17:02 14 Шілде 2020
Тікелей эфир
  • USD411.66
  • EUR465.92
  • RUB5.81
Колумнист
Қысқа сілтеме алу
912 0 0

Шенеуніктер әрбір артық баррель үшін қомақты айыппұл салуды, ал оның көлемін 1 000 доллар көлемінде бекітуді ұсынып отыр

Америка ОПЕК+ келісіміне ресми түрде қосылған жоқ. Алайда бейресми тұрғыда Техас штаты қосылуы әбден мүмкін. Өйткені, ол жерде тақтатас мұнайының басым бөлігі өндіріледі, деп жазады РИА Новости.

Негізі, тақтатас мұнайын өндіретін компанияларды шикізатты қысқартуға міндеттеу туралы шешім 5 мамырдан қабылдануы әбден мүмкін. Мұнай саласын реттеу жөніндегі Техас мемлекеттік агенттігінің қаулысында қандай да бір жеңілдіктер де қарастырылмаған. Шенеуніктер әрбір артық баррель үшін қомақты айыппұл салуды, ал оның көлемін 1 000 доллар көлемінде бекітуді ұсынып отыр. Әрбір артық баррельге ондай айыппұл салынса, тым еркінсіп кеткен кез келген мұнай өндіруші компанияны тәртіпке салуға болады.  

Техастың басты ақпарат көзі – Houston Chronicle-дің мәліметі бойынша штатта мұнай-газ саласын реттейтін Техас теміржол комиссиясы шикізатты өндіруді қысқарту ұсынысын қоғамдық талқылауға шығарды. Оған сәйкес, мұнай өндіруді айына 20 процентке қысқарту жоспарланып отыр. Комиссияның келесі отырысы 5 мамырда өтеді. Сол жерде шикізатты қысқарту туралы бұйрық дауысқа салынады.

Негізі, комиссия мұнай өндіруді қысқарту бұйрықтарын 1970 жылдан бері қабылдамады. Алайда коронавирустың салдарынан шикі мұнайдың көлемі тым көп болып кетті. Содан Pioneer Natural Resources мен Parsley Energy сияқты тақтатас мұнайын өндіретін компаниялар агенттіктің көптен бері қолданбаған құзіретін іске қосуды сұрады. Дәл осы бастама мұнай өндірушілерді екіге бөліп тастады. Шикізатты өндіретін шағын компаниялар мен қоршаған ортаны қорғаушылар коалициясы мұнай көлемін қысқартуды қолдаса, салалық сауда қауымдастықтары, ірі компаниялар мен құбыр желілерінің операторлары қарсы шықты.

Техас штаты мұнай өндіру көлемін қысқартамыз деп отырғанда 20 процентті аспаннан алып тұрған жоқ. Америка немесе штаттың өзі ОПЕК+ келісіміне қосылған жағдайда тура сондай мөлшерді өз мойнына алатын еді. Сондықтан ондай шешімнің экономикалық негізі бар. Алайда оның іске асатынына ешкім кепілдік бере алмайды.

Қазіргі кезде АҚШ-та "нарықтың өзі реттейді" деген ұстаным бар. Соның салдарынан жақында West Texas Intermediate мұнайының бағасы минусқа кетіп қалды. Содан болар, ондай ұстаныммен барлығы бірдей келісіп отырған жоқ. Бүгінде шағын мұнай өндірушілер шикізатты өндіру көлемінің қысқарғанын қалайды. Әдетте ондай компанияларда ары кетсе 20 адам жұмыс істейді. Олардың күнделікті өнімі 1 000 баррельден аспайды. Осы іспетті компаниялар өте көп.

Ал жаңа бұйрықтың жобасына сәйкес, шағын мұнай бизнесі квотасыз жұмыс істей береді. Шикізатты қысқарту міндеті ірі және орта компанияларға жүктеледі. Осы бастама жүзеге асса, шағын өндірушілер өз кәсібін жаппай, шикізаттың әлемдік бағасы көтерілгенше шыдай алады. Алайда қаржылай жағынан әлсіз тақтатас мұнайының өкілдері бәрібір банкрот болады.

Конвенционалды мұнай өндіретін алпауыт компаниялар шикізатты қысқартуға қарсы. Америкалық журналистер олардың қысқа мерзімде пайда көре алатынын жазып жатыр. Дегенмен, осы саладағы ірі компаниялар алдымен тақтатас өкілдерін жойып тастағысы келетін тәрізді. Сол үшін бәріне шыдауға дайын. Әрине, өздері ол туралы ашық айтпайды, "бәрін нарық реттейді" дей салады. Ал Bloomberg агенттігінің ақпараты бойынша мұнайға толы танкерлер аз емес. Ол шикізатты ешкім алғысы келмейді. Трейдерлер болса, мұнай сақтайтын жерді іздеумен әлек.

Америка қазіргі жағдайда Сауд Арабиясы, Ресей және тағы басқа жауапты мұнай өндіруші мемлекеттерге қосылғанда біраз мәселе шешілетін еді. Алайда техастық комиссияның құрамында оның төрағасы Уэйн Кристиан сияқты "нарықтық фундаменталистер" әлі де бар. Оның айтуынша, еркін нарықты қорғау қажет. Себебі COVID-19 артта қалғаннан кейін мұнай өнімдеріне деген сұраныс қайта жанданады. Адамдар жұмысқа шығады, көлікпен жиі жүре бастайды. Сонда сұраныс өзімен-өзі қалпына келеді.

Әрине, АҚШ мұнай өндіру көлемін қысқартудан бас тарта алады. Ондай шешім ішкі нарыққа әсер етпеуі де мүмкін. Алайда оның геосаяси салдары көп. Мәселенің мәні мынада, ОПЕК+ ұйымының беделі өсіп келеді. Мұнай альянсы қара алтынның бағасын көтере алатынын және түсіре алатынын көрсетті. Ал жаңа келісімге НАТО-ға мүше мемлекет те қосылды.

Financial Times басылымының мәліметіне сәйкес, Норвегия мұнай өндіру көлемін 13 процентке қысқартады. Бұл дегеніміз, Норвегия үкіметі ОПЕК+ елдеріне берген бейресми уәдесін орындады және оны үлкен келісімге дейін жасап отыр.

Демек, дағдарыс бітеді. Ал мұнай нарығы бойынша ортақ мәмілеге Америкасыз келу әдеті қалуы әбден мүмкін. АҚШ жалғыз отырса да, "еркін нарықтың" қорғалғанына сенімді болатын шығар.

Кілт сөздер:
нарық, мұнай
Загрузка...

Басты тақырып