Қоғам

Елімізде интернет-алаяқтық өршіп тұр: қазақстандықтар 6 млрд теңгесінен айырылған

© SputnikАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.04.2024
Жазылу
ІІМ қызметкерінің айтуынша, зардап шеккендердің кейбірі алаяқтарға алданып қалғанына ұялып, полицияға да шағымданбайды
АСТАНА, 18 сәуір – Sputnik. Елімізде алаяқтардың құрығына түсіп, сан соғып қалғандар саны азаяр емес. Әсіресе, бүгінде технологияның дамуымен интернет алаяқтық белең алған. ІІМ криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Қаныш Ашжанов Sputnik тілшісіне берген сұхбатында көбіне кімдер алданып қалатынын және алаяқтардың айласы туралы айтып берді.

6 миллиардтың 189 миллионы ғана қайтарылған

Ашжановтың айтуынша, интернет-алаяқтық Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің проблемасына айналып отыр. Биылғы үш айда елімізде алаяқтық фактісі бойынша 11 613 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 4 984-і интернет алаяқтығына қатысты.
Қазақстандықтар үш ай ішінде интернет алаяқтарға 6,2 миллиард теңгесін берген. Құқық қорғау органдары келтірілген шығынның 189 млн теңгесін ғана қайтарған, тағы 3,5 млн теңге бұғатталғалы жатыр.
"Алаяқтарға кішісі де, үлкені де алданып қалады. Бірақ, шыны керек, егде жастағы адамдар көп алданады. Өйткені олар көбіне үйде жалғыз, ешкіммен араласпайды, оның үстіне сенгіш келеді. Оқыған-тоқыған, білімді деген адамдардың өздері де алаяқтардың арбауына түсіп жатады. Сосын жәбірленушілер полицияға бірден шағымданбайды. Кейбірі тіпті алданып қалғанына ұялып, арыз жазуға да келмейді. Мұндай сәттер өте көп. Сөйтіп жүргенде біраз уақыт өтіп кетеді, алаяқтар ақшаның ізін жасырып үлгереді", - дейді департаменттің аға жедел уәкілі.
Оның айтуынша, интернет алаяқтық, әсіресе, COVID-19 пандемиясы кезінде қатты күшейген. Сол кездері бір жылда 7 733 қылмыстық іс тіркеліпті.
Былтыр интернет алаяқтық бойынша 4 мыңға жуық қылмыстық іс ашылып, 2 мыңға тарта адам жазаланған.

Алаяқтардың айласы қандай

Қазір алаяқтықтың ең көп таралған түрі – "полициядан" немесе "банктен" қоңырау шалу. Қаскөйлер өздерін тәртіп сақшысы немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіні қорқытуға көшеді.
Мәселен, Ашжановтың айтуынша, осындай оқиғаның бірі Ақтөбе облысында болған. Алаяқ зейнеткерге телефон соғып, өзін полицеймін деп таныстырған. Қарт әйелге "немереңіз жол апатына түсті, тез арада ақша тауып бермесеңіз, қылмыстық іс қозғалады" деп айтқан. Ақшаны курьер арқылы жіберуді сұраған. Немересінің тағдырына алаңдаған апа бәрін бұлжытпай орындаған. Алайда "сәлемдемені" алып кетуге келген курьер зейнеткердің қобалжып тұрғанын байқап, жарты жолда пакетті ашып қараған. Ақшаны көргеннен кейін дереу полиция шақырған. Осылайша алаяқтардың арам пиғылы іске аспай қалды.
Алаяқтар үшін оңай жолмен пайда табудың тағы бір жолы – қолма-қол ақшаны көбейту.
Мысалы, Астана тұрғыны осылай бір ай ішінде 100 млн теңгесінен айырылған. Шетелден әрекет еткен алаяқтар оны "ақшаңды еселеп береміз" деп сендірген. Зардап шегуші де үшінші тұлғалар, мультикасса, басқа шоттар арқылы ақша аударып тұрған. Отыз күннен кейін алданғанын түсініп, полицияға арызданған. Алайда ақшасын сол күйі қайтыра алмады, алаяқтар блокчейн арқылы шығарып үлгерген.
Бүгінде онлайн сауда да алаяқтардың табыс көзіне айналып отыр. Азаматтар көбіне алдын ала төлем жасау арқылы сан соғып қалады.
"Дауыс беріңіз" деп келетін күмәнді сілтемелер де алаяқтардың айласы болуы мүмкін.

Премьердің атын жамылып, ақша сұрағандар кім

Интернет алаяқтарының айла-шарғысы таусылар емес. Жуырда премьер-министр Олжас Бектеновтің атын жамылып, елден ақша сұрағандар болды.
Қаныш Ашжановтың ақпаратына сүйенсек, жалған парақша бойынша шығын келтірілмеген.

"Премьер-министрдің атынан ашылған парақшалар бұғатталды. Анықтау барысында іздері шетелге шығып жатыр", - деп мәлімдеді полиция майоры.

Жалпы ішкі істер министрлігі былтыр 23 228 парақшаны анықтап, бұғаттауға жіберген. Соның ішінде экстремизм бойынша – 15 444, есірткі – 2 332, порнография – 3239, қаржы пирамидасы және қолма-қол ақшаны көбейту – 1542, интернет казино бойынша – 268 парақша бар.
Ал 2024 жылғы үш айда 1 600 парақша анықталып, бұғаттауға жіберілді.
"Интернет кеңістігінде шекара жоқ. Әлеуметтік желілерден жалған парақша ашатындар Қазақстанның ішінен де, шетелден де болуы мүмкін. Мысалы, Ресей, Украина, ТМД елдерінен әрекет ететіндер бар", - дейді жедел уәкіл.
Ашжановтың айтуынша, қазір жалған парақшаларды мәдениет және ақпарат министрлігі бұғаттайды. Ішкі істер министрлігі осы функцияны өздеріне алғысы келеді.
"Біз жалған парақшаларды анықтап, бұғаттау үшін мәдениет министрлігіне жолдаймыз. Уақыт жоғалтпау үшін бұғаттауды бізге беру туралы ұсыныс тастадық. Қазір осы мәселе қаралып жатыр", - дейді ол.
Сондай-ақ ІІМ үшінші тұлғалардың, яғни "дропперлердің" жазасын қатаңдатуды ұсынған.
В Казахстане обсуждают усиление ответственности за кредитные мошенничества. С развитием онлайн-услуг число интернет-мошенничеств возросло в 2,3 раза - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.07.2023
Интернет алаяқтық неге ұзақ тергеледі – министрлік себебін түсіндірді
Жаңалықтар
0