Семейдегі "Жас Ұланда" баласын оқытқан ата-ана: кезінде шындықты айта алмадым

© Sputnik / Табылды КадырбековИллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.06.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 15 маусым – Sputnik. Семейдегі Шоқан Уәлиханов атындағы "Жас Ұлан" арнайы ерлер мектеп-лицей-интернатынан шу шықты. Білім ордасында балаларын оқытқан ата-аналармен Sputnik Қазақстан тілшісі тілдесті.
"Жас Ұлан" лицейінде оқитындар бір-біріне әлімжеттік жасайды" деген ақпарат қоғамдық қордың бірінің әлеуметтік парақшасында жарияланды.
Осы лицейде баласы оқып шыққан Сәуле Қалқаеваың айтуынша, бұл ақпараттың еш өтірігі жоқ, мұндай "дәстүр" білім ордасында бұрыннан бар.
"Менің ұлым 2020 жылы бұл лицейді бітіріп кетті. Сол оқып жүрген кезінде бір күні бір ата-ана маған хабарласып, "қалай тып-тыныш отырсыз, біздің балаларымызды лицейде ұрып-соғады екен" деді. Құстай ұшып лицейге келдім. Барсам расымен жоғарғы сыныптың оқушылары ылғи "дедовщина" жүргізеді екен. Өйткені балалардың денесі көгеріп қалған. Оны бір ата-ана көріп қалып, сұрай бастағанда бәрі белгілі болған", - дейді Сәуле Қалқаева.
Ата-ананың айтуынша, лицей қабырғасында оқып жүргендердің қылығы балалыққа жатпайды.
"Мен сол кезде жиналысқа келіп едім, бір емес, бірнеше баладан жауап алынып жатыр екен. Жоғарғы сыныптың оқушылары бір баланың қолына циркуль тығып алған, мысалы спорттық бір талапты орындамаса үстіне қыстық әскери киімін кигізіп қойып, тоқтаусыз отырғызып тұрғыза береді. Балалардың қара терінен тіпті кабинет буланып кетеді екен. Ал лицейдің басшылығы "бұндайды бірінші рет көрдік" деп түк білмегендей шыға келеді. Негізі бұл жерде мұндай бассыздық жылдар бойы "дәстүр" болып қалған", - дейді жәбірленген баланың анасы.
Сәуле Қалқаева осы бір келеңсіздіктің түбегейлі жойылғанын қалайды.
"Әлеуметтік желідегі жазбаны оқып, бар шындықты айтамын деп шештім. Өйткені кезінде біз шулай бастағанда лицейдің басшылығы біздің таныстарымыз арқылы шығып, бізді тоқтатты. Мысалы маған жақын туысым хабарласып, "шулатпай-ақ қой, лицей директоры сенімен жеке сөйлескісі келеді" деді. Біріншіден туысымның көңілін қимадым, екіншіден басқа ата-аналарға да солай шығып, лицей басшылығы тоқтатыпты", - дейді Сәуле Қалқаева.
Сәуленің айтуынша, баласы лицейге қабылданбас бұрын денсаулығы өте жақсы болған.
"Лицейге түсер кезде баламның денсаулығында еш кінарат болмаған. Оқып бітіргенде тексерсек, көз жанары нашарлап, аяғында майтабан пайда болған, денсаулығында көптеген ақау болды. Егер бұл білім ордасы Қорғаныс министрлігіне қараса, мүмкін тәртіп болар ма еді, ал білім басқармасына қарағандықтан заңбұзушылық өте көп. Баласын "Жас Ұланға" беремін деп жанталасатын ата-ана көп. Керек емес, балаларыңызды аман сақтаңыздар дегім келеді. Өйткені бұл жердегі "дедовщина" ешқашан тоқтамайды. Өйткені біз лицейдегі жағдайдың барлығын беске білеміз", - дейді Сәуле Қалқаева.
"Жас Ұлан" арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты" КММ басшысы, штаб төрағасы Құрмаш Оқасов тексеріс жүріп жатыр дейді.
"Көшпелі комиссия құрылды. Қазір жағдайдың бәрі тексеріліп жатыр. Бұдан артық ештеңе айта алмаймын", - дейді штаб бастығы.
Айта кетері, дәл осы лицей-интернатта былтыр қазан айында офицер тәрбиеленушілерді белбеумен ұрған, бейнежазба әлеуметтік желіде тарады.
"Қызметтік тергеу барысында бұл фактілер расталды және кінәлі адамдарға қатысты тәртіптік жаза қолданылды: 111-взводтың тәрбиеленушісі 2023 жылдың 6 ақпанында оқудан шығарылды, офицер 2023 жылдың 8 ақпанында қызметінен босатылды. Ұландар арасындағы қарым-қатынас, жанжалды жағдайлар мен педагогтердің іс-әрекеті Семей қаласының "Жас Ұлан" лицейі мен білім басқармасы басшылығының тұрақты бақылауында", - деп сол кезде лицейге жауапты облысық білім басқармасы мәлімдеме жасады.
Алайда білім басқармасының тұрақты бақылауындағы лицейден арада жыл өтпей тағы да шу шықты.
Жаңалықтар
0