Президент Каспий теңізіндегі күрделі экологиялық ахуалға алаңдаушылық білдірді

© Photo : Официальный сайт президента АзербайджанаБҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы елдер басшыларының бірінші саммиті
БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы елдер басшыларының бірінші саммиті - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.11.2023
Жазылу
Теңіздің табаны тайызданып, оған құятын өзен суларының мөлшері күрт азайған
АСТАНА, 24 қараша — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы елдер басшыларының бірінші саммитінде Каспий теңізіндегі күрделі экологиялық ахуалға алаңдаушылық білдірді, деп хабарлады Ақорда.
Қазақстан президенті экология және климат проблематикасы, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарын басқару жөніндегі бірлескен ғылыми-зерттеу және қолданбалы зерттеу жұмыстарын бастау маңызды деп есептейді.
Оның айтуынша, бұл мәселенің СПЕКА елдерінің бәріне де қатысы бар. Бұл ретте бір ғана мемлекеттің жалғыз өзі табысқа жетуі мүмкін емес. Арал қасіреті – соның айқын дәлелі. Оның ауыр салдарын Орталық Азия елдері ғана емес, одан тысқары жерлер де сезініп отыр.
"Келесі жылы Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде бір кездері әлемдегі ең ірі тұйық су айдындарының бірі болған Арал маңындағы қоршаған орта деградациясының алдын алу жұмыстарын күшейтуге ерекше мән бермек", - деді Тоқаев.
Президент Каспий теңізіндегі күрделі экологиялық ахуал да алаңдаушылық туғызатынын атап өтті. Теңіздің табаны тайызданып, оған құятын өзен суларының мөлшері күрт азайған. Биоресурстар қысқарып, антропогендік ластануға ұшырап жатыр.
"Каспийді құтқару ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықтың басымдығына айналуға тиіс. Барлық мүдделі тарапты осынау бірегей су айдынының жағдайын жақсарту үшін ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырамын. Біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыз Каспийдің бейбітшілік және мүмкіндіктер теңізі ретіндегі мәртебесін нығайта түсетініне сенімдімін", – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын мәлімдеді. Осы ретте президент СПЕКА мемлекеттерінің басшыларын баламалы энергия көздеріне көшу мәселесінде бірлескен іс-әрекетті жандандыруға және Алматыда Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру бастамасын қолдауға шақырды.
Жаңалықтар
0