Біз Қытайды өте маңызды стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз – Тоқаев

© Пресс-служба президента КазахстанаҚасым-Жомарт Тоқаев пен Дин Сюэсян
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дин Сюэсян - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.11.2023
Жазылу
Президент барлық саладағы ынтымақтастықта нақты нәтижеге қол жеткізілетініне үлкен үміт артатынын атап өтті
АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Қытаймен екіжақты қатынасты мүлде жаңа деңгейге көтеру Қазақстанның маңызды стратегиялық басымдығы саналады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Дин Сюэсянмен кездесуінде айтты, деп хабарлады Ақорда.
"Шын мәнінде, қазақ-қытай байланыстары өзара тиімді мемлекетаралық ықпалдастықтың үлгісін көрсетеді деп ойлаймын. Біз Қытайды өте маңызды стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз және барлық саладағы ынтымақтастықта нақты нәтижеге қол жеткізетінімізге үлкен үміт артамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жуырда өткен жоғары деңгейдегі үшінші "Бір белдеу, бір жол" форумы орасан зор табысты болғанын және ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің ауқымды бастамасының одан әрі даму жолын айқындағанын еске салды. Президенттің айтуынша, Қазақстан бұл жобаны жүзеге асыруға жан-жақты атсалыса береді.
"Өзіңізге мәлім, мен жақында Бейжіңге ресми сапармен барып, төраға Си Цзиньпинмен жан-жақты келіссөздер жүргіздім. Жоғары деңгейдегі келіссөздер өте мазмұнды болды және ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды кезеңге жол ашты. Өзара визасыз режим күшіне енді, – деді мемлекет басшысы.
Ол келесі жыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы болып жарияланғанын еске салды.
"Бұл өзара қарым-қатынас, әсіресе жастар үшін өте маңызды шешім деп санаймын. Қытаймен арадағы ынтымақтастықты дамыту әрбір елдің басымдықтарының бірі екенін тағы да атап өткім келеді. Біз бұл мәселеге жоғары деңгейде мән береміз", – деп түйіндеді Тоқаев.
Бұдан бөлек, президент бүгін Астанада өткен Қазақстан мен Қытайдың Ынтымақтастық жөніндегі комитетінің 11-отырысы сауда-экономика саласындағы бірлескен іс-қимылдарды әзірлеу ісінде маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
Кездесу барысында сауда, ауыл шаруашылығы, инвестиция, көлік, логистика, энергетика және басқа да салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың өзектілігі аталып өтті.
Жаңалықтар
0