Қоғам

23 маусым – Қазақстан полициясы күні

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.06.2023
Жазылу
Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 31 жыл толып отыр
Жыл сайын 23 маусымда елімізде Қазақстан полициясы күні аталып өтеді. Бұл дата кәсіби мереке болғандықтан, қазақстандықтар демалмайды. Толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
1992 жылы 23 маусымда елдің Жоғарғы кеңесі "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы" заң қабылдады. Бұл Тәуелсіз Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болды.
Ал 2007 жылы 5 маусымда сол кездегі президенттің жарлығымен 23 маусым ресми түрде Полиция күні деп бекітілді. Осылайша биыл ел халқы Қазақстан полициясының 31 жылдығын атап өтеді.
Заңның орындалуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау – жауапкершілігі мол жұмыс. 23 маусым күні тәртіп сақшыларына құрмет көрсетіліп, табысты жұмысымен көзге түскендер марапатталады. Мемлекет басшысы саланың үздік қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырады.
Қазақстан полициясы күні – жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болған ардагерлерге және осы қатарда еңбек етіп жүрген полицейлерге алғыс білдіру күні. Сондай-ақ бұл күн бейбіт заманда халқымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні саналады.
Полиция қызметі – жауапкершілігі мол әрі адам өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қауіпті мамандық. Тәуелсіздік жылдары елімізде қызмет бабында 815 қызметкер қаза тапқан, 4,5 мыңнан астамы жарақат алған.
Сол себепті мемлекет тәртіп сақшыларын қолдауға әрдайым ерекше көңіл бөледі. Соңғы жылдары полицейлердің жалақысы бірнеше рет өсті. Сондай-ақ баспананы жалға алу құнына өтемақы төлеу тетігі енгізілді. Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын қызметтерге 30 пайыз үстемақы белгілеу құқығы берілді. Президенттің тапсырмасымен 2022 жылғы 1 қазаннан бастап жедел-іздестіру қызметі қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілді.
Бұдан бөлек, Қазақстан полициясында ауқымды реформалар басталды, біртіндеп сервистік модельге көшіп жатыр. Полицейлердің жұмысы ашық болуы үшін ішкі істер саласын толығымен цифрландыру жұмысы қарқын алды.
Тәртіп сақшыларының жұмыс формасы да өзгерді. Жаңа форма барынша ыңғайлы, оны дайындау барысында əртүрлі климаттық жағдай ескерілген. Учаскелік полиция инспекторлары үшін жаңа киімнің жеке желісі әзірленді. Енді халық оларды бірден тани алады. Жазғы, маусымдық және қысқы киім үлгілерінің бәрінде "POLISIA" жарық шағылыстырғыш жазуы бар. Сондай-ақ полиция қызметкерлері кроссовка киеді. Ал металл бұйымдар – жетондар, эмблемалар, жұлдыздар тоқыма бұйымдарына ауыстырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның ұстанымын өзгертіп, жұмыстың жаңа үлгісіне көшуді басты міндет ретінде атаған болатын. Оның пікірінше, халқымыздың бейбіт өмір сүріп, өз елінің болашағына сеніммен қарауы полицейлердің адал қызметіне байланысты.
 Алматыдағы тәртіпсіздік, архивтегі фото  - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.03.2022
Қаңтар оқиғасы
"Бізді осылай тәрбиеледің ғой": полицейдің анасы ұлының соңғы сөзін еске алды
Жаңалықтар
0