"Қазақстан" шахтасында журналиске шабуыл жасалды: ақпарат министрлігінің ұстанымы қандай

© PhotoДиана Сапарқызы
Диана Сапарқызы  - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.08.2023
Жазылу
АСТАНА, 24 тамыз – Sputnik. "Қазақстан" шахтасында журналист қызға шабуыл жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осы жағдайды бақылауға алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
18 тамызда ҚазТАГ тілшісі Диана Сапарқызы "Қазақстан" шахтасынының кеңсесіне барып, қаза тапқан кеншілердің туыстарын түсіріп алмақ болған. Журналисті кеңседен шығарып жіберуге бұйрық берілді. Сол кезде бес ер адам журналист қызды қолынан ұстап алып, ғимараттан шығарып тастаған. Барлық затын лақтырып жіберген. Сапарқызы бәрін өзінің ұялы телефонына түсіре бастағанда, біреуі оның қолын қайырып, екіншісі телефонын алып қойған. Ішінде болған видеоларды да жойып жіберген. Бірақ журналист бәрін қалпына келтіріп үлгерді. Сот-медициналық сараптамадан да өтті. Полицияға арыз жазды.
Бүгін ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осы жағдайды бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.
"Қарағандыдағы "ҚазТАГ" тілшісі Диана Сапарқызына қатысты жағдайдан ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабардар. Министрлік журналистің қызметіне кедергі келтіру әрекетін құптамайды. Елімізде сөз еркіндігіне шектеу қойылмайды және министрлік бұндай оқиғаларды назарда ұстайды", - делінген ресми хабарламада.
Ал Қарағанды облыстық полиция депаратменті таратқан ақпаратқа сәйкес, Диана Сапарқызының арызы тіркелді. Қазіргі кезде қажетті сараптамалар тағайындалды. Соның нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады.
Облыстық прокуратура да журналиске шабуыл жасау ісін бақылауға алды.
Жаңалықтар
0