07:31 22 Қыркүйек 2020
Тікелей эфир
  • USD421.58
  • EUR496.83
  • RUB5.53
Колумнист
Қысқа сілтеме алу
53 0 0

1941 жылдың қарашасында немістердің шабуылынан суға батқан "Армения" кемесі Қара теңіз табанынан табылды

1941 жылдың күзінде Қырым жағалауына жақын жерде неміс ұшақтарының "Армения" ауруханалық кемесін қиратуы әскери қылмыс болып табылады, деп жазады әскери шолушы Александр Хроленко.

Іс жүзінде ешбір қаруланбаған кемеде он мыңға жуық адам болған. Олар жараланған Қызыл әскер сарбаздары, медицина қызметкерлері, әйелдер мен балалар еді. Осыншама адамның тек сегізі ғана аман қалды.

27 сәуір күні Ресей географиялық қоғамы "Армения" кемесі Қара теңіз түбінен табылды деп хабарлады. Кеме 1 500 метр тереңдікте, Ялта жағалауынан 15 миль (шамамен 28 шақырым) жерде жатыр. 

Үздіксіз ізденіс 35 жылдан астам уақытқа созылды. 1940 жылдардың аяғында Орталық әскери архивтегі "Армения" трагедиясына байланысты №19 іс зерттеушілерге қолжетімсіз болды. Жалғыз ғана географиялық анықтама 1991 жылы Қара теңіз флотының медициналық қызмет музейінен табылды. Онда Гурзуф поселкесіндегі Медведь тауының маңында болған әуе шабуылы туралы ақпарат жазылған. Алайда, теңіздегі үлкен тереңдіктер мен күрделі жер бедері іздеуді қиындатты.

Тіпті, "Титаник" пен "Бисмаркты" ашқан атақты америкалық Роберт Баллард өзінің барлық жоғары технологиялық жабдықтарымен "Арменияны" таба алмады. Әрине, көп жылдық ізденіс кемеде Қырым мұражайларының қазыналары қалғанымен емес, оған деген құрметпен борыш ретінде түсіндіріледі.

Санитарлық көліктің апатқа ұшырауы тарихтағы ең үлкен қайғылы оқиғалардың бірі болып саналады. Салыстыру үшін айтайық, "Титаниктегі" 1 500-ге жуық жолаушы, немістің "Бисмарк" кемесінде 2 100-ден астам адам опат болды. Ал "Арменияның" адам шығыны бірнеше есе көп (7-ден 10 мыңға дейін адам қаза тапқан, нақты көрсеткіш әлі анықталған жоқ). Осындай жағдайларын ескере отырып, санитарлық кеменің апатқа ұшырауы кітаптар мен фильмдерге лайық әрі оларды бүкіл адамзат білуі тиіс. Бұл әлемде екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті мен құрбандарын, фашистік Германияны жеңудегі Кеңес Одағының рөлін ұмытпау үшін керек.

Ешкім де ұмытылмайды

"Армения" санитарлық кемесінің корпусы қашықтан телебасқарылатын суасты көлігімен анықталғаннан кейін Новоресейлік әскери-теңіз базасының діни қызметкері Кирилл экипаж бен жолаушылардың қайтыс болған жерінде еске алу рәсімін өткізді. Сондай-ақ, әскери құрмет көрсетілді – суға гүл шоқтары қойылып, үш рет аспанға оқ атылды.

Теңіздегі жағдай мен қауіпті болжау мүмкін емес және теңіздегі соғыс одан да қатал. Егер кеме немесе қайық суық мезгілде жағадан алыс жерде апатқа ұшыраса, мұздай суда адамның тірі қалуы екіталай.

1941 жылдың қыркүйек айының соңында неміс әскерлері Перекопты басып алып, Қырымға кірді. Қызыл әскер Қара теңіз флотының басты базасы Севастопольге шегінді. Қараша айының басында артиллериялық шабуыл жасалып, қаланы қоршау басталды. Солай десек те, жаралылар мен әйелдерді және балаларды теңіз арқылы эвакуациялау мүмкін еді. Мұны жүзеге асыруды тәжірибелі капитан Владимир Плаушевскийдің басшылығымен "Армения" кемесінің экипажы қолға алды. Су ығыстыруы 6 мың тонна болатын ұзындығы 112 метрлік кеме бейбіт күнде 980 жолаушыға дейін тасымалдайтын.

1941 жылдың жазында "Армения" ауруханаға айналды. Ал тамыз айынан бастап Қызыл әскердің 15 мың жаралы жауынгері Қырымнан Үлкен жерге 15 рейспен тасымалданды. Соғыс жылдарында осылайша түрлендірілген кемелер Қара теңіздегі 412 мыңнан астам адамды эвакуациялады (құтқарды).

Медициналық кеме соңғы сапарына Севастопольден 6 қарашада шықты. Ол Туапсе қаласына 300-ге жуық жаралы жауынгерді, төрт әскери госпитальдің медициналық қызметкерлері мен бірнеше мың бейбіт тұрғынды жеткізуі тиіс еді. Түнде Ялтадан "Арменияға" тағы жүздеген адам мініп, 7 қараша күні таңертең екі күзет қайығымен бірге Кавказға бет алды.

Қырым жағалауынан 15 миль қашықтықта кемеге Люфтваффе Heinkel-111 (басқа ақпарат бойынша – Junkers 87) ұшағы шабуыл жасады. Қара теңіз флотының Күзет қайықтары мен көлік палубасындағы төрт зениттік зеңбірек кемені бомбалар мен торпедалардан құтқара алмады. Соққының күштілігі мен қираудың шапшаңдығы соншалық, "Армения" төрт минут ішінде су астына кетті. Мыңдаған адамның арасынан сегіз адам ғана аман қалды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде халықаралық құқық заңы Қызыл крест ұйымының белгісі бар ауруханалық кемені атуға тыйым салды. Бірақ неміс ұшқыштары мұндай ережелерді елемеді. Гитлер әскері Қызыл әскер мен бейбіт тұрғындарды жою үшін соғыс жүргізді. 

"Армения" картада қалады

Балтық жағалауындағы зауытта жасалып, 1928 жылы іске қосылғаннан кейін "Армения" Қара теңіздегі ең үздік алты жолаушылар кемесінің қатарына енді. Жылдамдығы 14,5 узелмен (шамамен 27 км/сағ) жүретін әдемі әрі сенімді кеме 96 адамнан тұратын үлкен экипажпен ұзақ сапарларға (4 600 мильге дейін) шығатын. 

"Армения" кемесінің табылған корпусы әскери жерлеу орны деп жарияланатын болады. Солтүстік ендік бойынша 44 градус 15 минут, шығыс бойлық бойынша 34 градус 17 минут координаттық нүктелері теңіз картасына енгізіледі. Содан кейін осы маңнан өтетін Ресей әскери-теңіз күштерінің барлық кемесі жалауларын түсіріп, құрбан болғандарға әскери құрмет көрсетеді.

2020 жылғы экспедиция қорытындысы "Арменияның" соңғы күнін толық қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Ресей географиялық қоғамының суасты зерттеулер орталығы қазірдің өзінде кеменің тағдыры туралы деректі фильм түсіріп жатыр.

Кілт сөздер:
соғыс, Жеңіс күні, Ұлы Отан соғысы
Загрузка...

Басты тақырып