Сарапшылар 7 проценттік ипотекаға қатысты болжам жасады: "Баға күрт өзгермейді, бірақ..."

© Sputnik / Нина Зотина / Медиабанкке өтуҮйдің макеті, калькулятор
Үйдің макеті, калькулятор - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.03.2024
Жазылу
Айтуларынша 7 проценттік ипотека іске қосылғаннан кейін нарықта айтарлықтай өзгеріс болмайды, дегенмен баспана бірте-бірте арзандайды
АСТАНА, 28 наурыз – Sputnik. Атырауда өткен құрылтайда президент 7 проценттен аспайтын тағы бір жеңілдетілген ипотеканы әзірлеуді тапсырды. Оның ауқымы бұған дейін "9-20-19" қағидаты бойынша іске қосылған "Отау" бағдарламасынан кең, мөлшерлемесі төмен болады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген сарапшылар жаңа ипотеканың баспана нарығына және бағасына қалай әсер ететінін айтты.

Баспана бағасы өзгермейді

Бүгінде үкімет жаңа ипотекалық бағдарламаға жауапты операторды анықтады. Оны Отбасы банкі іске асырады. Алғашқы бір жылдың ішінде 12 мың отбасы баспаналы болады деген жоспар бар.
Қазақстан риэлторлары қауымдастығының вице-президенті Елена Гриваның айтуынша, наурыздың басында іске қосылған "Отау" (9-20-19) бағдарламасына сұраныс жоғары болды. 11 мың адамның өтініші мақұлданды. Бірақ осы бағдарламаға бөлінген 150 млрд теңге 7-8 мың пәтерге ғана жетеді. Ал 1 мамырда іске қосылатын 7 проценттік бағдарламаға 300 млрд теңге бөлініп отыр. Демек ипотекаға рәсімделетін баспана да көп болады.
"Сосын жаңа бағдарламаның "Отаудан" тағы бір айырмашылығы бар, оған Отбасы банкінің салымшылары ғана емес, басқа санаттар – жас отбасылар, моноқалалар мен аудан орталықтарының тұрғындары қатыса алады. Ал баспана кезегінде тіркелген азаматтар ақшаны жинамай-ақ, 7 проценттік ипотеканы рәсімдей алады", - дейді Грива.
Сарапшының ойынша, жаңа бағдарлама баспана нарығына да, бағасына да қатты әсер етпейді. Республика бойынша бір жылда 370 мың баспана сатылады. Ал 12 мың пәтер жалпы сұраныстың 3 процентін ғана құрайды.
"Оған қоса, жаңа бағдарлама бойынша барлық пәтер бекітілген бағамен сатылады. Қазіргі кезде теңгенің бағамы тұрақты. Ол да баспана бағасын ұстап отыр", - деп атап өтті Грива.

Баспана бағасы негізсіз көтерілген

Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсірепов та жаңа ипотеканың баспана бағасына қатты әсер етпейді деп санайды. Бірақ оның болжамына сәйкес, жылжымайтын мүліктің құны біртіндеп төмендейді. Себебі зейнетақы жарналарының бір бөлігін алуға рұқсат бергенде баспана бағасын тым қатты көтеріп тастаған.
"Иә, "Отау", 7 проценттік жаңа бағдарлама құрылыс саласына оң әсер етеді, жылжымайтын мүлік нарығында белсенділік артады. Бірақ баспана бағасы көтерілмейді. Бізде зейнетақы жарналарының бір бөлігін алуға рұқсат берген жылы бағаны тым қатты көтеріп тастады. Енді біздің болжамымыз бойынша жиі сатылатын баспананың бағасы біртіндеп төмендейді, ай сайын 1-1,5 проценттен, жалпы 10-15 процентке арзандайды", - деді Мүсірепов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Сарапшының айтуынша, қазіргі кезде республика бойынша, әсіресе, Астана мен Алматыда баспана бағасы негізсіз көтерілген.

Жаңа бағдарламаға кімдер қатыса алады

Бүгінде үкімет жаңа бағдарламаға қатысатындардың тізімін жариялады. Олар:
жұмыс істейтін жастар;
жас отбасылар;
тұрғын үй төлемін алушылар;
банк салымшылары;
моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары;
ақша жинау бойынша міндеттемесі жоқ тұрғын үй кезегінде тұрғандар.

Банк бағаны қалай ұстап тұрады

Бұған дейін Отбасы банк "Отау" бағдарламасы аясында сатып алынатын баспананың бағасын ұстап тұратынын мәлімдеген. Ипотека алатын адам пәтерді Баспана маркет (otbasybank.kz) порталынан ғана сатып ала алады.
"Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуына орай тұрғын үй бағасын жасанды өсіруге жол бермеуге арналған. Әрбір нысан аталмыш платформаға орналастырылмастан бұрын тұрғын үйдің қазіргі нарықтық бағасы негізінде құнын бекіту процесінен өтеді. Егер ол нарыққа сәйкес келсе, онда құрылыс салушымен шаршы метр бағасын белгілей отырып, тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады", - делінген банктің ресми хабарламасында.
Ал ипотека алатын адамдардың тізімі банктің ресми сайтында жарияланады. Сол жерде өтінімдерді іріктеу және ұпайларды есептеу нәтижелерімен де танысуға мүмкіндік болады. 7 проценттік бағдарламамен сатып алынатын пәтерлер де дәл солай рәсімделеді.
Жаңалықтар
0