Қазақстан мен Корея арасындағы сауда көлемі 6 млрд доллардан асты – Тоқаев

© Sputnik / Болат ШайхиновАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.06.2023
Жазылу
АСТАНА, 1 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Корея сыртқы істер министрі Пак Чжинді қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пак Чжин екіжақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Корея арасындағы сауда, инвестиция және технология салаларындағы өзара қарым-қатынастардың, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
"Өздеріңізге мәлім, Корея біз үшін Азиядағы негізгі серіктестердің бірі ретінде өте маңызды. Екіжақты ынтымақтастық бағытындағы барлық жетістікті жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар екіжақты сауда көлемі 6 миллиард доллардан асқанына өте қуаныштымын. Дегенмен бізде мол мүмкіндік бар. Оны болашақта пайдалану қажет", – деді мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан мен Кореяның негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары ортақ екенін атап өтті.
"Халықаралық аренада да, екіжақты форматта да бізді жақындата түсетін көптеген ортақ істеріміз бар деп сенемін", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы KIA автомобиль өндірісін, Hyundai зауытының жұмысын, ферроқорытпа және болат өндірісін, "Ақылды ферма" жобасын және басқа да бастамаларды мысалға келтірді. Сонымен қатар президент елдеріміз арасында екіжақты қарым-қатынастың берік институттық желісі қалыптасқанына назар аударды.
Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-корей үкіметаралық комиссиясы мен Іскерлік кеңес осы байланыстарға дәнекер болып отыр. Бұл ретте мемлекет басшысы аталған құрылымдардың әлеуетін толық пайдалануға шақырды.
Ал Оңтүстік Корея дипломаты Қасым-Жомарт Тоқаевқа ел президенті Юн Сок Ёльдің сәлемін жеткізді және Қазақстанмен екіжақты және аймақтық негіздегі серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.
"Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды және заң нормалары мен демократиялық құндылықтарды нығайту жөніндегі Сіздің жеке күш-жігеріңізді қолдаймыз. 1992 жылы дипломатиялық қатынас орнағаннан бері екіжақты серіктестігіміз дәйекті дамып келеді. Әсіресе 2009 жылы стратегиялық серіктестік туралы шартқа қол қойылғаннан кейін қарқынды дами түсті. Осыған байланысты қарым-қатынасымызды нығайту үшін одан әрі ілгерілеуді жалғастырамыз", – деді Пак Чжин.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Корея тек дәстүрлі салада ғана емес, цифрлық технологиялар, денсаулық сақтау, энергетика және қоршаған ортаны қорғау секілді жаңа салаларда да тығыз серіктестікті дамытып жатыр.
Кездесу барысында жаһандық және аймақтық күн тәртібіне, халықаралық құрылымдар аясындағы өзара қарым-қатынасқа қатысты өзекті мәселелер қарастырылды.
Оңтүстік Кореяның туы - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.04.2023
Корея қазақстандықтарды квотамен кіргізеді – министрлік
Жаңалықтар
0