Әлем

Петербургтегі теракт: қазақстандық Максим Арышев деген кім

Жазылу
Максим Арышев Санкт-Петербург экономикалық университетінің үшінші курсында оқиды екен

АСТАНА, 4 сәуір- Sputnik. Болжам бойынша, Санкт-Петербург метросындағы жарылыста қаза табуы мүмкін Қазақстан азаматы Максим Арышев қарапайым әрі ізетті студент болған деп хабарлады Максимнің университеттегі таныстарының бірі Sputnik Қазақстан агенттігіне.

Қазіргі уақытта белгілі деректерге сәйкес, Максим Арышев Санкт-Петербург экономикалық университетінің үшінші курсында оқиды екен. Туған қаласы — Алматы. Желідегі жеке парақшасына қарағанда, математика мен информатикаға әуес жан.

"Бірнеше рет студенттік сауық кештерде көргенмін. Қателеспесем, мамандығы бағдарламалаушы болатын, қарапайым оқымысты студент. Мінезі жуас, дене бітімі арықтау келген жігіт. Әдеттегі студенттер секілді компьютер ойындары мен телехикаяларды жақсы көретін. Мұндайға қатысы бар деп ойламаймын", — дейді есімін атағысы келмеген жігіт.

Взрыв в метро в Санкт-Петербурге - Sputnik Қазақстан
Қоғам
ҰҚК: Қазақстан азаматы Арышев Петербургтегі терактінің құрбаны болуы мүмкін

Бастапқыда Арышевтің теракт жасауға қатысы бар деген мәлімет тараған болатын. Кейінірек Қазақстанның ҰҚК бұл ақпаратты терістеп, жігіттің теракт құрбаны болуы мүмкін екендігін айтты.

Максимнің туыстарының айтуынша, соңғы рет жігітпен 3 сәуір күні сағат 14:30-да сөйлесіпті, ол сабақтан шығып, метромен үйге бара жатқанын айтқан екен. Теракт кезінде "Сенная площадь" станциясында болыпты. Максим жарылыстан бір минут бұрын әлеуметтік желіге қосылған.

ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековтың сөзіне сүйенсек, Максимнің анасы баласының тағдыры туралы білу үшін түнде Санкт-Петербургке ұшақпен аттаныпты.

Жаңалықтар
0