09:47 21 Тамыз 2019
Тікелей эфир
  • USD386.91
  • EUR428.81
  • RUB5.79
Алтын алқа иегері үйдегі бес баласымен отыр

"238 теңге үшін көмектен құр қалдым" Жеті баласы бар батыр ана неге ашынды?

© Sputnik / Владислав Воднев
Елорда тынысы
Қысқа сілтеме алу
256920

"Алтын алқа" иегерінің жеті баласымен бірге Астанада пәтер жағалап жүргеніне он төрт жылдың жүзі болған

АСТАНА, 9 ақпан – Sputnik, Нұргүл Абай. Астанадағы бес баланың қазасы барша қазақтың қабырғасын қайыстырып қана қоймай, біраз мәселенің шетін шығарды. Тіпті,  үкіметтегілердің өздері де көп балалы отбасыларға көрсетіліп жатқан көмектің мардымсыз екенін мойындауға мәжбүр болды. Ауыр трагедиядан кейін елордалық аналар бас көтеріп, билікке мұң-мұқтаждарын жеткізген еді. Sputnik Қазақстан тілшісі жеті баланы дүниеге әкелген батыр ананың үйінде болып, көп балалы отбасының тұрмысын өз көзімен көріп қайтты.

"Алтын алқа" иегері ретінде алатын жәрдемақысы – 16 мың теңге

40 жастағы Лаура Базарбаева – "Алтын алқа" иегері. 2005 жылы жұбайы екеуі балаларын ертіп күнкөріс қамымен Қызылордадан солтүстікке көшіп келген. Бүгінде жеті баласы бар батыр ана 14 жылдай пәтер жағалап жүр.

Батыр ана Лаура Базарбаева
© Sputnik / Владислав Воднев
Батыр ана Лаура Базарбаева

2015 жылы отбасы қала маңындағы екі бөлмелі "времянкаға" қоныс аударады. Бір үйдің тоғыз жаны туысқандарына тиесілі аядай бөлмеде өткен жылдың қарашасына дейін тұрып келген. Ал қыс түсіп, аязды күндер басталғанда, туысқандары жанашырлық танытып, жер кепенің қарсысындағы жер үйін босатып берген.

"Ағайынымыз оңтүстікке кетіп, "қыста тоңып қалмаңдар" деп үйін босатып берді. Жазда қайтадан "времянкаға" ауысамыз. Біздің жағдайымызды көріп-біліп жүрген адам ғой, баспана үшін ақша сұрамайды. Бірақ, тегін тұруға біз де ұяламыз, сондықтан 15-20 мың теңгемізді беріп тұрамыз", — дейді көп балалы ана.

Батыр ананың айтуынша, үйді ағайындары сатылымға қойыпты. Сатып алатын адам табылса, көп балалы отбасы тағы да далада қалуы мүмкін.

Үй іші кең болғанымен, жөндеу көрмегені бірден байқалады. Қақаған аязда төрт бөлмелі үйді жылыту да оңай емес деп мұңын шағады астаналық әйел. Жеті баланы дүниеге әкелгені үшін қолына ай сайын алатын 16 мың теңге жәрдемақы "қай жыртығымды жамауға жетеді" деп налиды.

"Құбырлар қатып қалмас үшін күні-түні пеш жағамыз. Көмірді өзіміз сатып аламыз. Бір тоннасы 15 мың теңге. Қыс басталғалы бес тонна көмір жағып тастадық. Күніне алты шелек көмір кетеді. Газ баллонын да сатып аламыз, біреуі 15 күнге ғана жетеді. Ал біреуі 1400 теңге тұрады", — дейді Базарбаева.

Айтпақшы, Астанада бес қыздың өмірін жалмаған жойқын өрттен кейін жер үйлерге барып, қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп жатырмыз деген "төтеншеліктер" әзірге бұл үйдің есігін қақпапты.

