Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті: Астанада Газа секторындағы мәселе көтеріле ме

© Photo : сайт министерства нацэкономики КазахстанаОрганизация тюркских государств. Флаг
Организация тюркских государств. Флаг - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.11.2023
Жазылу
Түркі мемлекеттері ұйымына бес мемлекет кіреді
АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. Бүгін Қазақстанның Астанасында Түркі мемлекеттері ұйымының X саммиті өтеді. Оған бірнеше елдің басшылары қатысады. Мерейтойлық саммит қиын геосаяси және геоэкономикалық жағдайда өтіп отыр. Соның барлығы бүгінгі жиында талқыланады. Sputnik Қазақстан ұйымның даму тарихына қатысты қызықты деректерді зерделеп, бүгінгі саммитке қатысты сарапшылардың пікірін жазып алды.

Халықтың саны 150 млн-нан асады

Түркі мемлекеттері ұйымына бес мемлекет кіреді. Олар:
Түркия;
Қазақстан;
Әзербайжан;
Қырғызстан;
Өзбекстан;
Осы мемлекеттерде тұратын халықтың жалпы саны 150 миллион адамнан асып отыр. Сарапшылардың болжамына сәйкес, бүгінгі саммитте Таяу Шығыстағы қақтығыс, атап айтқанда, Газа секторында бейбіт тұрғындарды бомбалау мәселесі де көтеріледі. Себебі ұйымға мүше мемлекеттерде халықтың басым бөлігі ислам дінін ұстанады. Президенттер ортақ бір ұстанымды жариялауы да мүмкін.
Қолданбалы зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, саяси сарапшы Жанат Момынқұловтың ойынша, Израильге қарсы қатты бір сөздер айтылмаса да, Газаны қолдау бойынша мәлімдемелер болады.
"Ердоған Қарағандыдағы оқиғадан кейін Тоқаевқа хабарласқанда Газадағы гуманитарлық жағдайды, Израильдің қатты кетіп жатқанын саммитте айтуды ұсынды. Сондықтан саммитте осы мәселелер көтеріледі. Израильге қарсы қатты бір сөздер айтылмайтын шығар. Бірақ ишара жасалады, Газаны қолдау бойынша мәлімдемелер болуы мүмкін", - деді Момынқұлов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Сарапшының ойынша, саммитте декларациядан бөлек, Газа секторында гуманитарлық жағдайды жеңілдету, атысты тоқтату, адам құқықтарын қорғау, қақтығысты кеңейтпеу сияқты мәселелер көтеріледі.

Түркі елдерін кім жинады

1992 жылы Түркияның сол кездегі президенті Тұрғыт Өзалдың бастамасымен Анкарада түркі елдерінің алғашқы саммиті ұйымдастырылды. Оған Әбілфайыз Елшібей, Ислам Кәрімов, Нұрсұлтан Назарбаев, Сапармұрат Ниязов пен Асқар Ақаев барды. Ол кезде ешқандай ұйым құрылған жоқ. Екінші саммит те Ыстанбұлда өтті. Сол жиында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Еуропа мен Қытайдың қатысуымен Еуразиялық экономикалық одақты құру идеясын да жариялады. Бірақ түркі мемлекеттер алдымен өзара ықпалдасу жолдарын табуға тырысты. Ол үшін бір ұйым құру қажет еді.
2009 жылы Әзербайжанның Нахчвыван қаласында түркі елдерінің жетінші саммиті өтті. Сонда Әзербайжан, Қазақстан, Түркия мен Қырғызстан "Түркі кеңесі" халықаралық ұйымын құруға уағдаласты, арнайы келісімге де қол қойылды. Түрікменстан бейтарап мәртебесін алға тартып, ұйымға кіруден бас тартты. Өзбекстан да асыққан жоқ. Бірақ президенті ауысқаннан кейін Түркі кеңесінің құрамына кірді.
2021 жылғы саммите Түркі кеңесінің атауы "Түркі мемлекеттерінің ұйымы" болып өзгертілді. Ал Түрікменстан оған бақылаушы болып қабылданды. Одан бөлек, бүгінде Мажарстан мен Солтүстік Кипр де бақылаушы мәртебесіне ие.

Мерейтойлық саммитте тағы қандай мәселелер талқыланады

Сарапшы Жанат Момынқұловтың айтуынша, "Түркі дәуірі" ұранымен өтетін саммит көшбасшыларының күн тәртібі тығыз. Экономика, сауда, көлік, кеден жобаларына қатысты маңызды шешімдерді қабылдау қажет.
"Түркі мемлекеттері Каспий теңізімен ортақ дәліз жобасын дамыту арқылы түркі кеңістігінде тұрақтылық пен байланыстарды күшейтіп, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашуға ниетті. Саммитте халықаралық ахуал да қызу талқыланады. Ал Әзербайжан оған бүкіл жерін қайтарған жеңімпаз ретінде қатысады", - дейді Момынқұлов.
Мерейтойлық саммитке Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан да келді. Ердоған екеуінің пікірі бір жерден шықпауы мүмкін екенін айтты сарапшы.
"Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Еуропа-түркі дипломатиялық ынтымақтастығының нығайып, ұйымның халықаралық салмағы артуында маңызды рөл атқарады. Орбан - Ресей мен Украина, Израиль мәселелерінде өзіндік еркін ұстанымы бар ұлтшыл лидерлердің бірі. Дегенмен Палестина мәселесінде Ердоған мен Орбанның пікірлері бір жерден шықпауы ықтимал", - деп атап көрсетті сарапшы.
Ал саммит декларациясында нақты нәтижелер мен жоспарлар көрсетіледі.

Ұйым мүшелері тығыз байланыс орнатқан

Түркі мемлекеттері 31 жылдың ішінде байланыс жасаудың сан алуан форматын жолға қоя білді. Ұйымның құрылымы:
Хатшылық (Ыстанбұл);
президенттер кеңесі;
сыртқы істер министрлерінің кеңесі;
аға лауазымды тұлғалар комитеті;
түркі тілдес мемлекеттердің ақсақалдар кеңесі;
Парламенттік Ассамблея (Баку);
Халықаралық түркі академиясы (Астана);
Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы (Анкара);
Конституциялық соттардың кеңесі;
Биыл Түркияда болған жер сілкінісінен кейін ұйымға мүше мемлекеттер төтенше саммитті шақырды. Барлығы бірден өз көмегін жіберді.
Жаңалықтар
0