10:52 28 Мамыр 2017
Тікелей эфир
Сиырлар

Төрт-түлік мәселесі: АШМ әкімшіліктерді қалай "түйнемеледі"

© Sputnik / Рамиль Ситдиков
Сараптама
Қысқа сілтеме алу
ҚР үкіметінің отырысы (15)
34 0 0

Қазақстанда ветеринария саласында бақылау функциясын жергілікті әкімшілікке беру төрт-түлік мал арасында бірнеше мәрте дерт туғызды, қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімшіліктерді дерттің салдарымен күресуге үйретіп жатыр.

АСТАНА, 14 қар — Sputnik, Дмитрий Покидаев. Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов дүйсенбі күні адамға жұғатын мал дертіне қарсы күрестегі әкімшіліктердің жеткен жетістігі туралы хабарлады. Алайда оның баяндамасына сүйенсек, бұл мәселеде атқарылуға тиіс іс-шаралардың көлемі жеткен жетістіктерге қарағанда анағұрлым көп болып шықты.  

Еске сала кетсек, 2014 жылғы мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру үдерісі барысында ветеринария саласындағы бүкіл орындаушы қызметтер мен бақылау қызметтерінің бір бөлігі "1097 штаттық бірлігі бар" жергілікті әкімшіліктердің қолына тапсырылған еді.  Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі бұл сандық көрсеткішті атап өту арқылы жергілікті басқармада ветеринария мамандарының бар екенін меңзегісі келгені анық. Яғни, АШМ жергілікті атқарушы органдарды қажетті мамандармен қамтамасыз етіп отыр, одан артық не керек.

Бұдан былай, дейді спикер, ветеринария саласындағы барлық функциялар әкімшіліктің мойнында болады: олардың қатарына ұйымдастыру шаралары, екпе жүргізу және жануарларды сәйкестендіру, ветеринарлық тексеру және санитарлық мал сою кіреді. Сонымен қатар, ветеринарлық анықтама беру, ішкі сауда нысандарын бақылау, ауруханаларды, дәріханалар мен ветеринарлық-сантиралық сараптама зертханаларын, өндіріс нысандарын және ең бастысы мал қорымдарын қадағалау да бар.

"Министрліктің міндетіне ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау және импорттауға, ветеринария саласындағы әкімшілік қызметіне, сондай-ақ саланы заңнамамен қамтамасыз етуге қатысты бақылау және үйлестіру функциялары жатады", — деді Айтуғанов. Ол жағымды-жағымсыз барлық салдарларға әкімшіктің жауапты екендігін атап өтті.

Түйнеме тектен-тек шыққан жоқ

Аталған функциялардың бәрі әкімшілік қолына тапсырылғаннан соң, ың-шыңсыз уақыт зымырап өте берді: ештеңеден бейхабар сиырлар бұзаулап, ірі қара мал семіре берді, отандық өндірушілер Ресей мен Қытай нарығына шығуды аңсай бастады. Бірақ осы жазда қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман күрт тоқтады. Еліміздің бірнеше аймақтарында түйнеме дерті шығып, тіпті адамдарға да жұғып кетті. Соның салдарынан шетелдік нарық туралы армандар көзден бұлбұл ұшып кете барды.

Тағы да кінәлі – әкімшілік: мал қорымдары ережеге сай қоршалып, бетонмен құйылмаған болып шықты. Түйнеменің өршуіне себеп сол ма, әлде басқа ма байыбына барып жатқан ешкім жоқ, әйтеуір, әкімшіліктерге тездетіп мал қорымдарын ретке келтіруге тапсырма берілді. Жергілікті билік органдары да мал қорымдарын қалай жөндеулерін білмей дал болған екен, АШМ мәліметінше, бұл мәселе әлі де бірнеше аймақтарда шешілмеген көрінеді. 

"Айта кетсек, осы кезеңде әкімшілік белгілі бір жұмыстар атқарды: оның ішінде, түйнеме жұқтырған жануарлардың қосымша  255 қорымы белгіленді, 620-сы қоршалып, 761-іне айыратын белгілер қойылды, мемлекеттік жер кадастріне 426 қорымның координаттары енгізілді", — деп Айтуғанов бұл мәселе бойынша біраз шаруа тындырғандарды мақтады.

