05:13 28 Мамыр 2017
Тікелей эфир
Мечеть в Алматы

Қайрат Жолдыбайұлы: мекемелерде де айт мерекесі аталып өтілсе нұр үстіне нұр болар еді

Sputnik / Анатолий Устиненко
Сараптама
Қысқа сілтеме алу
43 0 0

Мейрамдардың сұлтаны - Құрбан айт барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Ертең, яғни 12 қыркүйек, сол қасиетті мейрамның алғашқы күні.

АСТАНА, 11 қыр — Sputnik. Мейрамдардың сұлтаны — Құрбан айт барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Ертең, яғни 12 қыркүйек,  сол қасиетті мейрамның алғашқы күні. Осы орайда баршаңызға Құрбан айт құтты болсын, дей отырып, дінтанушы, Islam.kz сайтының бас редакторы Қайрат Жолдыбайұлына Құрбан айт мерекесін атап өтуге қатысты сұрақтар қойып, ол кісінің пікірін сіздермен бөлісуді жөн көрдік. 

- Әлем мұсылмандары бұл күні Алланың разылығы үшін құрбандық шалып, Жаратушымыздың шапағатына бөленуге тырысатыны белгілі. Осы Құрбан айт мерекесі Сіздің пікіріңізше, елімізде лайықты деңгейде атап өтіледі ме?

– Аллаға шүкір, елімізде құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде тойланып жүр. Дін бостандығы болмай тұрған Кеңес үкіметі кезінің өзінде қазақ малын құрбандыққа шалып, бір-бірінің үйіне айттап жүрген. Ал тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жиғаннан кейін ресми мерекеге айналып, демалыс берілді. Еліміздегі мұсылмандар ғана емес, өзге дін өкілдері де құрбан айт мерекесінің лебін сезуде. 

Бұған қоса құрбан айт жақындағанда отандық телеарналарда осы тақырыпқа арналған бағдарламалар көбейсе, әр қалаға мерекемен құттықтаған үлкен билбортар көбірек ілінсе, ізгілікке үндейтін түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, мекемелерде де айт мерекесі аталып өтілсе нұр үстіне нұр болар еді.      

– Басқа мұсылман елдерімен салыстырғанда біздегі айт мерекесін атап өтуде өзгешелік бар ма?

– Біздің мемлекетте айт мерекесін тойлау өзге елдерге қарағанда артық болмаса, кем емес. Артық көріп отырған себебім, басқа мұсылман елдерінде мал құрбандыққа шалынып, таратылып беріліп, жұрт үйді-үйіне тарқап кетуі мүмкін. Ал бізде әр қазақтың дастарханы молынан жайылып тұрады, кім келсе де есігі ашық әрі келген адамды айт дастарханынан дәм татырмай жібермейді. Айт күні табалдырығын бала аттаса да, оны үлкен қонақтың жолымен күтіп, шығарып салады. Және «мынанша адамның үйіне айттап баруым керек» деп, баруы тиіс үйлердің тізімін бекітіп қоятынын қайтерсің?! Осының барлығы айт күні адамдарға ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

- Құрбан шалу кімге міндет және кім одан  босатылады? 

— Төмендегі талаптарға сай әр адамға құрбандық шалуы уәжіп: Мұсылман  болуы керек; Тұрғылықты (жолаушы болмау) Ақыл-есі дұрыс; балиғатқа толған; Бақуатты. (Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе осы құнға тең келетін артық мүлікке ие болу).

Бұл дегеніміз,  бір отбасыдағы кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс және де өзінің жеке байлығы  бар ұл-қыздары мен өзінің жеке байлығы  бар зайыбы да өз алдына бір қой құрбандық шалуы тиіс. Әкесінің шалған бір қой құрбандығы оларға жүрмейді.

Бірақ, өз дүниелері болмаса, отағасының шалған құрбанының сауабы оларға да жазылады. 

- Құрбан шалудың орнына малдың құнымен садақа беруге болады ма?

— Құрбан шалудың шарты – мал сойылуы керек. Садақа құрбанның орнына жүрмейді.

- Құрбан айт мерекесінде құрбан шалудан басқа қандай шарттар бар?

— Құрбан шалудан басқа, кәмілетке толған ер кісілерге айт намазын оқу уәжіп. 

- Бұрындары Айт күні үй сыпырмайды, кір жумайды дейтін, бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Егер мұндай тыйым салулар бар болса, ол немен байланысты? Бұған айтар нақты уәж бар ма?

— Айт күні кір жуып, үй тазалауға болады. Ондай түсінік қазақтың дәстүрінде де, дінде де жоқ. Әлдебіреулердің қате түсіндірулерінен туындаған болса керек. Дегенмен, тазалықты дәл айт күніне қалдырмай, одан бұрын орындаған абзал.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

Басты тақырыптар