02:35 13 Қараша 2019
Тікелей эфир
  • USD388.81
  • EUR429.01
  • RUB6.08

Мария Бутина: АҚШ-та түрмеде мені Раша дейтін

© Sputnik / Виталий Белоусов
Ресейде
Қысқа сілтеме алу
97 0 0

Ресейлік Мария Бутина 18 ай америкалық түрмеде отырды. Бүгін, 26 қазанда ол Ресейге қайтып оралды. АҚШ-тың түрмесінде басынан не өтті, болашаққа жоспары қандай, соңғы бір жарым жылда не өзгерді? Бұл туралы Мария Бутина Sputnik пен RT-ға берген сұхбатында айтып берді

- Мария, АҚШ-та қамауда отырған бір жарым жылдан кейін елге оралып отырсыз. Қандай сезімдесіз?

Менің бүкіл өмірім екіге бөлінген секілді. Болған барлық жағдай менің басымнан өтпеген сияқты. Осы сезім мені ұстаған кезде құтқарған шығар.

- Түрмедегі соңғы күніңіз қалай өтті?

Бәрі жоспар бойынша болды. Таңғы сегізде алып кетеді деп жазылған қағаз берді. Бірақ мені таңғы алтыда алып кетті. Кассаға апарып, бүкіл ақшамды берді. Түрмеде отырған уақытта ай сайын мен 28 доллар 80 цент ақша таптым. Ол жерде жұмыстан бас тарта алмайсың. Америкалық түрме жұмақ дейтіндер қателеседі, ол жерде нағыз тозақ. Содан кейін мені торға апарып, қамап қойды. Мен таңғы ас сұрап едім, берген тамағын тамақ деп айтуға келмес. Тіпті таңғы ас та қарастырылмаған болып шықты.

Содан бір сағаттан кейін мені маршалдар алып кетті. Артқы есіктен алып шығып, екі көлікке отырдық – біреуіне мен, екіншісіне маршалдар. Мені көші-қон кеңсесіне алып келді, сол жерде тағы төрт сағат болдық, ешқандай тамақ берген жоқ. Сосын мені әуежайға апарып тастады.

© Sputnik / Виталий Белоусов
Мария Бутина Ресейге оралды

- Қандай заттарыңызды алуға рұқсат берді?

Бірнеше кітап, сосын жаңғақ алдым. Тамақ беретініне күмәнданып едім, ойлағанымдай болды. Тек ұшаққа отырған соң ғана жөнді тамақ іштім. Шынтуайтын айтқанда, Америка сотталушыларға жаман қарайды. Ал бөтен адамдарға ше? Одан бетер.

- Осынша уақыттан кейін бірінші рет ұшақта күзетсіз қалған кезде, басыңызға келген алғашқы ой қандай?

Мен көзімді жұмып, Құдайға алғыс айттым. Түрмеде қиналған кезде Библиядағы мына сөздерді жазып алып едім: "Сен мұхиттың тереңінде болсаң да, мен сенімен біргемін". Құдай әрқашан менімен бірге болды.

- Үйдегілер сіздің қайтып оралуыңызға қалай дайындалып жатыр?

Анам дайындыққа әлдеқашан кірісіп кеткен. Не жейтінімді сұрады. Шынымды айтсам, анам не сұраса да, бәрін айтамын. Бірақ не жейтінім, не киетінім маңызды емес. Бұл дайындықтың бәрі мен үшін де, олар үшін де психологиялық тұрғыда маңызды. Мен бұл күннің туатынын білдім, бірақ ол туралы ойлауға қорқатынмын, өйткені мені бірнеше рет алдап соқты. Әуелі кепілдікпен босатады деп ойладым, одан кейін үкім шығарған кезде қосымша мерзім берді. Сондықтан ұшақ жерден көтерілгенше, мені босататынына сенбедім.

- Ресейде алғашқы күндері не істеуді жоспарлап отырсыз?

