Астанада ашынған аналар наразылыққа шықты

© Видеодан скриншотАстанада мүгедек балалардың аналары наразылыққа шықты
Астанада мүгедек балалардың аналары наразылыққа шықты - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.05.2023
Жазылу
АСТАНА, 19 мамыр – Sputnik. Астанада мүгедек балалардың аналары наразылыққа шығып, президентпен кездесуді талап етті. Себебі олардың мәселесі төрт жылдан бері шешілмеген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әйелдер алдымен Министрліктер үйінің Достық көшесіне шығатын аркасында жиналды. Бірақ ары қарай тәртіп сақшылары өткізбеді. Одан кейін аналар президент әкімшілігінің өтініштерді қабылдау кабинетіне барып, бір-бірден өз арызын қалдырды.
"Бақытты шаңырақ" қорының жетекшісі Ботагөз Сұлтанованың айтуынша, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналардың мәселесі төрт жылдан бері көтеріліп келеді. Осы уақыттың ішінде жұмыс топтарында балаларды оңалту, баспана және тағы басқа проблемалар қаралды. Оған сенат спикері Мәулен Әшімбаев кірген. Жақында аналар президент аппаратының жетекшісімен де кездесті. Алайда ешқандай нәтиже жоқ.
"Біз мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған адамдар мен мүгедектер үшін бөлек баспана кезегін сұрап отырмыз. Ол үйді тегін жекешелендіруге беру керек. Сосын балаларды оңалту шаралары қолжетімді болуы керек. Мәселен, қазір аутизмге шалдыққан балалар үшін оңалту шараларын мүлдем алып тастады. Бір қызығы, бірдеңе берсе, басқа диагнозы бар балалардан алып қояды. Қазір "ДЦП" диагнозы қойылған балаларды шипажайға жіберуді де тоқтатты. Өздігімен жүре алмайды дейді. Ата-аналары бар ғой, бірге жүреді", - дейді Сұлтанова.
Наразылыққа шыққан аналар өз баласының мектепте барлық оқушымен бірдей білім алғанын қалайды. Ал мектепте мүгедек балаларға көмектесетін маман жоқ.
Бұдан бөлек, мүгедек балаларға берілетін құрал-жабдықтар сын көтермейді. Барлығы сапасыз, тез сынады.
"Содан бәрін өз ақшамызға алуға тура келеді. Арнайы ұлтарағы бар жазғы киімнің өзі 60 мың теңге тұрады. Инватакси да бөлек әңгіме, ешкімді күтпейді, қоңырау шалсаң, бос көлік жоқ дейді. Артынан такси шақырамыз, оған да ақша кетеді", - дейді аналар.
Бүгін 70-ке жуық ана 18 талап қойып, арызын президент әкімшілігіне қалдырды. Ол жерге әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов келді. Бірақ журналистерге мүгедек балалардың мәселесі төрт жылдан бері не себепті шешілмей жатқанын түсіндіре алмады. Министрлік мамандары аналарды қоғамдық қабылдауға шақырды.
Жаңалықтар
0