Әлем

Мәскеудегі Жеңіс парады: қазақстандықтар Қызыл алаңға шығады

© Sputnik / Илья Питалев / Медиабанкке өтуУкрашение Москвы к параду Победы
Украшение Москвы к параду Победы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ресей президенті Владимир Путин әскери парадты қабылдап, шет ел басшыларымен бірге Белгісіз солдаттың қабіріне гүл шоқтарын қояды 

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Ресейдің астанасы – Мәскеу қаласында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парад өтеді.

Салтанатты шараға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастап барған делегация да қатысады. Ал қазақстандық әскерилер басқа елдердің жауынгерлерімен бірге Қызыл алаңнан жүріп өтеді.

Ресей президенті Владимир Путин әскери парадты қабылдап, шет ел басшыларымен бірге Белгісіз солдаттың қабіріне гүл шоқтарын қояды. Одан кейін Кремльдің Үлкен сарайында Ресей президентінің атынан салтанатты қабылдау ұйымдастырылады.

Парадқа 13 елдің делегациясы қатысады деген жоспар бар. Олардың ішінде Әзербайжан, Армения, Беларусь, Өзбекстан, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Молдова, Моңғолия, Сербия, Тәжікстан мен Түрікменстан бар.

Парад тікелей эфирде көрсетіледі 

Қызыл алаңдағы Жеңіс Парады Мәскеу уақыты бойынша сағат 10.00-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша – 13:00-де) басталады. Тікелей эфир "Россия 1", Первый канал және НТВ арнасы арқылы көрсетіледі.

Қазақстаннан Парадқа кімдер барады

26 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенін хабарлаған болатын. Сол кезде Ресей басшысы Қазақстан президентін Жеңіс парадына құрметті қонақ ретінде қатысуға шақырған.

Тоқаев твиттердегі парақшасында: "Шақыртуды ризашылықпен қабылдадым", - деп жазды.

Қазақстан қарулы күштерінің десанттық-шабуылдаушы әскерінің сарбаздары да Жеңіс парадына қатысу үшін Мәскеуге аттанған болатын. Оларды Құрлықтағы әскерлердің бас қолбасшысының әскери дайындық жөніндегі орынбасары, генерал-майор Дәулет Оспанов бастап барды. Олар Мәскеуге аттанар алдында карантинде болды. 

Салтанатты шараға Қазақстанның қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев та қатысады. Оған ресейлік әріптесі Сергей Шойгу арнайы шақыру жіберген. Нұрлан Ермекбаев осы сапардың алдында оқшауланып, қарамағындағы адамдармен қарым-қатынасты шектеді.

Қазақстандық еріктілер парадқа бара алмады

2019 жылы мамыр айында "Жеңістің еріктілері" бүкілресейлік қоғамдық қозғалыстың орталық штабының төрағасы Ольга Амельченкова қазақстандықтарды Жеңістің 75-жылдығына арналған еріктілер командасына қосылуға шақырған.

"Атамның аманаты" қоғамдық бірлестігі коронавирус пандемиясына байланысты қазақстандық еріктілердің Жеңіс парадына шыға алмағанын хабарлады.

Мерекелік шерудің ауқымы кең 

Жеңіс парадына 13 мыңнан астам әскери қатысады. Бұдан бөлек, 234 дана заманауи және тарихи әскери техника шығарылады. 

Көрерменнің назарына танктерді қолдауға арналған "Терминатор" жауынгерлік машинасы, өздігімен жүретін "Коалиция-СВ" мен "Мста-СМ" гаубицалары, Т-90М мен "Армата" танктері, "Бук-М3", "Тор-М2" пен С-400 зениттік зымыран кешендері, сондай-ақ, 75 ұшақ пен тікұшақ ұсынылады.

Шеру кезінде 1945 жылы 24 маусымда болған әскери парадтың элементтері қолданылады. Мәселен, шара басында "Мерекелік қарсы алу маршы" орындалады. 900 музыкант салтанатты оркестр құрап шығады.

1945 жылы 24 маусымда Қызыл алаңда өткен парад

1945 жылы 24 маусым күні Қызыл алаңда КСРО-ның Ұлы Отан соғысында фашистік Германияны жеңуіне арналған парад өткен болатын.

Парадты Жоғары бас қолбасшысының орынбасары, 1-ші Белорус майданы әскерлерінің қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы Георгий Жуков қабылдады. Ол кезде тәртіп бойынша парадты атқа мініп қабылдау қажет болған. Сталиннің жасы келген. Атқа салт мініп жүру де оңай емес.  Содан ол Жуковты шақырып: "Сіз жастаусыз, сосын кавалеристсіз, сондықтан парадты өзіңіз қабылдайсыз", - деп айтқан.

Ал 2-ші Белорус майданы әскерлерінің қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы Константин Рокоссовский парадты басқарды.

Мәскеудегі Жеңіс парадтарының тарихы

1945 жылы болған бірінші парадтан кейін әскери шеру 9 мамырда тек мерекелік даталарда - 1965, 1985 және 1990 жылдары ұйымдастырылды. 

1996 жылдан бастап Қызыл алаңдағы әскери парадтарды жыл сайын өткізе бастады. Бірақ әскери техника қатысқан жоқ. 

2000 жылы 9 мамырда соғыс ардагерлерінің шеруі соңғы рет ұйымдастырылды. Келесі жылдан бастап оларды мінберге отырғызды.

2010 жылы Жеңістің 65 жылдығына арналған әскери парад бұрын-соңды болмаған көлемде өтті. Тарихи бөліміне алғаш рет ТМД елдерінің қатысушылары және антигитлерлік коалицияның одақтастары қатысты. 

2015 жылы Жеңістің 70 жылдығы аталып өтті. Қызыл алаңға 30-ға жуық елдің президенттері жиналды. Олардың арасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та болды.

2020 жылы Жеңіс парады кейінге шегерілді

2020 жылы сәуірдің ортасында Ресей президенті Владимир Путин эпидемиологиялық жағдайға байланысты Жеңістің 75 жылдығына арналған парадты кейінге қалдыруға шешім қабылдады.

9 мамырда Ресей қалаларында әуе парадтары мен мерекелік салюттар ұйымдастырылды. Ал "Мәңгілік полк" онлайн форматта 20 күнге созылды. Трансляцияны әлем бойынша 25 миллион адам қарады. 

Қазақстанда әскери парад ұйымдастырылған жоқ. Пандемияға байланысты салют те атылмады. Көпшілік шараларға тыйым салынды. Алайда соғыс ардагерлері назардан тыс қалмады. Оларды мемлекет басшысы, шенеуніктер, әскерилер, еріктілер мен қоғамдық ұйымдар құттықтап шықты.

Жаңалықтар
0