Дерекқор

Сұлтан Бейбарыс туралы қызықты деректер

© Photo : PR-служба "Фонда развития и поддержки балета и национального танца" "Сұлтан Бейбарыс" балеті
 Сұлтан Бейбарыс балеті - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.05.2023
Жазылу
Биыл атақты қолбасшы, қарапайым құлдан мемлекет билеушісіне дейін көтерілген Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толып отыр. Ол ислам әлемін кірескерлердің шабуылынан және моңғол шапқыншылығынан құтқарды. Заң саласында бұрын-соңды болмаған өзгеріс енгізді. Ал оның әскери жаңалықтарын Еуропа мемлекеттері пайдаланды. Sputnik Қазақстан сұлтан Бейбарыстың өміріне қатысты қызықты деректерді ұсынады.

Бейбарыс құлдыққа қалай сатылды

Сұлтан Бейбарыс (араб тіліндегі толық аты-жөні - әл-Мәлік әз-Заһир Рукн-әд-дин Бейбарыс I әл-Бұндуқтари әс-Салих) 1223 жылы Дешті Қыпшақ даласында дүниеге келген. Тарихи деректерге сәйкес, Бейбарыс қыпшақ тайпасының Беріш руынан шыққан, туған жері – қазіргі Атырау облысы.
ХІІІ ғасырдың 40-шы жылдарында моңғол әскері Дешті-Қыпшақ мемлекетіне шабуыл жасап, болашақ сұлтанды тұтқынға алып кетеді. Ол кезде құл саудасы өркендеп тұрған. Әлемде көшпенділерден артық шабандоз болмады. Жас қыпшақтар құлдыққа сатылып, әскери дайындығын жақсарту үшін Ніл өзенінің ортасындағы аралға жіберіліп отырған.
Мысыр билеушілері мемлекетті қорғау үшін жергілікті халықты емес, көшпелі түркі жасақтарын қолданған. Түркі және кавказ текті тұтқындар ислам дінін қабылдап, сарай әскерінде қызмет еткен мысырлық әскердің негізгі қаймағы болды. Арабтар оларды "мәмлүк" деп атаған.
Ташкенттегі Төле бидің кесенесі - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.05.2023
Дерекқор
Төле би туралы қызықты деректер
Дамаскінің базарында Бейбарысты алдымен бір саудагер 800 дирхемге құлдыққа сатып алмақшы болады. Бірақ көзінен кемістік тауып, одан бас тартады. Осыдан кейін оны әмір Айдакин Бұндуқдари сатып алады да дәстүр бойынша жаңа мәмлүк "Бейбарыс әл-Бұндуқдари" деп аталды. Артынан Бейбарыс сұлтан дәрежесіне жеткеннен кейін бұрынғы қожайыны әл-Бұндуқдари Дамаскінің билеушісі етіп қояды.
Бейбарыстың екінші қожайыны - Айюби әулетінің сұлтаны Салих Наджм ад-Дин. Ол жас жігіттің әскери қабілетін байқап, өзіне тартып алады. Жеке гвардиясының бір бөліміне сардар етіп қояды. Сөйтіп, Бейбарыс енді жаңа әміршісінің атымен өзіне "әл-Салихи" деген есімді қабылдайды.
Бейбарыстың өзі сұлтан болғаннан кейін балалық шағы мен құлдық кезеңі туралы мәліметтерді тарихта қалдырғысы келмеген. Сарай жазушысы Абд аз-Захир өз еңбегінде кейбір маңызды мәселелерді айналып өткен. Сол себепті бүгінде сұлтанның балалық шағы мен туып өскен ортасы туралы мәліметтер өте аз.

