Елорда тынысы

"Жыбыр-жыбыр етіп үйге кірді": Астанада 36 адам тұрып жатқан пәтер табылды

© Sputnik / Владислав ВодневВиды Астаны
Виды Астаны - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Хостел сол жағалау тұрғындарының тынышын кетірді. Оны тиісті орындар заңның солқылдақтығынан жаптыра алмай отыр

НҰР-СҰЛТАН, 3 қазан – Sputnik. Елордада сол жағалау тұрғындары қиын жағдайға тап болды. Көпқабатты үйдің екі пәтерін хостелге айналдырып жіберген. Бір пәтерде 40-қа жуық адам тұрады. Солар бүкіл үйдің тынышын алған көрінеді.

 Сол жағалаудағы тұрғын үй кешені Ақорда, парламент, үкімет ғимараттарына, министрліктер үйіне жақын жерде тұр, деп хабарлады КТК.

"Ылғи ішіп жүреді. Үйдің кіреберісінде, лифтіде қоқыс тастайды. Бір рет біреуі мас күйінде лифтінің есігін тепті. Ішінде баламмен тұрған едім. Балаға қарамай, аузына келгенін айтты. Шыққанша жаным қалмады", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жанна Ахметова.

Журналистер пәтерге кіріп барып тұрғындардың айтқаны рас екеніне көз жеткізді. Олардың бірінші көрген адамы есін жия алмай отырған жігіт болған. Қашаннан бері тұрып жатқанын, қайдан келгенін жөндеп айта алмаған. Отырған жері – ас үй.

Төрт бөлмелі пәтерді иесі хостелге айналдырған. Ішінде 40-қа жуық орын бар. Осынша адам тұратын жердің санитарлық жағдайы айтпаса да түсінікті. Бұл жағдай көршілерін де шаршатқан.

"Небір адамдар келіп кетеді. Біз ондай еркектерден қорқамыз. Алдыңғы жылы бүрге дей ме, бір нәрсе болады екен, жыбыр-жыбыр етіп үйге кірді", - дейді ол.  

Тағы оқыңыз: Депутат Нұр-Сұлтандағы мемлекеттік тұрғын үйлердің қорқынышты екенін айтты

Көбісі құрылыста істейтін жас жігіттер. Төрт бөлменің бірінде қыз-келіншектер тұрады. Бәрі де бет-жүзін көрсетуге үзілді-кесілді қарсы.

Бес күн бұрын пәтердегі екі жігіт араздасып, бір-бірін пышақтаған. Көрші тұратын Айжан сол жағдайдың куәгері.

"Таңғы 3-4 шамасында қабырғаның арғы жағынан дүрсіл мен айғай естідім. Жиһаздарды қиратып жатқанын естігенде төбелес басталғанын түсіндім", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айжан Мұқанова.

"Есікті сәл ашып қарасам, екі жігіт бір-бірін қуып, балконға қарай жүгіріп шықты. Сол жерде төбелесіп, біреуі айғайлап көмекке шақырды. "Жарамды таңыңдар, жедел жәрдем шақырыңдар!" деп жатты. Қанды көрген бойда дереу полицияға телефон соқтым".

Бұл үйде хостелге айналдырған екінші пәтер бар. Біріншісіне қарағанда жинақылау демесеңіз, мұнда да бір қауым ел тұрып жатыр. Күндіз бәрі жұмыста. Мұнда 24 орын. Ал әкімші қыз қанша адам бар екенін білмейді де. 

"Төрт адам, нақты білмеймін. Бірақ 7 адамдай, 10 шақты адам тұрамыз".

Тұрғындардың айтуынша, хостелдер 3-4 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Үй тұрғындары екі жыл бұрын да қала басшылығына шағымданған екен. Бірақ нәтиже болмапты. Тиісті орындар да заңның шикілігінен шара қолдана алмай отыр екен.

"Санитарлық ережелерде хостелдерге қатысты талап жоқ. Сондықтан біз оларды тексере алмаймыз. Тіпті, хостелдердің жұмысын реттейтін заң да жоқ. Оның үстіне мұндай жатақхана шағын және орта бизнеске жатады. Оны тексеруге елімізде мораторий жарияланған", - деп түсіндірді Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлардың қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов.

Тұрғындар екі хостелді жаптыруға тағы да жаппай қол жинауға кірісті. Ұсыныстарын қала әкімінен бастап барлық тиісті орынға жолдамақ. Әзірге қолдан келері осы ғана.

Жаңалықтар
0