Базарбаевтар отбасы тұрған времянка
© Sputnik / Владислав Воднев
Базарбаевтар отбасы тұрған "времянка"

"Дүкенге азық-түлік үшін 63 мың теңге қарызбын"

Отбасының басты асыраушысы дәл қазір Лаура Базарбаеваның өзі. Жұбайы үш жыл бұрын жұмыс орнында қысқарту болып, жұмыссыз қалған. Оның үстіне денсаулық жағдайына байланысты есепте тұр екен. Тек ара-тұра ақша табу үшін уақытша жұмыстарға шығып тұратын көрінеді.

Ал көп балалы ана елордадағы қонақ үйлердің бірінде кір жуатын жерде жұмыс істейді. Ай сайынғы жалақысы – 80 мың теңге. Кей кезде түнгі ауысымға қалып, еден жуып, бөлмелерді тазалап, қосымша ақша табады екен. Ондай күндері балаларына әкесі бас-көз болады.

"Мойныма тағылған "алтын алқам" шаң басып жатыр. Ешқандай пайдасын көрмедім. Жеті бала үшін небәрі 16 мың теңге ғана төлейді. Азық-түліктің өзіне жетпейді ол. Базар дегенді атымен ұмыттым. Осы маңда дүкен бар, содан қарызға аламын. Қазір мен оларға 63 мың теңге берешекпін. Көп балалы ана ретінде қоғамдық көлікте тегін жүретінім болмаса, үкіметтен басқа жәрдем жоқ", — деп ағынан жарылды астаналық әйел.

Айтуынша, 80 мың теңге жалақысы мен мемлекеттен төленетін 16 мың теңгенің жартысынан астамы дүкендегі қарызын жабуға кетеді. Оның үстіне, теледидар үшін алған ай сайынғы несиесі тағы бар.

238 теңге үшін атаулы әлеуметтік көмектен құр қалды

Лаура Базарбаева атаулы әлеуметтік көмектен де үмітті болған, алайда екі рет құжат тапсырса да, 238 теңге үшін ілікпей қалыпты.

"Маған атаулы әлеуметтік көмек те көрсетпейтін болды. Өйткені "азық-түлік себетінен" 238 теңге артық шығып тұр екен. Оны алу үшін жалақым ең кемі 40-50 мың теңге шамасында болуы керек деп айтты. Балаларымды мұндай ақшаға қалай асыраймын", — деп мұңаяды ана.

Батыр ана пәтер кезегінде 2011 жылдан бері тұр. Ең алғаш тіркелген кезде, 11 мыңыншы болса, қазір 5 мыңыншы орынға көтерілген.  

Базарбаевтар отбасы тұратын жер үй
© Sputnik / Владислав Воднев
Базарбаевтар отбасы тұратын жер үй

"Жалақымның аздығынан ешбір тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмаймын. "7-20-25" бойынша да сұрастырып көрген едім. Маған айлығыңыз кем дегенде 400 мың теңге болуы керек деді", — дейді шарасыз әйел.

"Балаларыма соңғы рет қашан жаңа киім әпергенім есімде жоқ"

Базарбаевтар отбасында – үш қыз және төрт ұл. 1997 жылғы Сәния есімді үлкен қыздары былтыр күзде Қызылордаға ұзатылыпты. Тұңғышының артынан ерген 2002 жылғы Оңдасын қазір колледжде "автомеханик" мамандығы бойынша білім алады. Тегін емес, жылына 150 мың теңге төлеп оқиды.

Он жыл қазақ күресімен айналысып жүрген ол Астана құрамасының атынан түрлі чемпионаттарда бақ сынаған. Қазақстан чемпионы, дзюдодан әлем чемпионы деген атақтары да бар. Әкесі мен анасының көмекшісі, сабақтан қолы қалт еткен кезде, ауыр-жеңіл жұмыстарға араласып, ақша табады.

Одан кейін 2004 жылғы Айсана мен 2011 жылғы Аяна есімді қыздары бар. Бекназар есімді ұлдары 2013 жылы туған. Ал үйдің кенжесі – Әмір және Дамир есімді егіз ұлдар. 2015 жылы дүние есігін ашқан.

"Кішкентайлар үйде, балабақшаға бармайды. Мемлекеттік балабақшаның өзі бір бүлдіршін үшін 20 мың теңге сұрайды. Ал оған беруге менің ақшам жоқ", — дейді Лаура Базарбаева.