Жас батырдың жетістіктері

Бейбарыс өзін мықты сарбаз әрі қабілетті стратег ретінде көрсете білді. Соның нәтижесінде Мысыр сұлтанының жеке гвардиясының қолбасшысы болып тағайындалды. Ал кірескерлер жорығы кезінде алғашқы әскери табысына қол жеткізді. 1250 жылы Бейбарыс Франция королі Луи IX-дың әскерін талқандап, корольді тұтқынға алды. Осы шайқастан кейін мәмлүктердің күші мен беделі өсті.
Салих сұлтан қайтыс болғаннан кейін тақа оның ұлы Тұран шах отырады. Мұрагері Айбек екеуінің мәмлүктерге деген сенімі азаяды. Олардан құтылуға тырысады. Бейбарыс басшылығымен сарай төңкерісі жасалады. Мемлекет билеушісі Тұран шах қастандық жасалады. Жаңа сұлтан Му’иаз әд-Дин Айбек таққа отырған бойда қастандыққа қатысушыларды өлім жазасына бұйырды. Бейбарыс біраз уақыт бой тасалап, Сирияға кетуге мәжбүр болады. Мәмлүктер Айбекті өлтіргеннен кейін Бейбарыс Каирге қайта оралды.
Юрточный городок в Кыргызстане - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.02.2022
Дерекқор
Қазақтың үш жүзі туралы қызық деректер
Таққа жаңадан отырған сұлтан Музаффар Сайф әд-Дин Құтыз Бейбарысқа Бағдатты алғаннан кейін моңғолдарға қарсы жорыққа басшылық етуді тапсырады.
1260 жылы Айн-Жалут маңында өткен шешуші шайқаста Бейбарыс 2 мыңдық әскерімен 20 мың моңғол сарбазына қарсы тұрды. Моңғол әскерін Хулагу ханның қолбасшысы – Кетбұға басқарды. Қарсыластың саны едәуір басым екенін ескеріп, қыпшақтар атты әскерге қарсы зеңбіректерді қолданған. Моңғолдардың жылқылары шошынып, артқа қаша бастады. Мамлүктер оларды қуа жөнелді.

Бейбарыс таққа қалай отырды

Айн-Жалут маңында болған шайқастан кейін Бейбарыстың беделі күшейе түсті. Құтыз неге екені белгісіз, сұлтан-әмірлерге мол сый-сияпат жасайды. Ал батырды елеусіз қалдырады. Осындай әділетсіздікке көне алмаған Бейбарыс басқа әмірлермен астыртын сөз байласып, Каирге қайтар жолда Құтыз сұлтанды өлтіреді. Әмірлер Бейбарысты Мысырдың сұлтаны деп жариялайды.
1260 жылдың соңында Бейбарыс салтанатты түрде Каирге кіреді. Бейбарыстың ресми аты-жөніне "Рукн ад-Дин" (аудармасы - "Діннің тірегі") титулы қоса берілді. Бұл атақ Бейбарысқа крестшілерге қарсы табысты соғыстары үшін берілді.
Билік басына келісімен бар күш-жігерін крест жорығына қарсы шабуылға жұмсайды. Негізгі шабуыл 1265 жылы басталады. Содан крест тағушы франктердің қамалдарын бірінен соң бірін жаулап алады. Одан кейін Кіші армения патшалығына (1267 ж.) Кіші Азия селжұқтарына қарсы жорықтар жасап, берберлерді бағындырады.
Бейбарыс өмір бойы қыпшақ тілінде сөйлеген, ал араб тілдес халықтармен тілмәш арқылы түсініскен.

