Смайылов бірнеше қаладағы ақау жайлы: жылу беру толықтай тоқтап қалған жоқ

© Photo : Пресс-служба акима Павлодарской области/Валерий БугаевЕкібастұз ЖЭО
Екібастұз ЖЭО - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.12.2023
Жазылу
Премьер-министр халыққа нақты жағдай туралы дер кезінде объективті әрі түсінікті ақпарат беру қажеттігін ескертті
АСТАНА, 12 желтоқсан – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов министрлер мен әкімдерге жылу жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жалпы елімізде күн күрт суытып кетті. Осыған байланысты коммуналдық жүйелерге түсетін жүктеме де арта түседі. Мұндай кезде жылу және энергия объектілерінде штаттан тыс жағдайлар болатыны мәлім. Технологиялық ақауларға байланысты инциденттер болып жатыр. Бірақ жылу беру толықтай тоқтап қалған жоқ. Бұзылған учаскелерді нормативтік мерзімде қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылданды", - деді Смайылов үкімет отырысында.
Ол әкімдіктерге тіршілікті қамтамасыз ететін барлық жүйенің жұмысын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Айтуынша, авария болған жағдайда барынша шұғыл әрекет етіп, тиісті шаралар қабылдау керек.
"Халыққа нақты жағдай туралы, жөндеу жұмыстары мен жоспарлы жұмыстар туралы дер кезінде объективті әрі түсінікті ақпарат беру – маңызды мәселе. Әйтпесе өтірік ақпарат пен фейк тарап кетеді",- деп ескертті премьер.
Смайылов қыс мезгілінде тұрғындар жылусыз қалмас үшін энергетика, өнеркәсіп министрліктері, өңір әкімдіктері мен энергия объектілерінің иелеріне барлық жылу жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету туралы тапсырма берді.
"Қазақстан темір жолы" мен "Қазмұнайгазға" бірінші кезекте жылу станциялары мен қазандықтарға отынның уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етуді бұйырды.
Өңір әкімдіктері жылу объектілерінің иелерімен бірге тұрақты жұмыс істейтін жөндеу бригадаларының болуын, шұғыл жөндеу жұмыстары қажет болған жағдайда қосалқы бөлшектердің әзір тұруын қамтамасыз етуі керек.
"Қысқы жылыту маусымының тұрақты өтуі әрбір өңір әкімінің жеке бақылауында болуға тиіс", - деп атап өтті Смайылов.
Өткен демалыста Екібастұз, Риддер, Теміртау, Степногор, Балқаш, Ақтау және Көкшетау қалаларында жылу жүйелерінен ақау шығып, тұрғындарға қолайсыздық тудырды.
Жаңалықтар
0