20:26 22 Наурыз 2019
Тікелей эфир
  • USD378.17
  • EUR429.11
  • RUB5.88
Жылау

Баласы сырқаттанып, жұмыссыз қалған ана Астана әкімінің алдында жылап жіберді

CC0
Елорда тынысы
Қысқа сілтеме алу
590 0 0

Астана әкімі шарасыз күйге түскен анаға көмектесуге уәде берді

АСТАНА, 4 наурыз – Sputnik. Астана әкімдігінде көмекке мұқтаж жандарды қабылдау әлі жалғасып жатыр. Жақында қала басшысы Бақыт Сұлтановпен кездесуде елорда тұрғыны Ләйлә Уәлиева көз жасына ерік берді, деп жазады Елорда Ақпарат.

Жас әйел қандай проблемамен келгенін айта бастап еді, өз-өзін ұстай алмай, жылап жіберді: тағдырдың тәлкегіне ұшырап, қатты қиналып жүр екен. Астана әкіміне қалай жұмыссыз қалғанын, баспанасы жоқ екенін және баласының дертке шалдыққанын айтты. Барлық қиыншылық күтпеген жерден туындаған.

"Көпбалалы ана емеспін. Құдайға шүкір, балам да мүгедек емес. Тұңғышым қатерлі ісікке шалдыққанда, еш жер қабылдамады. Баспанаға кезекке тұрайын деп бармаған жерім қалмады, бірақ бәрі "бізге жарамайсыз" деп бетімнен қақты. Шулатып жүріп құжаттарымды баспана департаментіне тапсырдым. Ол 2013 жылы болған еді. Содан бері әлі күнге дейін кезекке тұруға құжаттарымды таба алмай, күдерімді үздім", - деп Ләйлә басына түскен жайтты баяндады.

Көпбалалы отбасылар: қандай жеңілдіктер мен жәрдемақы бар?

Оның айтуынша, күйеуімен бірге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ақша жинап жатыр екен. Екінші баласы екі жасқа толғанда "бронх демікпесі" диагнозы қойылыпты. Ләйлә медициналық колледжде білім алып жүр, биыл "Емдеу ісі" мамандығы бойынша тәмамдайды.

Көп балалы аналармен кездесу
предоставлено пресс-службой акимата Кызылорды

"Балам үш жасқа толған соң, балабақшаға беріп, декреттен кейін жұмысыма оралдым. Бірақ балам ауырып қалды: бір апта жұмыс істеп, екі апта үйде отырдым, кейін тағы бір апта жұмыс істеп, екі апта үйде отырдым. Содан соң мені өз еркіммен арыз жазуға мәжбүрлеп, жұмыстан шығарып жіберді. Абылайхан көшесіндегі "Травмотология" ғылыми зерттеу институтында санитар болып істейтінмін, оқуым мен жұмысымды қатар алып жүрдім. Бас дәрігердің өзімен жеке кездестім. "Балаңыз ауырса, осылай сырқат парақшасымен жүре бересіз" деді. Қазір үйде отырмын, оқуымды қатар алып жүру үшін интернеттен өз салам бойынша жарты күндік жұмыс қарап жатырмын", - дейді Ләйлә өксігін бас алмай.

Бақыт Сұлтанов көпбалалы аналарды өзі қабылдап жатыр - видео

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен келісімге сәйкес отбасы айына 30 мың теңге депозитке салып отыруы тиіс.

"Бірақ санитар әйелдерге ешқандай бағдарлама жоқ, негізінен, дәрігерлер мен медбикелерге ғана. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне де, әкімдікке де барып, қанша шапқыладым. Ешқандай санат жоқ", - дейді ол.

Бақыт Сұлтанов түсіндіргендей, банкте азаматтың қызметіне қарамайды, тек табысын ғана ескереді.

"Бір апта балабақшаға барып, екі апта ауырамыз, бір апта барып, екі апта ауырамыз. Осылай жалғаса береді. Қазір анализ тапсырып, дәрумендер қабылдап жүрміз, дәрігерге қаралып жатырмыз... Астанада бәрі ақылы. Емханаға барсаң, тегін ештеңе таппайсың... Дәрі-дәрмекті өзіміз сатып аламыз, мақта, шприц, қолғап – емделуге барғанда, бәрін сатып аламыз", - деп Ләйлә Уәлиева қиындықтарымен бөлісті.

"Баламды санаторийге жіберуді сұрап едім, маған "мүгедек емессіздер, сіздерге берілмейді" деді. "Сол санаторийге бару үшін мүгедек болу керек пе?" деп сұрадым", - деп жалғастырды елордалық әйел.

Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері атап өткендей, әйелге "Ана мен бала" бағдарламасы аясында санаторийде 21 күн демалуға тегін жолдама беруге болады. Демалыс орнында оңалту, шунгит ваннасы, тұзды шахта және бронх жүйесінің массажы сияқты емдік шаралар жасалады.

"Қандай да бір проблеманы шешу үшін міндетті түрде әкімнің қабылдауында болу керек пе? Біз сұрағанда, ешкім жолатпады емес пе?", - дейді Уәлиева.

Әйелдің күйеуі "Цесна Астық" кәсіпорнында 10 жылдан бері электрик болып істеп жүр. Отбасы шамасы жеткенше Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ақша жинайды, бірақ тұрақты салып тұруға мүмкіндік жоқ. Сондықтан баспанаға ақша жинай алмай отыр.

Бақыт Сұлтанов қол астындағыларға әйелді жұмысқа орналастыруды тапсырды.

"Бақылауға алыңыздар, еш кедергісіз жұмысқа алатын болсын. Сізді жұмысқа орналастырсақ, денсаулық сақтау саласының қызметкері ретінде 1 миллион теңгелік тұрғын үй сертификатын алуға және "7-20-25" бағдарламасына қатысуға мүмкіндік аласыз. Денсаулық сақтау басқармасы мен әлеуметтік қорғау басқармасы сізді бақылауға алады", - деп әкім елордалық әйелге уәде берді.

Кілт сөздер:
Бақыт Сұлтанов, баспана, жұмыссыздық, ана, Астана
Загрузка...

Басты тақырып