Тіпті мектептердің өзінде көп балалы отбасыдан шыққан балаларға жеңілдік жоқ екенін айтып шағымданды.

Батыр ананың тұңғыш ұлы Оңдасын інілерімен
© Sputnik / Владислав Воднев
Батыр ананың тұңғыш ұлы Оңдасын інілерімен

"Былтыр қызым алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Оның формасына өз қалтамнан 47 мың теңге төледім", — дейді елордалық әйел.

Бір жақсысы, көп балалы отбасына ағайын-туысқаны қол ұшын созып, көмектесіп отырады екен.

"Балаларыма соңғы рет қашан киім әпергенім есімде жоқ. Алыстағы ағайындар киім-кешек жіберіп, қолдан келер көмегін көрсетіп жатады. Анам арасында зейнетақысының 15 мың теңгесін салып жібереді", — дейді ол.

Аптаның алты күнін нәпақа табумен өткізетін ана бала тәрбиесімен айналысуға да уақыт жоқ дейді. Тіпті отбасымен қыдыруға шықпағанына да ұзақ уақыт болыпты.

"Балаларымды құшақтап, жыладым"

Астанада көп балалы отбасының басына түскен ауыр қайғы Базарбаевтар жанұясының да қабырғасын қайыстырған.  

"Қара жамылған отбасына көңіл айтамын. Сол хабарды естігенде, балаларымды құшақтап жыладым. Жұмыста жүрген кезде, балаларымды уайымдап, қорқамын. Түнде жұмыс істеу "өз таңдауың" деп айтып жатыр. Қалай сонда? Егер жәрдемақы жоғары бола, жалақымыз жақсы болса, түнде жұмысқа бармас едім. Өз басыма келсек, бұл менің таңдауым емес", — дейді ашынған ана.

Жұмыста болғандықтан, көп балалы аналардың митингісіне қатыса алмапты. Алайда, қала әкімдігіне барып, арыз жазған.

"Дүйсенбі күні әкімнің орынбасары баспана мәселесі бойынша бізді қабылдайтын болды. Ал сейсенбіде жәрдемақы жайы қаралады", — дейді Базарбаева.

Отбасы ауыз суды алыстан тасып әкеледі
© Sputnik / Владислав Воднев
Отбасы ауыз суды алыстан тасып әкеледі

"Баланы біз үшін туған жоқсың, кезегіңді күт"

Айтуынша, күні бүгінгі дейін көп балалы ана ретінде көмек сұрап, әкімдіктің табалдырығын аттамаған. Оған себеп те жоқ емес.

"Себебі, қайда барсаң да бәрібір "баланы біз үшін туып па едің" деп айғайлайды. Бұған дейін мұндай жағдай өз басымнан өтті. Тұрғын үй департаментіне барғанымда, қызметкерлер "баланы біз үшін туған жоқсың, кезегіңді күт" деп шығарып салғаны бар", — дейді биліктен көңілі қалған батыр ана.

Көп балалы ананың басты арманы – баспаналы болу. Егер, жанайқайымыз жоғары жаққа жетпесе, қайырымды кәсіпкерлер көмектесіп қалар деп үміттенеді Лаура Базарбаева.

Тақырып бойынша

"Туыстары түнде тексеріп кеткен": бес баланың өмірін қиған өрттің мән-жайы
"Астанадағы трагедиядан кейін": Қазақстанда бала құқығын қорғайтын кеңес құрылды
Қазақстанда бала күтіміне берілетін жәрдемақы мерзімін ұлғайту ұсынылды
Назарбаев өрттен қаза болған бес баланың ата-анасына көңіл айтты
"Жәрдемақы табыс емес". Министр Әбілқасымова әділеттік орнатуға уәде берді
Балаға берілетін жәрдемақы 2019: кімге, қалай және қанша төленеді?
Бес баланың ата-анасына қатысты қылмыстық іс қозғала ма - министр жауап берді
Кілт сөздер:
көп балалы отбасы, трагедия, баспана, жәрдемақы, Астана
Загрузка...

Басты тақырып