Қазақстанда отандық әскери техника қалай жасалады

© Владислав Воднев"Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" зауыты
Қазақстан Парамаунт Инжиниринг зауыты - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.05.2023
Жазылу
АСТАНА, 4 мамыр – Sputnik. Астананың өндірістік аймағында сегіз жылдан бері отандық әскери техниканы шығаратын зауыт істейді. Бүгінде ол жерде "Арлан", "Алан", "Номад" пен "Барыс" сияқты брондалған машиналар өндіріледі. Оған қажетті құрал-жабдықтар да жасалады. Дегенмен кейбір бөлшектер шетелден сатып алынады. Sputnik Қазақстан тілшісі "Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" зауытында болып, отандық әскери техниканы қалай жасалатынын көріп қайтты.

Барлығы конструкторлық бюродан басталады

Зауытта шығарылатын әскери техниканың жобасын отандық мамандар жасайды. Ол үшін өндіріс ошағында конструкторлық бюро бар. Зауыттың коммуникациялар жөніндегі директоры Найзабек Олжабайұлының айтуынша, конструкторлардың басым бөлігі – Алматы мен Қарағанда политехникалық университетінің түлектері. "Болашақпен" оқып келген мамандар да жұмыс істейді.
"Мысалы, көлік құрастыру сияқты өндіріс ошақтарында конструкторлық бюро жоқ. Бізде ондай бюро бар. Мамандар кез келген техникалық тапсырманы орындап қана қоймай, оны ары қарай жетілдіріп отырады. Жобаға өзгеріс енгізеді, ал жанында отырған әріптестері бәрін автоматты түрде көріп отырады. Бұл жерде бұрандамаға дейін ұсақ-тиек заттардың жобасы жасалады. Сосын төменгі цехке жіберіледі", - дейді Олжабайұлы.
© Владислав Воднев"Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" зауыты
Қазақстан Парамаунт Инжиниринг зауыты - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.05.2023
"Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" зауыты
Зауыттың төменгі қабатында әскери техниканы жинаудың толық тізбегін көруге болады. Алдымен қоймаға қажетті шикізат түседі. Оны Швециядан сатып алады. Мамандардың айтуынша, брондалған техниканы қаптауға арналған құрышты өзімізден алуға болатын еді. Бірақ ондай материал жоқ. Ал швециялық құрыштың бір артықшылығы, оны майыстырғанда сапасы өзгермейді.
"Бізде шығарылатын техниканың төменгі жағы "V" әрпі сияқты майыстырылады. Ондайда материалдың сапасы өзгермеуі керек. Себебі мина жарылғанда дәл сол төменгі жағына тиеді, сосын жойқын күші "V"-мен екі жаққа шашырап кетеді. Ал машинаның ішінде адам отырады. Оның өмірін сақтап қалуымыз керек. Мәселен, кеңестер кезіндегі БТР-лар есіңізде болса, сарбаздар үстінде отыратын. Себебі мина жарылған жағдайда ішінде отырған адамның аман қалуы екіталай. Ал бізде шығарылған техника адам өмірін сақтайды. Оған кепілдік береміз", - дейді Олжабайұлы.
Оның сөзіне қарағанда, "Арлан" сияқты брондалған техниканың асты 8 келіге дейінгі тротилге төтеп бере алады.

Құрышты су кеседі

Дәл солай. Брондалған техникаға арналған құрышты сумен кеседі. Зауытта арнайы аппарат бар. Сол жерде құрышты гидроабразивті әдіспен кеседі. Ондайда кәдімгідей суды қатты қысыммен жібереді, ішіне құм да қосады. Түтіктен шыққан судың жылдамдығын секундына 1 200 метрге дейін жеткізуге болады. Ал арасына құм қосса, кез келген материалды, тіпті, брондалған техникаға арналған құрышты оп-оңай кесуге болады. Бұл аппарат қалыңдығы 300 миллиметрлік болатты да екіге бөле алады. Кесілген құрышты тағы бір аппаратта майыстырады.
© Владислав Воднев"Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" зауыты
Қазақстан Парамаунт Инжиниринг зауыты - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.05.2023
"Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" зауыты
Зауытта лазерлік цех та бар. Бірақ ол жерде жұқа металдан сан алуан ұсақ-тиектер жасалады. Қаңқаны дәнекерлеушілер жинайды. Олар арнайы дайындықтан өтті. Себебі әскери техниканы дәнекерлеудің өзіндік әдіс-тәсілдері бар.
"Брондалған әскери техниканың бөлшектерін дәнекерлеудің арнайы технологиясы бар. Біздің мамандар "Paramount Group" компаниясының арнайы куәліктерін алды. Қазіргі кезде бәрін қолмен жасайды. Ал тігістерді арнайы аппаратпен тартып тексереді. Болашақта дәнекерлеудің автоматтандырылған технологиясын енгізуді жоспарлап отырмыз", - дейді цех басшысы Теміржан Оразалинов.

Панельдегі барлық жазу – қазақша

Дәнекерлеу цехынан шыққан әскери техниканың қаңқасын бірден боямайды. Алдымен арнайы капсулаға кіргізеді. Сол жерде ұсақ бытырамен жан-жақтан атқылайды. Сонда қаңқаның беті тегістеледі, ал бояғаннан кейін тот баспайды. Бояу Еуропадан сатып алынады.
Әскери техниканың кабинасындағы басқару панелі де толығымен зауытта жиналады. Инженер мамандар әрбір сымды қаптап, барлық өлшеу-бақылау аспаптарын құрастырып шығарады.
© Владислав Воднев"Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" зауыты
Қазақстан Парамаунт Инжиниринг зауыты - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.05.2023
"Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" зауыты
"Біз кабельдерді қолмен өріп қаптаймыз. Панельді де өзіміз жасаймыз. Сосын сымдары жалғап, дайын басқару корпусын шығарамыз. Айта кетер тағы бір жәйт, панельдегі барлық жазу – қазақша. Басқару панеліне енгізілетін бағдарламалық жүйе де толығымен өзімізде әзірленеді", - деп атап көрсетті инженер-конструктор Асхат Әлиев.
Электронды панельдер мен трансмиссия орнатылғаннан кейін доңғалақтар бұралады. Оның да өзіндік ерекшелігі бар. Оқ тисе де, тағы 50 шақырым жүруге болады. Оқ өтпейтін шыны да орнатылады. Ең соңында қозғалтқыш салынады. Осылайша, "Арлан" брондалған машинасы дайын болып шығады.
© Владислав Воднев"Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" зауыты
Қазақстан Парамаунт Инжиниринг зауыты - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.05.2023
"Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" зауыты
Мамандардың айтуынша, бүгінде доңғалақтар, қозғалтқыш пен шыны шетелден сатып алынады. Қалғаны зауыттың өзінде жасалады.
"Қазақтар қозғалтқышты шығарса, өзімізден сатып алуға дайынбыз. Доңғалақтар мен шыны да солай, біздің жобамызға сай келетін өнім табылса, өзімізден алған тиімді ғой", - дейді Найзабек Олжабайұлы
Бүгінде "Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" зауыты жылына 300-ге жуық брондалған техниканы шығара алады. Бірақ қорғаныс министрлігі көп тапсырыс бермейді, ондай техниканы, көбінесе, шетелден сатып алады. Соның салдарынан зауыт барлық күш-қуатын көрсете алмай отыр.
Жаңалықтар
0