Қордайда таяқ жеген малшының інісі мен әкім орынбасары мән-жайды баяндады

© Sputnik / Абзал КалиевДәрітамызғыш
Дәрітамызғыш - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.07.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 12 шілде – Sputnik. Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімі орынбасарының бауырлары малшыны жабылып ұрғаны туралы ақпарат тараған болатын. Жәбір көрген малшы Қанат Ақыповтың туыстары мен аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев Sputnik Қазақстан тілшісіне мән-жайды баяндап, сұхбат берді.
Қанат Ақыпов мал шаруашылығымен айналысады. Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаевтың бауырының малын баққан. Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, үш жыл малын бағып, екі жылдың еңбекақысын алыпты.
"Соңғы бір жылдың еңбекақысын Жұлдызбек Бақаев төлемеген. Ол шамамен 1 млн теңге мен бір жылқы. Сол қарызын бір жылдан астам уақыт сұрап, ағам ала алмаған. Дәл сол соққыға жығатын күні Бақаевтардың отбасы ағамды үйіне шақырып алған", - дейді малшы Қанат Ақыповтың інісі Асқар.
Малшы азамат сол жерде қарызын қайтаруды сұрайды.
"Ағам ақшадан қиналып кеткенін айтып, Жұлдызбек Бақаевтан қарызын қайтаруды сұрайды. Сол жерде ерегес басталады. Жұлдызбек, Салауат, Сайын, Жазылбек – ағайынды Бақаевтар ағама жабылып кеткен. Жұлдызбек балдағымен ұрған. Жұлдызбек Бақаев балдақпен жүретін мүгедек жан. Сөйтіп бауырымды ұрып, қан-жоса етіп жібере салған. Тіпті жедел жәрдем де шақырмаған", - дейді жәбірленушінің інісі.
Таяқ жеген малшыны Қаракемер ауылының тұрғыны Қордайға апарады.
"Ауыл тұрғыны көлігінің іші түгел қан болып кеткен, қан тоқтамаған. Қордайлық полиция бұл істі қозғағысы да келмеді. Біз әділдік іздеп, табандап қоймадық. Қазіргі күні ағамның миы шайқалған, бір көзі дұрыс көрмейді. Қордайда көз маманы окулист еңбек демалысына кетіп, біз бауырымызды Алматыға алып келдік. Қазір тексертіп жатырмыз", - дейді Асқар.
Жәбірленушінің отбасы істің дұрыс тергеліп жатпағанын айтады. Олар әкім орынбасарының отбасы тиісті жазадан құтылып кете ме деп күдіктенеді.
Ал әкім орынбасары Жұлдызбек Бақаев оқиғаның мүлдем басқаша сипат алғанын айтты.
"Сол күні Сайын деген ағамның үйінде қонақта болдық. Сол жерге Қанат Ақыпов та келді. Ол кісіні ешкім арнайы шақырған жоқ. Күнделікті кіріп-шығып араласып жүрген үйі болған соң кірген шығар. Қанат бізді сыртқа шақырды. Көше жақтағы сәкіде бәріміз отырдық. Қанат маған тиісіп бастады. "Малым жоғалды, машина бермей қойдың" деген сияқты әңгімелер көп айтылды. Қызметтік көлігімді 2020 жылы сұрапты, мен оны бермей қойыппын. Соған өкпесі бар екен. Ол менің есімде жоқ. Сөйтіп боқтай бастады. Қой десек қоймайды. Полиция шақырамын дедім, сонда да кетпеді. Қанат мас болғандықтан ба айтқанға көнбеді. Ауыр сөздер айтып, балағаттаумен болды. Сол жерде ағам Жазылбек Бақаев шыдамай Қанат Ақыповты бір екі рет соғып жіберді", - дейді Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев.
Әкім орынбасарының айтуынша, малшы Қанат Ақыпов пен малын бақтырған Сайын Бақаев 20 жылдан бері тонның ішкі бауындай араласқан жандар.
"Екеуі ағайынды адамдар сияқты 20 жылдан бері араласады. Қанат пен Сайын туыс сияқты. Бірінің баласына бірі кіндік әке, құда-жекжат адамдар. Сол күні "аяусыз тепкіледі" деген сөздің бәрі жалған. Рас, екі рет жұдырықпен салып қалды. Ары қарай өздері татуласып, екі жаққа кеткен. Ал Қанат Ақыповқа былай шыққан соң кім екенін білмеймін, біреу тағы ішкізген. Мүмкін сол жерде төбелескен болар. Мен балдақпен жүретін адаммын, балдағымен ұрды деп маған да, бауырларыма да жөнсіз жала жауып отыр", - дейді аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев.
Қанат Ақыповтың Бақаевтардың үйінен шыққан соң ішімдік ішкенін малшының отбасы да растап отыр.
"Ыбышев Асылбек деген кісі арақ ішкізген. Өйткені біздің бауырымыз Қанат стресін басқан. Денесі ауырып тұрған. Онда тұрған не бар?", - дейді малшының отбасы.
Әкім орынбасарының айтуынша, мұндай дау шығады деп тіпті де ойламаған. Өйткені оқиға ағайынды болып араласып жүргендердің арасындағы шекісу сияқты ғана болған.
Қазіргі күні аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев жұмысында жүр. Жәбірленуші тарап бұған да наразы. Ал Қордай ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Нұрболат Сатымқұл тергеу бітпейінше ешкімді қызметінен кетіруге заңды негіз жоқ екенін айтады.
Қазіргі күні екі тарап бір-біріне арыз жазып отыр. Малшы Қанат Ақыповқа сот-медициналық сараптама жасалған. Полиция тергеу жүргізіп жатыр.
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.07.2023
Қордай ауданында әкім орынбасарының туыстары малшыны соққыға жықты
Жаңалықтар
0