Талдықорғанда сүйіктісі пышақтаған келіншек оқиғаның қалай болғанын айтты

© Sputnik / Абзал КалиевОграбление, иллюстративное фото
Ограбление, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.11.2023
Жазылу
Ілияс Адинаны "егер мені тастасаң, суицид жасаймын, сен кінәлі деп жазып кетемін" деп қорқытып ұстаған
АЛМАТЫ, 4 қараша – Sputnik. Талдықорғанда ер адам тапа-тал түсте сүйіктісін жұмыс орнында пышақтап тастады. Жәбірленуші Адина Sputnik Қазақстан тілшісіне оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
Жаға ұстатқан жағдай 27 қазанда болған. "Қайнар - АКБ" аккумулятор зауытының жұмысшысы 35 жастағы Ілияс Серкебұланов сүйікті қызын жұмыс орнында пышақтап тастады.
"Бұл адам менің күйеуім емес, сәуір айынан бастап кездестік. Сәуір, мамыр екі ай қарым-қатынасымыз жақсы болды. Маусым, шілде айынан бастап мені ұра бастады. Мен сотқа арыз жаздым", - дейді жәбірленуші Адина.
Сот Ілияс Серкебұлановты 7 күнге қамауға алып, үш айға Адинаның маңына жолауға тыйым салған.
"Сол кезде мен анасына, қарындасына хабарластым. "Ілиясты алып кетіңіздерші, ол суицид жасаймын деп қорқытады" деп айтып едім, туыстары мені кінәлап шықты. Олар мені жақтырмайтын. Ал 2 шілдеде ол мені тағы да ұрды. Есімнен танып қалыппын, бір есімді жисам, үстіме отырып алып, қолының тамырын кесіп жатыр. Бұл оқиға да менің жұмыс орнымда болды", - дейді Адина.
Ілияс Адинаны "егер мені тастасаң, суицид жасаймын, сен кінәлі деп жазып кетемін" деп қорқытып ұстаған.
"Егер ол өліп қалса, мен "статьямен" сотталып кетуші едім. 2 шілдеде арыз жазбадым, өзіме бәле бола ма деп қорықтым. Оның пікірінше, мен ер адамның бәрімен төсектес боламын. Тіпті өзімнің бастығым әйел адам, соның күйеуімен көңілдес екенмін. Көшеде келе жатып, басқа еркектерге қарадың деп тиісетін", - дейді жәбірленуші.
28 жастағы Адина студент, екі баласы бар. Үлкен баласы 10, екіншісі 4 жаста. Басқа қалаға көшіп кетуге мүмкіндігі болмаған.
"10 қазанда ол маған тағы тиісті. Анасына хабарласып едім, ол кісі "сен оңбағансың, өзің кінәлісің" деп мені қаралап шықты. Полицияға бірнеше рет арыз жаздым. Оқиға болған күні 27 қазанда "осымен бәрін қоямыз, мен шаршадым" деп таңертең айттым. Өйткені алты айда мен жынды болуға айналдым. Сол 27 қазанда сағат үште менің жұмысыма келді. Кешірім сұрады, жұмысымдағы қоймада отырып алып, тамақ ішті. Мен кет дедім. Ол менің телефонымды тексере бастады", - дейді Адина.
Тиісерге қара таппаған күдікті Адинаны өзінің әріптесінен қызғанып жанжал шығарған.
"Ілиясқа "мен төсектес болды деген әріптесіңді көрсет, мен барамын. Мені бәрібір жаман жолмен жүреді деп кінәлайсың, одан да істеп жаманатты болайын" дедім. Мен ол әріптесін мүлдем танымаймын, көрген де емеспін. Ашуланғаным соншалық, бос бөтелкенің шөлмегін есікке қарай лақтырып жібердім. Ілияс сол кезде мені ұра бастады. Сосын кеңсе пышағын алып, мені кескіледі. Көмекке келген кісілерге де пышақпен тұра ұмтылды. Мен балаларым жетім қалады, өлтірмеші деп жалындым", - дейді жәбірленуші.
Адина жедел жәрдем мен полицияны өзі шақырған. Жансақтау бөліміне түседі. Есеңгіреп қалғандығы соншалық, Адина ауруханаға жатудан бас тартыпты, бірақ онысы есінде жоқ.
"Көзбе-көз беттестіру кезінде туыстары " бір рет кешіре салшы " деп жалынды. Ілиястың полиция департаментінде танысы бар екен. Сонда "бұзақылық" бабымен іс қозғаған. Марат есімді тергеушіден "неге ондай баппен іс қозғадыңыз" деп сұрасам, "ал саған қандай бап керек, сен ғана зардап шеккен жоқсың" дейді. Тіпті анама "сіздің қызыңыз да жетісіп тұрған жоқ, Ілиясты осылай істеуге өзі жеткізді" деген. Кейін тергеуші кешірім сұрап, маған смс хабарлама жолдады", - дейді Адина.
Адина өзі сияқты қыз-келіншектерге мұндай қателік жасамауға кеңес береді.
"Менің қателігім - әу баста кешіргенім. Соның салдарынан осы деңгейге жетті. Ер адамның сәл артық мінезін байқасаңыз, бірден іргеңізді аулаққа салыңыз. Мен бейнежазба жарияланып кетеді деп ойламадым. Жазба кешкі сағат сегізде жарияланды, сағат түнгі 12-ден бастап полиция менен жауап ала бастады. Оны екі күн қамап, жібере салған. Қазір қайта қамалды", - дейді жәбірленуші.
Адина қазір емделіп жатыр. Жарақатына қан ұйыған.
Ал Жетісу облыстық полиция департаменті бұл фактіні енді "Адам өлтіруге оқталу" бабымен тергеп жатыр.
"Қалалық полиция қызметкерлері жәбірленушінің танысы болған күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта ол қамауда. Тергеуші істі ҚР Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі "Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу", 99-бабының 2-бөлігі "Адам өлтіруге оқталу" бойынша қайта дәрежелеп, прокурормен келісілді. Қылмыстық оқиғаны облыстық полиция департаменті ерекше бақылауға алды", - дейді Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жаңалықтар
0