Әзірге жоспарлау қиын, өйткені демалып, ойымды жинақтауым керек. Әлі де жағдайым мәз емес. Тек ата-анаммен кездесуді ғана ойлап жүрмін. Мені тұтқындаған кезде бір ғана ой болды: әке-шешем не болады? Олардың мен үшін қатты қорыққанын білемін. Қыздарының ұсталғанын жаңалықтағы жүгіртпе жолдан білген олардың жағдайы менен бетер қиын еді. Солар үшін қатты алаңдадым. Мәскеуде бір-екі күн боламын да, Барнауылға үйге жүріп кетемін.

© Sputnik / Виталий Белоусов
Мария Бутина Ресейге оралды

- Сізге тағылған айып қаншалықты күтпеген жерден болды?

Сандырақ қой, мен бұған сене алмадым. Қағаздағы айыпты көрген кезде, біреудің қалжыңы шығар деп ойладым - Twitter-хабарламаларымды қисынсыз аударып қойыпты. Бір мысал келтірейін, Бізде "Техника на грани фантастики" деген ұғым бар. Техника сөзін equipment (қондырғы, қару-жарақ – Sputnik) деп аударып, "Secret equipment" деп жазып қойған. "Техника на грани фантастики" – бұл құпия қондырғы емес, олай аударуға болмайды. Ресейде тұратын бұрынғы досыма жазған әзілді америкалық ұйымға кіру үшін жасалған талпыныс деп бұрмалап қойғандарын көрген кезде тіпті сене алмадым.

- Сізді сенат шақырған кезде, одан кейін бірінші досыңыздың, сосын сіздің үйіңізге тінтуге келген уақытта ешқандай күдік туған жоқ па?

Мен аңғал адам болған шығармын. Құқықтық елде тұрып жатырмын деген оймен өмір сүрген едім. Бұқаралық ақпарат құралдары мен туралы жиіркенішті мақалалар жазып жатты. Бірақ олар менің күлкімді келтіретін, өйткені мұның бәрінің сандырақ екенін білемін ғой.

- 18 ай қамақта болған уақытта ең қиыны не болды?

Ата-анамның жанымда болмағаны. Оларға хабарласуға да кейде мұрша бермейтін. Аптасына бір рет олардың дауысын естісем, соған қуанатынмын.

- Сіз көп уақыт бір кісілік камерада отырдыңыз. Ол жердегі жағдай қандай?

Адамдарды көрмейсіз. Он минутта тамақ ішесіз. Бөлімшеде тұратын басқа сотталушылармен кездесіп қалмау үшін тек түнде шығасыз, менің уақытым түнгі сағат бірден үшке дейін болды. Кейде ата-анама жарты сағат бойы хабарласа алмаушы едім. Уақыт біткеннен кейін есікті жабасың, жақындарыңмен сөйлесе алдың ба, жоқ па - ешкімнің шаруасы жоқ. 30 жасқа толған туған күнімде тереземнен қызыл кірпішке қарап тұрдым.

Сосын мені басқа бөлімшеге ауыстырды, ол жерде зорлық-зомбылық үшін сотталғандар отырды. Яғни, жағдайым нашарлай түсті. Далаға шығармайтын, тек спортзалға баруға болады. Баскетбол ойнайтын лас, бос орын. Сол жерде таңғы бестен алтыға дейін жүгірдім.

- Сіздің орыс екеніңізді түрмедегі басқа әйелдер қалай қабылдады?

Түрмеде бәрі тәуір қарайтын. Өйткені ұлтың маңызды емес. Ондай жерде адамның қандай екенін тез білуге болады, стрестік жағдайда өзіңді басқа адам ретінде көрсету мүмкін емес. Қыздар әртүрлі болды, олар жақсы өмірден отырған жоқ. Америкада бұған көз жұмады, оларды айлап, жылдап қамап қояды, кейін босатады да, қайтадан тоғытады.

- ФБР агенттері 52 сағат бойы сізбен не туралы сөйлесті?

Мені камерадан алып кетіп, тамақ береді. Үнемі жақсы тамақтандыратын. Бұл енді белгілі жағдай ғой.

Олар менен үкіметке жұмыс істейсіз бе деп сұрады. Мен бірден жоқ дедім. Олар кейде адамдардың жақсы істер жасайтынына, өйткені олардың екі елдің достығына сенетініне, адамдардың жалпы моральдық қағидалары бар екеніне, мәселен, өз-өзін қорғау құқығы үшін күресетініне сенбейтін. Олар тіпті 15 жасымда болған оқиғаның бәрін қазбалап біліп алған, бүкіл фотоларды тапқан, барлық досымды қарап шыққан, әжелерімнің атын да сұрады.

