Елорда әкімдігі кептелістен құтылу үшін қоғамдық көліктің санын көбейтпек

© Sputnik / Абзал КалиевАстана қаласы
Астана қаласы - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.02.2024
Жазылу
Әкімнің айтуынша, күн сайын қала жолдарына 400 мыңнан астам автокөлік шығады
АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек кептеліс мәселесі қалай шешілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әкім қалада кептеліс мәселесі бар екенін мойындап отыр. Айтуынша, күн сайын 400 мыңнан астам автокөлік жолға шығады. Олардың саны өсіп жатыр.
"Былтыр Тәуелсіздік көшесінде жаңа көпірді аштық. Осы құрылыстың арқасында Мәңгілік ел, Тұран, Қабанбай батыр көшелерінде кептеліс 10-15 пайызға төмендеді. Былтыр Айтматов көшесі де ашылды. Ол жұмыстың жалғасы болады. Айтматов көшесінен әрі қарай Қосшы жағына дейін кететін жоба бар. Сондай-ақ Тәуелсіздік көшесінен үлкен даңғыл әуежайға дейін барады. Ондай жобалар аз емес. Кенесары көшесінің жалғасы көпір арқылы Есілден өтіп, Қорғалжын даңғылына шығатын болады. Сондықтан біз жобалап жатырмыз, құрылыс жұмыстарын бастап жатырмыз", - деді Қасымбек үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған қоса әкімдік қоғамдық көліктің санын көбейтуді жоспарлап отыр. Әкімнің айтуынша, өткен жылы 400 жаңа автобус сатып алынған.
"Былтыр таңертең 900 автобус жолға шықса, қазір 1300 шығып жатыр. Автобустардың саны 40%-ке көбейді. Биыл қосымша 300 автобус. Жалпы біздің мақсатымыз – 2 мың-2,5 мың автобус болуы керек. Қоғамдық көліктің саны жеткілікті болса, халық жекеменшік көлікті аз пайдаланады деп жоспарлап отырмыз. Жалпы бүкіл әлемде солай. Қоғамдық көлік дамыса, халық жекеменшік машинаға отырмайды, кептеліс те азаяды. Сондықтан осы екі бағытта жұмыс істеп жатырмыз", - деп мәлімдеді қала басшысы.
Бұған дейін Жеңіс Қасымбек қоғамдық көлікте жол жүру ақысы неге көтерілетінін түсіндірді.
Жаңалықтар
0