Алайда мәселе толық шешілді деуге әлі ерте: қазіргі уақытта 2670 тіркелген түйнеме қорымдарының 2145 ғана белгіленді, яғни жазық далада емін-еркін жайлып жүрген төрт түлік малдың тағы бір жерден түйнеме жұқтырмасына кепілдік жоқ. Белгіленген қорымдардың 125-іне әлі күнге дейін белгі қойылмаған. Тағы 271 қорым қоршалмаған. Қорыта айтқанда, 462 белгіленбеген қорымды әкімшіліктер әлі де іздестіріп жатыр. 

"Тоңазытқышты тоққа қоссаңыздаршы"

"Баяндамадан түсінгеніміздей, бұл бағытта бірталай жұмыстар атқарылып жатыр, бірақ кемшіліктер де жоқ емес", — деді үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев. Бірақ бұл мәселемен өзі жеке айналыспайтындығын жасырған жоқ: "Асқар Исабекұлы, өзіңіз қадағалаңыз", — деді ол ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке. 

"Жергілікті әкімшіліктер тарапынан біршама қателіктер кеткендігі де айтылды. Сол себепті жауапкершілікті арттыру үшін шара қолдануға тиіспіз. Кереғарлықтар болмас үшін, бәрін анық-қанығына шейін қарастыруымыз керек. Кімнің неге жауапты екенін анықтап, келесі жылға іс-шаралар жоспарын бекіту қажет. Сол себепті әрқайсынан жауап алмаса болмайды, — деп Сағынтаев АШМ басшысына түсіндірді. – Сондықтан іске кірісу қажет, Асқар Исабекұлы. Келесі жылы шара қолданамыз деп қорқытудың керегі жоқ. Оданда қажетті құжаттарды жасап, бұл жұмысты заң жүзінде орындаған жөн".

Мал қорымдары ғана емес, екпе жұмыстары бойынша да шара қолданбаса болмайды: бұл функцияны да жергілікті әкімшіліктер дұрыс атқармай жатқан көрінеді.

"Биыл тамызда өткізілген тексеру нәтижесінде бірқатар аймақтардан адамның ақылына сыймайтын фактілер анықталды, — деп мәлімдеді Айтуғанов. – Мәселен, Атырау облысында 72 ветеринарлық пунктінің 33-інде дәрі-дәрмек сақтайтын тоңазытқыш болмай шықты. Қостанай облсында 12 жерде дәрі-дәрмекті тоңазытқышта сақтамаған, алты ветеринарлық пунктіде электр жарығы жоқ екен", — деді ол.

Е-Хасенов пара алмайды

"Сатып алынатын екпе сапасын бақылауды күшейту үшін сертификатталған халықаралық зертханалар тартылатын болады, — деді министр орынбасары. – Биыл тамызда түйнемеге қарсы екпенің сапасын тексеру үшін Украина мен Эфиопия зертханаларына үлгілерді жібердік. Нәтижесі дұрыс болмағандықтан, деректерді құқық қорғау органдарына бердік, қазір солар бойынша тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Заңнама бойынша ветеринарлық дәрі-дәрмек өндірушілерді лицензиядан айыру механизмі реттелмеген. Қазіргі уақытта лицензиялардың жарамдылық мерзімі  шектелмеген әрі оны кері қайтару үшін негіздемелер қарастырылмаған. Сол себепті лицензиядан айыру үшін қажетті негіздемелерді ұсынып, заңнамаға өзгерістер енгізу жоспарлануда", — деді ол.

Ветеринарлық қадағалау департаментінің басшысы Сақташ Хасенов ет өнімдерін экспорттау және импорттауға рұқсат бергені үшін пара алды деген күдікпен ұсталғаннан соң, ауыл шаруашылығы министрлігі бұл үдерісті электронды түрде жүргізуге шешім қабылдады: импорттаушылар мен экспорттаушылар рұқсат беруші лауазымды тұлғалармен тікелей тілдеспес үшін, бұл мемлекеттік қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы немесе электрондық үкімет веб-порталы бойынша көрсетілетін болады.

Тақырып:
ҚР үкіметінің отырысы (15)

Басты тақырыптар