Енді кез келген жұмыс беруші дипломның түпнұсқа не жалған екенін тексере алады

© Sputnik / Болат ШайхиновИллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.02.2024
Жазылу
1991 жылдан бастап берілген барлық диплом министрлік әзірлеген арнайы базаға енгізіліп жатыр
АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Жұмыс берушілер цифрлық сервис арқылы қызметкердің дипломы түпнұсқа не жалған екенін тексере алады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы порталында дипломдарды тексеруге мүмкіндік беретін цифрлық сервис әзірленген. Қазір бірыңғай базаға 1991 жылдан бастап берілген барлық диплом енгізіліп жатыр.
"Арнайы платформада 1991 жылдан бастап берілген барлық дипломды енгізіп жатырмыз. Бұл жұмыстар 2018 жылдан басталған еді. Осы күнге дейін 3,5 млн диплом базаға енгізілді. Ресми дипломның бірегей нөмірі мен QR-коды болады. Енді кез келген азамат, жұмыс беруші арнайы цифрлық қызмет арқылы дипломның түпнұсқа не жалған екенін тексере алады", - деді Нұрбек мәжіліс кулуарында.
Айтуынша, арнайы базаға дипломдарды енгізу жұмысы осы жылдың соңына дейін аяқталады.
Саясат Нұрбек жалған диплом жасайтындар мен оны сататындар жауапқа тартылатынын ескертті.
"Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес, ресми құжаттарды, мөрлерді, қолтаңбаларды, түпнұсқа лицензиялық құжаттарды қолдан жасау 2 жылға бас бостандығынан айыруға, не шектеуге немесе айыппұлға әкеп соғады. Егер қылмыс екінші рет қайталанса, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сондай-ақ жалған дипломды сатып алып, оның жалған екенін біле тұра пайдаланған адамдар 40 тәулікке бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін", - деп түсіндірді министр.
Айтуынша, жоғары білім министрлігі ішкі істер министрлігімен және басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесіп, арнайы жоспар бекіткен. Оған сәйкес, ІІМ қызметкерлері жарнама тарататын платформаларда жалған диплом мен құжат сататындарды анықтау бойынша арнайы рейд жүргізеді.
Жаңалықтар
0