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген дезинфектор мамандар елордадағы үйлерге кіретін қауіпті құрт-құмырсқалар туралы айтып, "қандала басқан жиһазды лақтыру керек пе?" деген сұраққа жауап берді.

Дезинсекцияны екі рет жасаған дұрыс

Бүгінде әлемде тарақанның мыңдаған түрі бар. Бірақ басым бөлігі адам өміріне қауіпті емес. Дегенмен ондай жәндіктер ауру таратуы мүмкін. "Столичная дезинфекция" ЖШС сапаны бақылау маманы Амангелді Ешмұхаметовтың айтуынша, үйге кіретін тарақандардың көбісі "қоңыр тарақан" түріне жатады. Қандала мен бүргенің түрі де көп. Олар қансорғыштар санатына кіреді. Ондай жәндіктер шақса, сан алуан аллергиялық реакциялар болуы мүмкін.
"Тарақан болсын, қансорғыш болсын, олардың таралуына үйдегі ылғалдылық пен жылы температура өте қолайлы жағдай жасайды. Одан кейін, әрине, тазалықтың болмауы құрт-құмырсқаның көбеюіне себеп болады. Әсіресе тарақанға тазалықтың сақталмағаны керек. Ал қандала мен бүрге үй жануарларымен немесе кеміргіштермен келуі мүмкін", - дейді Ешмұхаметов.
Құрт-құмырсқаға қарсы дезинсекцияны екі рет жасаған дұрыс. Себебі олар жұмыртқасын қалдыруы мүмкін. Ал химикаттар жұмыртқадан шықпаған жәндіктерді өлтіре алмайды.
"Барлық препарат жұмыртқа салатын жәндіктерге әсер етеді. Ал жұмыртқада жатқандарға еш әсері жоқ. Сондықтан дезинсекцияны кем дегенде екі рет істеу керек. Араға уақыт салынады. Сол кезде жұмыртқадағы жәндіктер шығады. Екінші рет жасағанда оларды да өлтіруге мүмкіндік бар. Дезинсекцияның арасы шамамен 10-15 күн болуы керек", - деп атап өтті маман.
Ал құрт-құмырсқаның ұялары көп болса, дезинсекция екі рет емес, бірнеше рет жасалады.

Тарақан тез тарайды

Бір үйден тарақан шықса, көрші пәтерлерге де тез тарап кетеді. Олар құбырмен көтеріледі де, жаңа ұя салады.
Дезинфектор Гүлжан Төлебаеваның айтуынша, тарақан көбінесе ас үйде жүреді. Қол жетпейтін жерлерге: плита, жиһаз бен тұсқағаздың артына тығылуға тырысады.
"Мысалы, бір пәтердің иесі тарақанның ошағын таба алмай, дал болды. Содан ас үй гарнитурының артындағы плитканы ашып қарасақ, тесік бар екен, іші араның ұясы сияқты, толған тарақан", - дейді Төлебаева.
Бұдан бөлек, киімді жейтін күйе көбелектер де қауіпті. Ал ұсақ құмырсқалар кіріп кетсе, бірнеше илеуін салып, көбейе береді. Сондықтан дезинсекцияны уақытында шақырған дұрыс.
Сосын ваннада ылғалдылық жоғары болғанда "чешуйница" деп аталатын ұсақ жәндіктер шығады. Оларды дүкендегі препараттармен жоюға болады. Ал есекқұрт пайда болса, кәсіби мамандарды шақыру керек.

Үйге қандала кірсе, диванды лақтырған дұрыс па

Дезинсекциялық шаралар дұрыс жасалса, дивандағы жәндіктердің көзін жоюға болады.
"Бірақ көп нәрсе үй иесінің моральдық-эмоциялық жағдайына байланысты болады. Жата алмаймын десе, лақтыра салады. Негізі дезинсекция дұрыс жасалса, қандаланың көзі жойылады. Сонда диванды да, төсек орынды да қалдыруға болады", - дейді Ешмұхаметов.
Ал дезинфектор Гүлжан Төлебаеваның айтуынша, үйінен қандала шыққан адамдардың барлығы дерлік жатқан жиһазын лақтыруға тырысады. Ал кейбір дивандар салоннан қандаламен бірге келеді.
"Бір жолы пәтерге дезинсекция жасадым. Ол жерде өте қымбат диван болды. Үй иесі жақында ғана сатып алғанын айтты. Сөйтсе, диван жиһаз салонынан қандаламен бірге келген. Оны шығарып тастады. Ал сол үйдің сантехниктері диванды өз үйіне алып кетті. Қандала солардың пәтерінен де шықты. Оған тағы барып, дезинсекция жасадым. Астанада төсек қандаласы көп қой. Әрине, жиһаз бен төсек орынды лақтыра салған дұрыс", - дейді Төлебаева.
Маманның сөзіне қарағанда, кейбір кәсіпкерлер қолданыста болған жиһазды сатып алады да, сыртқы матасын ауыстырып сатады. Ондайда қандаланың таралу қаупі жоғары.

Дезинсекция жасалған үйге қанша уақыттан кейін кіруге болады

Химикатты сепкеннен кейін 10-12 сағаттай үйге кіруге болмайды. Мамандар бір тәулікке дейін кірмеуге кеңес беріп жатады. Мұндайда біреулер пәтер жалдаса, енді біреулер туыстарына барады.
Мамандардың айтуынша, қандала шыққан үйдің тұрғындары қауіпті жәндіктердің таратушысы болуы мүмкін. Киімнің үстінде және сөмкенің ішінде құрт-құмырсқаның өзі немесе жұмыртқасы қалып қойса, барған үйге де дезинсекция жасауға тура келеді.
Дезинсекция кезінде құпиялылық сақталады. Мамандар басқаларға көрінбей келуге тырысады. Бірақ дезинфекторлар арнайы киіммен келгеннен кейін көршілер көріп қалуы мүмкін. Содан сұрақ туындайды. Оған қоса, химикаттардың иісі шығады. Сондықтан қауіпті жәндіктерді үйге келтірмей, жеке гигиена талаптарын қатаң сақтау қажет.
Жаңалықтар
0