Ажалдан аман қалған алматылықтар: "Көзімді ашсам, көліктің астында жатырмын"

© SputnikАлматы, архивтегі фото
Алматы, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.04.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 27 сәуір – Sputnik. Алматыда мотоцикл апаты азаймай тұр. Бұл мәселе екі доңғалақты көлікті жалға беретіндерді де алаңдатып отыр. Мотоцикл жүргіземіз деп зардап шеккендермен Sputnik Қазақстан тілшісі сұхбаттасып қайтты.
Шағын мотоцикл жүргізіп, нәпақасын тапқысы келгендердің бірі – Елтай Орманов.
"Үш ай тағам тасушы болып мотоцикл жүргіздім. Негізі өте қауіпті. Әйтеуір тапсырысты уақытылы жеткізіп берейін деп жанталасып асығасың. Ағылған көліктердің арасында біресе біреудің көлігін сырып кетесің, біресе көлікке соғылмайын деп құлайсың. Өзім осы үш айда күреп ақша тапқан кезім жоқ. Керісінше сынған мопедімді жөндеумен болдым. Үйге арасында шай-тұз әкелген шығармын, бірақ үйіп-төгіп олжаға кенелмедім", - дейді Елтай Орманов.
Елтайдың айтуынша, жеткізіп беруші болып жастар ғана емес, егде кісілер де жұмыс істейді.
"60 жастағы бір аға жеткізіп беруші болып істейді, бірақ ол кісі бізге қарағанда мотоциклді ұқыпты асықпай жүргізетін. Күніне 10 мың теңге табамын дейтін. Жазда әсіресе жастар өте көп жүреді, өйткені оқу бітеді, ақша тапқысы келеді. Мотоциклде жүру қауіпті ғана емес, денсаулыққа да зиян. Өйткені қанша жылы киінсең де денеңнен суық өтіп кетеді. Шынымды айтсам, тапқан ақшама емделумен болдым. Қайтіп мопедке отырмаймын деп шештім", - дейді ол.
Ал Дамир Айтқожанов мотоциклмен жол апатына түскен.
"Өзім мотоцикл жүргізіп көрген емеспін. Бір жолы досымның мотоцикліне мінгесіп бір жерге бара қалдық. Қайтып келе жатқанымызда алдымыздан бір көлік жанар-жағар май бекетіне бұрыла қалды. Біз сол көлікке барып соғылдық. Мен бірнеше метрге, тура көлік ағылып жатқан үлкен трассаға домалап ұшып кеттім. Көзімді ашып қарасам, көлік доңғалағының астында жатырмын. Ал досым басқа жаққа ұшып кетіпті, есінен танып қалыпты. Содан бері мотоцикл тұрмақ жалпы көліктен қорқамын", - дейді Дамир Айтқожанов.
Дамирдің көрер жарығы бар, өйткені жігіт күре жолға ұшып түскенде құйындатып келе жатқан көлік тежегішін басып үлгерген. Нәтижесінде Дамир Айтқожанов аман қалған. Ал досы бірнеше жерден ауыр жарақат алған.
Ержан Жұматаев есімді азамат екі баласына екі мотоцикл әперген. Айтуынша, балалары ақша табамыз деп екі жақтап көндірген.
"700 мың теңгеге кредитке екі мотоцикл әпердім. Расын айтайын әпергеніме әлі өкінемін. Олар шығып кетсе болды уайымдап, жанымды шүберекке түйіп отырамын. Екі мотоциклді де быт-шыт соқты, оны арзан бағаға сатуға тура келді, ал кредитін әлі төлеп жүрмін. Ал тапқан ақшасына келсек, мен алған кредиттің бір шетін де жаппады", - дейді Ержан Жұматаев.
Алматыда не көп, мотоциклді жалға беретіндер көп. Бірақ олар да сан соғып қалатындарын айтады.
"Жалға беруші ретінде айтарым, мынау қытай жерінен әкеліп жатқан мопедтердің техникалық құжатында жылдамдығы максимум 50 км/сағат деп көрсетіледі. Оларға заң бойынша жүргізуші құжаты керек емес. Негізі қытайдан әкелінетін мотоциклдердің жылдамдығы сағатына 125 км. Мұны полиция да жақсы біледі. Бірақ заңды түрде талап ете алмайды, өйткені ондай заң жоқ. Жастар сағатына 50 шақырым жылдамдықпен жүрмейді, басып айдайды. Не жалға алған мопедті қиратып әкеледі, ол аздай өміріне қауіп төнеді. Өйткені біздің мопедтерді ылғи қиратып әкеледі", - дейді мопедтерді жалға беруші Айдын Жарылғапов.
Мотоциклдерді тіркеу туралы заңды қолданысқа кіргізсе, нұр үстіне нұр болар еді дейді жалға берушілер.
"Мопедтердің нөмірі болу керек, сонымен қатар оны жүргізетін адамда көлік жүргізуге рұқсат құжаты болу керек. Не нөмірі, не құжаты жоқ мотоцикл жүргізушілер жолдағы сергектен де қорықпайды. Мотоциклдерді де көліктер сияқты заңдастыру керек. 18 жасқа дейінгі адамға мопед жүргізуге рұқсат бермеу керек. Тағы бір бұйымтайымыз мотоциклдерге арнайы жолақ болса жақсы болар еді", - дейді Айдын Жарылғапов.
Бір ғана Алматы қаласының өзінде екі айда 82 мотоцикл апаты болыпты.
"Небәрі екі айда мотоциклдің салдарынан болған 82 жол апатында 85 адам зардап шекті. Абырой болғанда қайтыс болғандар жоқ. Өкінішке орай осы 82 жол апатында мотоцикл жүргізген 9 кәмелетке толмаған бала анықталды", - деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Былтыр мотоцикл апатынан Алматының өзінде 7 адам қайтыс болған.
Жаңалықтар
0