- Үкімді естіген уақытта, қандай сезімде болдыңыз?

Судья шешім шығарған кезде прокуратураның айыбына сүйенді. Ол ойлану үшін басқа бөлмеге шыққан да жоқ. Біз оның басқа үкімдерін зерделеп шықтық. Ол алғаш рет прокуратурамен келісіп тұр екен. Ол прокуратура сұраған мерзіммен келіспей, ылғи азырақ берген.

Үкімді естіген уақытта есеңгіреп қалдым. Мені сол күні босатады деп күткен едім. Бөлімшеге қайтып оралғаным, қыздардың мені құшақтап жұбатқаны есімде. Анама хабарластым, ол "Бекем бол! Бәрі артта қалады" деді.

- Сізге қиын уақытта не көмектесті?

Сенім. Құдайға деген сенім. Мен діндар адам болған емеспін, бірақ Құдаймен байланыс өте маңызды. Қамауда отырған күндері сенім маған әрі қарай күресуге күш берді.

- Таллахасси түрмесінде не болды? Ол жердегі адамдар қандай?

Ең қорқыныштысы – маршалдар жүйесі. Бұл адамды қорлау жүйесі, 16 сағат бойы дәретханаға жібермейді, су, тамақ бермейді. Одан кейін түрмелердің федералдық бюросына түскен кезде, ол жер жұмақ секілді болып көрінеді. Далаға шығарады, жақсы тамақтандырады.

Жалпы, адамдар ол жерде көп жыл отырады. Америка болмашы құқық бұзушылықтар болса да, көп жылға түрмеге отырғызып қояды.

- Түрмеде қандай жұмыс істедіңіз?

Мен математиканы оқыттым. Америкада біздегі ЕГЭ секілді емтихан бар. Түрмеде отырғандардың көпшілігінің білімі жоқ. Біздің мектеп оқушылары 30-40 жастан асқан қыздардан көп біледі. Олар көбейту, бөлу дегенді білмейді. Айтпақшы, олар қазір орысша бөледі, бар білгенімді үйретуге тырыстым. Бүкіл студентім емтихан тапсырды. Олардан бетер қуанған шығармын, өйткені емтихан тапсырғандардың бір жылдағы жеті күн мерзімін алып тастайды.

- Не үшін сіздің мерзіміңізді қысқартты?

Сабақ бергенім және жақсы тәртібім үшін мерзімді қысқартты. Бірде-бір құқық бұзушылық болған жоқ. Спортпен айналысып, жұмысқа барып жүрдім. Ыдыс жуатын бөлмеде істедім, мұздатылған тауықтарды жүк көлігінен түсіруге де атсалыстым.

Жұмысты таңдауға мүмкіндік болды. Бірақ алғашқы 120 күнде асханада жұмыс істеуге міндеттісің. Ыдыс жуатын жерде көбірек төлейді. Оқытушыға 17 доллар, ал ыдыс жуатындарға 28.80 доллар төлейтін.

- Достарыңыз болды ма?

Таллахассиде ең жақын құрбым бар. Ересек әйел, жасы 60-тан асқан, есімі Финляндия. Көп уақытымызды бірге өткізуші едік. Библияны бірге зерттедік. Ол менің қорғаушы періштем секілді болды. Әке-шешемі оны танымаса да, ылғи сәлем айтатын. Ол түрмеден шыққан кезде бізге келеді деген үміттемін. Ол менің тәлімгерім, тірпті екінші анама айналды десем артық айтпаспын.

Мені бәрі Раша (Russia) деп айтатын. Раша, бері кел! Иә, біз Финляндия және Ресей болдық.  

- Америка мен америкалықтарға ренішіңіз бар ма?

Жоқ. Өйткені, америкалық халықты бүгінде біз аяуымыз керек секілді. Олар өз елін жоғалтып жатыр. Оларда әділ сот жоқ.

Загрузка...

Басты тақырып