Байқоңыр мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті оқытылады

© Sputnik / Ирина СемибратоваАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.11.2023
Жазылу
Әзірге ресейлік білім беру стандарттары бойынша жұмыс істейтін бір мектепте ғана жаңашылдық енгізілген
АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Байқоңыр қаласындағы мектептерде Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті оқытылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Қазақстан – Ресей үкіметаралық комиссиясы бір келісімге келді. Оған сәйкес, келес жылы мектептер мен балабақшалар отандық білім беру стандартына ауысады. Сонымен қатар жергілікті биліктің қолдауымен Байқоңыр қаласы, Төретам және Ақай ауылдарындағы мектептердің жұмысын үйлестіретін дербес ұйым құрылады.
Қазіргі кезде Байқоңырда 5 отандық және 7 ресейлік мектеп бар. Көрші мемлекеттің оқу бағдарламасымен әріп таныған оқушылар енді қазақ тілі мен әдебиетін оқуға мүмкіндік алып отыр. Ондай балалардың саны екі мыңнан асады.
"Қазіргі таңда Янгель атындағы №7 мектепте оқытылып жатыр. 5,6,8 және 9-сыныптарда. Алдағы уақытта қалған 5 ресейлік мектепте осы пәндерді оқыту жөнінде жұмыстар атқарылады", - дейді Қармақшы аудандық білім бөлімінің Байқоңырдағы сектор меңгерушісі Жадыра Алданова.
Қазақстан президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртайдың айтуынша, жоғарғы оқу орындарына түсуге де осы пәндер керек. Сол себепті үкіметаралық комиссия оң шешім шығарды.
"Біз балалардың арасында іріктеу жүргіземіз. Кім қандай пәнді оқығысы келеді? Пән таңдаған балаларды Ресей тарапы мұғалім және кітаппен толықтай қамтамасыз ету керек ", - деп атап өтті Нұртай.
Бұдан бөлек, Байқоңыр көшелерінде көрнекі құралдар, жарнамалық және хабарламалық билбордтар қазақшаланады. Бұл да үкіметаралық комиссияда шешілген мәселенің бірі. Сонымен қатар ғарыш айлағы жалға берілген 1994 жылдан бері алғаш рет 4 көшеге ұлт батырлары мен абыз-ақындардың есімі беріліп отыр.
"Атап айтатын болсам, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы және Қорқыт ата көшелері берілуде. Халық қуана қабылдады. Бұл өте тамаша, керемет жаңалық. Мемлекет басшысына және облыс әкіміне алғысым шексіз ", - дейді қала тұрғыны Әйгерім Балтабай.
Қазақстанның ұлттық және мемлекеттік мерекелері кең көлемде тойланады. Сонымен қатар Қызылорда облысындағы аудан-ауыл оқушыларына космодромға экскурсия жасау мүмкіндігі кеңейтіліп отыр.
Айта кетері, бұған дейін Қазақстан азаматтары үшін Байқоңыр қаласына кіріп-шығу тәртібі жеңілдетілген болатын. https://sputnik.kz/20231103/qazaqstandyqtar-ushin-bayqonyrga-kirip-shygu-tartibi-zhenildetiledi-39877691.html
Жаңалықтар
0