Тұрғын үйді жалға алу кезінде алданып қалмау үшін не істеу керек

© Sputnik / Антон Денисов / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.08.2023
Жазылу
Жалға алушылар мен сатып алушылар пәтер құжаттарын сұрап қана қояды, жеке куәлікті сұрамайды. Бұл үлкен қателік
АЛМАТЫ, 17 тамыз – Sputnik. Алматыда риелторлар қауымдастығының өкілдері тұрғын үйді жалға алу кезінде алаяқтарға алданып қалмау үшін тұрғын үйдің ғана емес, меншік иесінің де құжаттарымен мұқият танысу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ең алдымен, сіз жылжымайтын мүлікпен танысып, қандай да бір келіссөздер жүргізген кезде, бұл депозит немесе жалдау шарты болсын, сіз кіммен келіссөз жүргізіп жатқаныңызды білуіңіз керек. Кез келген келісімшарт, мейлі ол депозит болсын, мейлі жалдау шарты болсын, ол меншік иесінің өзімен жасалуы керек", - дейді Қазақстанның өзін-өзі реттейтін риелторлар қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко.
Оның айтуынша, жалға алушылар мен сатып алушылар пәтер құжаттарын сұрап қана қояды, жеке куәлікті сұрамайды. Бұл үлкен қателік.
"Пәтер құжаттарын тексеру сол пәтер иесінің жеке куәлігінен басталатынын түсіну маңызды. Көп адам бұл жайтты ескермейді. Екіншіден, кез келген келісім жазбаша түрде болуы керек. Сіз келіскен жағдайды нақты талқылауыңыз керек. Егер құжатқа екі тарап қол қойса, онда оның толық заңды күші болады. Нотариалды куәландырылған келісімшарттың ғана негізі болуы мүмкін деп ойлау қате түсінік", - деп атап өтті ол.
Лукьяненко көпшілік қаражатты үнемдеу мақсатында делдал көмегіне жүгінгісі келмей, бірақ нәтижесінде "сұр" риелторларға тап болатынын атап өтті.
"Риелтордың қызметінен ақша үнемдегісі келетін жалға алушылардың үлкен қателігі, олар төмен бағадағы хабарландыруға сеніп, пәтер иесіне тікелей шығып, ақпараттық қызмет көрсететін компаниямен шарт жасай отырып, 10, 15 немесе 20 мың теңге алдын ала төлемін қалдырып кетеді. Шарт бойынша оларға пәтер жалға беретін иелерінің нөмірлерін беру уәде етіледі. Сондықтан риелторлық қызмет көрсету шарттарын мұқият оқып шығу қажет", - деп түсіндірді ол.
Аталған жағдайда сіз тек пәтер иелерінің телефон нөмірлерін сатып алдыңыз, пәтердің өзін емес, және де жалдау шартын жасамадыңыз. Бұл ақшаны қайтару мүмкін емес, өйткені компания сізбен ақпараттық қызмет көрсету туралы ғана шарт жасасады.
Ал Қазақстанның өзін-өзі реттейтін риелторлар қауымдастығының мүшесі Орынбасар Сатаев қауымдастық сайтында сенімді риелторлар мен компанияларды табуға болатынын айтты.
"Алаяқтық жағдайында, егер жалға алушы қауымдастыққа мүше компаниялардың құрбаны болса біз ішкі қызметтік тексеру жүргізіміз. Бар жағдайды, екі тарапты да талдап, тексереміз. Бұл уақытқа дейін бізде ондай жағдайлар тіркелген жоқ. Жалпы, қауымдастыққа мүше болудың өз шарттары және де барлық серіктес компания жұмыс барысында қолданатын өз кодексіміз бар. Басқа жағдайда, алаяқтық құрбаны сотқа жүгінуі керек", - дейді Сатаев.
Оның айтуынша, Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларда алаяқтарға тап болмас үшін қауымдастықтың сайтына кіріп, тексерілген компаниялар мен агенттіктердің тізімімен танысуға болады.
Сондай-ақ, ол алаяқтар үйді жалға алуға деген сұраныстың төмен, тіпті тапшылық жағдайында да айласын іске асыратынын ескертті.
"Хабарландыру сайттарында аудандар бойынша төмен және жоғары бағадағы пәтерлерді табуға болады. Кей хабарландырулар бағаны ең төменгі бағадан 25-30% төмен көрсетеді, демек оған барлығы хабарласып, тез жалға алуды ойлайды. Алаяқтардың мақсаты - жалға алушыны асықтыру, өйткені төмен бағаны көріп, көбі жылжымайтын мүлікті иемденуге асығады, ал алаяқтар өзгенің ақшасын тезірек иемденеді", - деп түйіндеді спикер.
Осылайша, көп жағдайда алаяқтар келісім-шартсыз біреудің меншігіндегі пәтерді жалға өткізеді.
Жаңалықтар
0