Қазақстанда 2000 ауыл мектебі Starlink интернетіне қосылады

© Sputnik / Михаил Воскресенский / Медиабанкке өтуМачта базовой станции интернет-компании, архивное фото
Мачта базовой станции интернет-компании, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.11.2023
Жазылу
Биылғы қазан айында 10 ауылдық мектеп SpaceX компаниясының Starlink технологиясы арқылы тестілік режимде кең жолақты интернетке қосылды
АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. Үкіметте 5G технологиясын енгізу және шалғай елді мекендердегі мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин бүгінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында байланыс операторларының 800-ден астам 5G базалық стансасы орнатылғанын баяндады.
Бұл ретте технологияны енгізуді жеделдету үшін байланыс стансаларын іске қосу мерзіміне айтарлықтай әсер ететін реттеуші бірқатар кедергілерді жою қажет. Бұл жабдықты монтаждау рәсімдерін жеңілдетуге, санитариялық ережелерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге, жер телімдерін уақтылы беруге және т.б. қатысты.
Әлихан Смайылов республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында 5G желісін енгізу жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс екенін еске салды. Осыған байланысты премьер-министр артық әкімшілік кедергілерді жедел жойып, халықты сапалы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.
Сондай-ақ жиында биылғы қазан айында 10 ауылдық мектеп SpaceX компаниясының Starlink технологиясы арқылы тестілік режимде кең жолақты интернетке қосылғаны айтылды. Бұл желідегі деректерді беру жылдамдығы секундына 200 Мбит-ке жетеді.
Жалпы осылайша, республиканың шалғай елді мекендеріндегі 2000 білім беру нысанын жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарланып отыр. Аталған жұмыс шеңберінде тиісті жабдықтарды жеткізу және оларға техникалық қызмет көрсету жүзеге асырылатын болады.
Премьер-министр заманауи байланыс желілерін енгізумен қатар ауыл мектептеріне арналған білім беру бағдарламаларын дамытуға назар аудару қажет екенін баса айтты. Атап айтқанда, жаңа цифрлық форматтар мен тәсілдер арқылы оқушылардың белсенділігін және жалпы білім беру үдерісінің тиімділігін арттыруға болады.
Жаңалықтар
0