Ресейліктер - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.02.2022
Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Киев Батыстағы одақтастарының қолдауынан айырылды ма

© AP Photo / Louise DelmotteВладимир Зеленский
Владимир Зеленский - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.09.2023
Жазылу
Киев пен оның батыстық одақтастары арасындағы келіспеушіліктер артып келеді. Еурокомиссияның Украина ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортына салынған эмбаргоны алып тастау туралы шешімі Еуроодаққа мүше кейбір елдердің қарсылығын тудырды. Украина билігі бұған қатысты жауап беруге уәде етті. Дегенмен бұл Киев режимінің сыртқы саясаттағы жалғыз проблемасы емес, деп жазды РИА Новости.
2023 жылдың мамыр айында Еуропалық комиссия (ЕК, ЕО-ның ең жоғары атқарушы органы) Украинадан Болгария, Венгрия, Польша, Румыния және Словакияға төрт санаттағы ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға тыйым салды. Бұған ең алдымен шаруалардың наразылығы себеп болды. Себебі арзан украиналық астық жергілікті өндіріске қауіп төндірді.
Эмбарго бірнеше рет ұзартылды. Қазір оны алып тастады. ЕК былай деп мәлімдеме жасады: "Үйлестіру платформасы мен уақытша шаралардың арқасында Украинамен шектесетін бес мемлекетте нарықтағы мәселелер жойылды". Мұнымен бәрі келісе қойған жоқ.
Тек Болгария ғана импортты қалпына келтіру енді фермерлерге зиян тигізбейді деп шешті. Польша өзі ескерткендей ЕК-ның қаулысына қарамастан, эмбаргоны біржақты түрде сақтады. Венгрия мен Словакия да солай жасады. Румыния аралық позицияны ұстанды: премьер-министр Марчел Чолаку 18 қыркүйекте тыйымды отыз күнге ұзартуға дайын екенін айтты. Бірақ ол әзірге Украинадан импортқа сұраныс түскен жоқ екенін де жеткізді.
Польша премьер-министрі Матеуш Моравецкий ЕО бұйрығына қатысты "Біз Берлин немесе Брюссельді тыңдамаймыз" деп жауап берді.
Зеленский комиссияның шешімін құптап, ЕК төрағасы Урсула фон дер Ляйенге "уәдесінде тұрғаны және еркін нарық ережелерін сақтағаны үшін" алғыс білдірді. "Бұл Украина мен ЕО арасындағы шынайы бірліктің үлгісі. Ережелер мен келісімдер орындалған кезде Еуропа әрқашан жеңеді", - деді ол. Бірақ ол көрші елдердің тікелей қолдауының да маңызды екенін айтып, "егер ол мемлекеттер ЕО заңнамасын бұзса, Украина да жауап беретінін" ескертті.
Украинаның сауда өкілі Тарас Качка Politico басылымына берген сұхбатында бұл "жауап" дегеннің не екенін түсіндірді. Киев Польша, Венгрия және Словакияны сотқа бермекші. "Олардың әрекеттерінің заңға қайшы екенін дәлелдеу маңызды", - деді Качка. Олар мәселені Еуроодақпен арадағы сауда келісімі аясында емес, Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) арқылы шешпек. Словакия бұрынғы ЕО-ның тыйымын астықтың төрт түріне қатысты ұзартты, Польша бұл тізімге ұн мен жемді қосқаны жағдайды қиындатады. Сауда өкілінің айтуынша, Венгрия тағы жиырма өнімге тыйым салды. Атап айтқанда, ет. Украина ол елге сиыр мен шошқа етін көп экспорттамайды. Бірақ Варшаваның қарсы әрекеті қатты залал келтіріп тұр. Егер олар өз ойларын өзгертпесе, қарсы жауап ретінде Польшадан жемістер мен көкөністерді әкелуге тыйым салынуы мүмкін.
Дүниежүзілік сауда ұйымына жолданатын өтініштің барысы әлі де бұлыңғыр. Регламентке сәйкес, іс жүргізу бірнеше кезеңнен тұрады: консультациялар, сарапшылардың бағалаулары, тыңдаулар және тағы басқа. Нақты мерзім жоқ. Сонымен қатар тараптардың кез келгені үкімге шағымдана алады. Сондықтан бұл өте ұзақ орындалатын процесс.
Киев режимінің басқа мемлекеттермен де кикілжіңі артты. Жақында Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк Үндістан мен Қытайдың "интеллектуалды әлеуеті әлсіз" екенін айтып, олар "өз қадамдарының салдарына талдау жасамйды" деген пікір білдірді. Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мао Нин Бейжіңнің Украина дағдарысына қатысты ұстанымы әрқашан жауапты екеніне назар аударып, Подоляктан түсініктеме талап етті.
Дегенмен оның жауабы өте түсініксіз болды. "Мен бір сөзді қате айттым: "интеллект" сөзінен жаңылыстым, оның орнына "әлсіз аналитикалық әлеует" деп айту керек еді" деген түсініктеме берді. Ол сонымен қатар БҰҰ-ды "пайда табумен айналысатын кеңсе", ал МАГАТЭ мен Қызыл Крест ұйымдарын "санамызды қажетсіз бағалаумен ластайтын жалған ұйымдар" деп атады.
Жалпы украиналық проблема басқа мемлекеттер үшін күрделі мәселеге айналып барады. Мысалы, Варшава мен Будапешт бұғатталған қаражатты алуға тырысып, ұзақ уақыт бойы Брюссельмен кикілжіңде жүр. Киев бұл жағдайда өзара қысым жасау құралы ретінде қолданылады.
Венгрлердің Закарпатьедегі этникалық азшылықтың құқықтары бұзылуына байланысты Киевке наразылықтары артты. Поляктар украиналық босқындарға қатысты мәселеге алаңдаулы. АҚШ-та дәл осы Украина мәселесіне қатысты америкалық партиялардың ойы бір жерден шығатын. Алайда қазір республикашылдар Байденнен Киевке көрсетілетін көмек көлемін қысқартуды талап етіп жатыр.
Жаңалықтар
0