Мәмлүк мемлекеті мықты елге айналды

Билік тізгінін мықтап қолға алған Бейбарыс әрбір қалада тұрақты әскер ұстады. Мемлекеттегі тәртіпті нығайтты, Сарай маңында орын алатын өзара қырқысуларды түпкілікті тоқтатты. Оның тұсында мәмлүк мемлекеті көркейе түсті. Мәмлүктерге әлемнің түкпір-түкпірінен көпестер ағылып келе бастады. Барлық өзендерге көпір және әрбір қалаға бір мешіттен салынды.
Сұлтан Мысыр мен Дамаскіде көптеген медреселер салуға көп күш жұмсайды, каналдар мен бөгеттерді жөндетеді. Каир қаласында ол салдырған мешіттердің бірі қазір де "Бейбарыс мешіті" деп аталады. "Заһири медресесінің" ғимараты да жақсы сақталған. Әл-Азһар мешітін қалпына келтіріп, шартараптан шәкірттер ағылатын іргелі оқу ордасына айналдырды. Медреселерде мол кітап қоры бар кітапханалар да жұмыс істеді.
Мысырдан өзге Мәдинадағы Пайғамбардың мешітіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шамдағы Ибраһим пайғамбардың мешіті жаңартылды. Иерусалимдегі әл-Ақса, Қуббат Сахра мешіттері жөнделді. Түрлі мәселелер мен дау-дамайларды шешетін әділет үйі құрылды. Заң саласында бұрын-соңды болмаған өзгеріс енгізді. Сүннит жолын ұстанатын төрт мәзһаб қазыларынан төрт қазы тағайындады.
Жәңгір хан туралы тарихи сериалдың түсірілімі басталды - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.06.2021
Қоғам
Жәңгір хан туралы тарихи сериалдың түсірілімі басталды
Бейбарыс билік еткен кезде елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы ілгері дамыды. Сұлтан өзінің қарапайымдылығымен және діндарлығымен елге танымал болған. Кедей-кепшіктерге әрдайым көңіл бөліп, көмектесіп, жетімдерді желеп-жебеп жүрді.
Бейбарыс ислам діні мен мұсылмандардың белсенді қорғаушысы болды. 1260 жылы Каирде салтанатты жағдайда саяси биліктен ада, тек рухани мекеме ретінде аббас халифаты қайта қалпына келтіріледі. Бағдаттан қашып келген аббас әулетінің бір мұрагерін халиф тағына отырғызылды.
Бейбарыс өз билігі кезінде қорған салып, қару-жарақты көбейтіп, кемелер жасатады. Мәмлүк әскерінде "мидфа" деп аталатын темір зеңбіректер, ататын доптар, оқ-дәрімен атылатын зымырандары болды. Артынан бұл артиллерия Еуропада пайда болып, 1314 жылы испан королі Фердинанд осы жаңалықты Гибралтарды қоршағанда пайдаланды.

Алтын Ордамен қарым-қатынас

1270 жылы Еуропадан сегізінші крест жорығы ұйымдастырылды. Бейбарыс ол жорықтың бетін қайтарғанмен қоймай, бұрын олар жаулап алған аймақтарды қайта босатты. 1265 жылы Сафадты, 1268 жылы Антиохияны, 1271 жылы Хисын Әл-Аккрадты, ал 1267 жылы Армян Киликиясын жау қолынан азат етті.
Крест жорықтары мен селжүктердің ықпалын әлсіреткен соң, Иран мен Ирак жерінде үстемдік құрған ильхандар мемлекетін билеуші Шыңғысханның ұрпағы Хулагу әулетіне қарсы күресті. Осы мақсатпен Алтын Орда ханы Беркеге елші жібереді. Содан бастап Мысыр мен Алтын Орда арасында тұрақты дипломатиялық қатынас орнап, екі ел арасындағы одақтастық қашан Алтын Орда ыдырағанға дейін сақталады. Бұл байланыстың осыншалық ұзақ уақытқа ұласып, берік сақталуының негізінде Бейбарыс сұлтанның бір кезде тағдырдың қатал кесімімен қол үзіп қалған туған жеріне, ата бабасының еліне жақындауды мақсат тұтқан арман тілегі жатқан еді.
Мысыр сұлтаны Алтын Ордадан келген қоныс аударушыларға үлкен қолдау көрсетті. Бейбарыс оларға Каир қамалы Баб әл-Лүк қақпасына жақын бағалы жерден жер телімдерін берді.

Сұлтанды өлтірген кім?

1277 жылы уәзір Қалауын Бейбарысты улап өлтірді. Әйгілі сұлтан Дамаск қаласында жерленді.
Бейбарыс қайтыс болған соң орнына ұлы Насыраддин отырды. Алайда Бейбарыстың балалары билікті ұзақ уақыт ұстап тұра алмады. Билікке жетуге тырысқан мәмлүк әміршілері оның ұлдарын өлтіріп, ақырында қыпшақтан шыққан келесі әмірші Сейфуддин Қалауын билікке келді.
Бүгінде Сирия астанасы Дамаскіде Бейбарыс Сұлтан кесенесі бар. Қазақстан оны қалпына келтіру жұмыстарына үнемі атсалысып келеді.
Бейбарыс сұлтанның кіндік қаны тамған жері – Жайық өзенінің атырауында алып ескерткіш орнатылды.
Үш бидің ескерткіші - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.05.2023
Дерекқор
Қаз дауысты Қазыбек би туралы не білеміз
Жаңалықтар
0