Бала кәмелетке толғаннан кейін де баспана кезегі сақталады – заң жобасы таныстырылды

© Sputnik / Владислав ВодневҚанат Шарлапаев
Қанат Шарлапаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.11.2023
Жазылу
Сондай-ақ тұрғын үйді үлестіру кезінде мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін қосымша бөлме бөлу көзделген
АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәжәлістің жалпы отырысында тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Шарлапаев баспана кезегінде тұрған азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында заң жобасы аясында қосымша шаралар қарастырылғанын атап өтті. Атап айтқанда:
жетім балалар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар мен мүгедек балаларды асырып отырған отбасылардың балалары кәмелетке толуына не олардың қайтыс болуына байланысты мәртебесі өзгерген жағдайда олардың кезегін сақтау;
мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларын жергілікті атқарушы органдардың есебінен бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету;
тұрғын үйді үлестіру кезінде мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін қосымша бөлме бөлу көзделген.
Министрдің айтуынша, бүгінде тұрғын үйді бөлу кезінде оның көп бөлігі есепке қою күніне қарамастан басым құқығы бар азаматтарға (ҰОС ардагерлері, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға) беріледі.
"Бұл халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа санаттары (1 және 2 топтағы мүгедек жандар, мүгедек баласы бар отбасылар, жесірлер) арасында наразылық пен әлеуметтік шиеленіс тудырады. Осы тәуекелдерді жою мақсатында аталған басымдықтар қайта қаралады", - деді Шарлапаев.
Министрдің сөзіне қарағанда, бұл принцип халықтық әлеуметтік осал топтарының барлық санаты арасында тұрғын үйді әділ түрде бөлуге мүмкіндік береді.
Жаңалықтар
0