Дерекқор

Әлеуметтік пәтерлер жаңа әдіспен үлестіріледі

© Sputnik / Абзал КалиевИллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.09.2023
Жазылу
Қазақстанда "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы және оның аясында берілген барлық ипотека тоқтатылды
Бұдан былай Отбасы банкі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша жұмыс істейді. Әлеуметтік пәтерлер де жаңа әдіспен үлестіріледі. Sputnik Қазақстан тұжырымдаманың негізгі шараттарын ұсынады.

2 проценттік ипотека кімге беріледі

Жаңа тұжырымдама бойынша жеңілдетілген ипотеканың екі түрі – 2 проценттік ("Бақытты отбасы" бағдарламасы) және 5 проценттік кредит бар. Екеуінің ортақ шарты – алғашқы жарна. Оның көлемі 10 процентті құрайды. Ипотеканың мерзімі – 20 жыл. Алайда 2 проценттік кредит баспана кезегінде тұрған барлық адамға берілмейді. Нақты санаттар бар. Олар:
1.
I және IIоптағы мүгедектер;
2.
Мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
3.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
4.
"Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, көп балалы аналар.
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде республика бойынша осы төрт санатпен 227 мың адам баспана кезегінде тұр.

Мүгедектерге жеңілдік беріледі

Әлеуметтік ипотека алу үшін төлем қабілеттілігін растау қажет. Мүгедектік бойынша жәрдемақы қосымша табыс ретінде ғана қарастырылады.
Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтың кірісі болмаса немесе жеткіліксіз болса, онда ол қосымша қарыз алушыларды тарта алады. Бұрын тек жақын туыстар – күйеуі немесе әйелін, я болмаса кәмелеттік жасқа толған балаларды ғана кепілгер ретінде тартуға рұқсат берілді. Жаңа тұжырымдама бойынша кепілгер бола алатын туыстардың тізімі кеңейтілді. Енді мүмкіндігі шектеулі азамат туған ата-анасын, асырап алған ата-анасын, асырап алған балаларын, бір ата-анадан туған және бір ата-анадан тумаған аға-інілері мен апа-сіңлілерін, сондай-ақ атасы, әжесі, немерелерін тарта алады.
Бірақ пәтер сатып алу мәмілесі тікелей мемлекеттік бағдарламаға қатысушымен жасалады. Мүгедек еңбекке жарамсыз болса, жеңілдетілген ипотека ала алмайды.

5 проценттік ипотека

Баспана кезегінде тұрған басқа азаматтар 5 проценттік кредитке өтініш бере алады. Олар – қандастар, толық емес отбасылар, жасына байланысты зейнетке шыққан азаматтар, кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратындар және тағы басқа адамдар. Толық тізімді мына жерден көруге болады.
Тұжырымдаманың тағы бір тиімді тұсы – барлық санат бойынша кіріске шектеу жоқ. Ипотеканың ең жоғарғы сомасы да шектелмейді. Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасы негізге алынады. Әлеуметтік пәтердің максималды ауданы – 80 шаршы метр.

Өтініш электронды түрде қабылданады

Барлық өтінім otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында қабылданып жатыр. Әрбір адам өзі тұратын аймақтан ғана пәтер таңдай алады.
"Мәселен, қазіргі таңда жылдық 2% мөлшерлемемен берілетін нысандар Шымкент және Ақтөбе қалаларында дайын. Бұл бірінші кезеңде мемлекеттік бағдарламаға осы екі облыстың тұрғындары ғана өтініш беріп, қатыса алады деген сөз. Қалған өңірлердің тұрғындары мүлік дайын болған кезде бағдарламаға қатыса алады", - дейді банк мамандары.

Өтінім берген адамдарды қалай іріктейді

Жаңа тұжырымдамада әлеуметтік ипотекаға өтінім берген адамдарды таңдаудың критерийлері көрсетілген. Олар:
тұрғын үй кезегіне тұру уақыты;
баспана кезегіндегі санаты.
Іріктеу кезінде алдымен I және II топтағы мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға басымдық беріледі. Әлеуметтік пәтер баспана кезегінде тұрған аймақтан сатып алынуы керек.
Тұжырымдамаға сәйкес, әлеуметтік тұрғын үйлерді бұрынғыдай жергілікті атқарушы органдар салады.
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.08.2023
Дерекқор
Баспана кезегіне тұру үшін не істеу керек
Жаңалықтар
0