15:11 28 Қыркүйек 2020
Тікелей эфир
  • USD426.32
  • EUR496.41
  • RUB5.50
Колумнист
Қысқа сілтеме алу
70 0 0

АҚШ қорғаныс министрі Марк Эспер алдағы уақытта Германиядан әскер шығару әрекеті Ресейді ұстап тұру стратегиясына сәйкес орындалатынын мәлім етті

Мәлімдеген позициясына негіз ретінде айтар жалғыз уәжі ғана болса, ведомство басшысының жағдайы мәз емес секілді. Егер ресми көзқараспен қарасақ, іс жүзінде АҚШ "көп әскерін шығысқа, ресейлік шекараға жақынырақ жылжытады". Ал осы тұжырымға "тереңірек үңіліп" қарар болсақ, онда тезистің күлі көкке ұшқаны анықталады, деп жазады РИА Новости.

Германиядан 12 мыңға жуық әскери қызметші шығарылады. Бірақ олардың басым бөлігі – 6,4 мың азамат АҚШ-қа оралады. Қалғандары Еуропаның басқа елдеріне, соның ішінде, Италия мен Бельгияға да жіберіледі. Мәскеумен иық тіресе орналасқан Польшаға небәрі мың әскери қызметші жөнелтіледі. Бұл Эспердің сөзін растайтындай ауқымды көрсеткіш емес. Басқаша болуы екіталай еді. Себебі, ФГР-дегі америкалық контингенттің айналасындағы коллизияның НАТО мен Ресей арасындағы қақтығысқа қатысы алшақтау.

2018 жылдың маусым айында Washington Post Пентагон Еуропадағы әскерді ірі көлемде қайта орналастырудың құны мен салдарына талдау жүргізіп жатқаны жайлы жазды. Басылым дәл сол жылдың басында Трамп бұл мәселеге қызығушылық танытқанын атап өтті. АҚШ президентінің мұндай әрекетке баруына НАТО одақтастарының қорғаныс үшін қалталарын қаққысы келмегені себепші еді. Ең алдымен бұл Берлинге қатысты болды. Ол әскери шығындарды ЖІӨ-ден екі процентке дейін көтеруден көп жыл қатарынан бас тартып келеді.

Бір жыл бұрын бұл мәселеге тағы көтерілді. Ол кезде АҚШ-тың Германиядағы елшісі Ричард Гренелл Құрама Штаттар өз әскери контингентінің бір бөлігін ФГР-ден Польшаға көшіруге дайын екенін мәлім етті. Оның айтуынша, "немістер өз сауда теңгерімінің қаражатын елдегі ішкі қажеттіліктерге жұмсап отырған кезде америкалық салық төлеуші Германиядағы 50 мыңнан астам отандасы үшін салық төлеуді жалғастыра беруі намысқа тиетін әрекет".

Бұл мәлімдеме Польшадағылар үшін қуанышты хабар болды. Өткен жыл бойы польшалық саясаткерлер мен БАҚ өз елдерінің Еуропадағы америкалық қарулы күштер орналастырылған негізгі орынға айналуын асыға күтті. Тіпті, ядролық қаруды қайта орналастыру мәселесіне дейін талқыланды. Бірақ айта кету керек, бұл әңгіме бос жерден пайда болған жоқ. Мұнда да Шаттағылардың үлесі орасан зор болып тұр.

Егер фактілерді саяси мәлімдемелер және жоспарлардан тазартып қарар болсақ, онда бәрі айдан анық.

Құрама Штаттар көп жылдар бойы әлемдегі ең ірі экономикалардың бірі саналатын Германияны әскери шығынды арттыруға көндіре алмай келеді. Америкалықтар тарапынан қоқан-лоққы да, қысым мен қорқыту да жасалды. Алайда, олардың барлық әрекеті нәтижесіз болды: Вашингтон немістерді алған бетінен қайтара алмады.

Соған қарағанда, Дональд Трамптың бұл мәселеден ығыры шыққан секілді. Сондықтан, елдегі қорғаныс министрі мен басқа да ресми тұлғалар америкалықтардың көшбасшысы қабылдаған шешімде АҚШ аса аянышты күйде болмауы үшін түрлі уәждерді айтып жатыр.

Бірақ олар бәрібір аянышты күйде тұр.

Немістерден көздегеніне қол жеткізе алмады. Өз экономикасына қосымша қаражат тарта алмады. Еуропадағы әскери контингент қысқартылады. Мұның барлығы Ресейдің өз ықпалын арттырып жатқан шақта орын алып отырғаны жағдайды тіпті ушықтыруда. Жалпы Германияны жазалау ретінде әскерін әкету аса ұтымды әдіс емес. Әрине, ФГР әскери инфрақұрылымға қызмет көрсету бойынша жұмыс орындары мен біршама қаражаттан айырылады. Бірақ бұл Вашингтон талабына келіскенде орын алатын шығынның жанында түк те емес.

Сол себепті, Польшадағы қосымша мың әскери қызметші Ресейді ұстап тұру бағытындағы АҚШ-тың ауыз толтырып айтар жалғыз дәйегі болып отыр. Бірақ Трамптың әскерін әкету туралы шешімге келуіне не себеп болғаны қызықты. Себебі, ол Германияны әлі де біраз әурелеп, діттегеніне жетуге талпынса болар еді. Есесіне, салдары мұншалықты шиеленіспес пе еді.

Мұның жауабын Америка президентінің жеке тұлғасынан және ұлттық көшбасшы ретінде алға қойған мақсатынан іздеуге болады.

Дональд Трамп өзінің ел күтпеген қылыққа құмар мінезіне қарамастан, АҚШ-тың көптен күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелерін реттеуге тырысатыны хақ. Мейлі, ол бағыттағы әдіс-тәсілдері тым радикалды болса да. Сол себепті, бұл мәселеде президент Трамптың ашуға берілуі орынды: Еуропаның қорғаныс қызметтерін Америка өз мойнына алғанымен қоса, барлық шығынды да өзі көтеріп келеді. Ал әлемнің ірі және экономикасы бай елдер АҚШ-тың мойнына мініп алғандай.

Бұл жерде мәселе Германия және басқа да елдердің Ресей тарапынан болатын қауіпке аса қатты сенбеуінде болып отыр. Сондықтан, америкалықтар Мәскеумен әскери-саяси қақтығысын жалғастырғысы келсе, онда Еуропа НАТО бойынша аға серіктесінің бұл ойынына қолдау көрсетуге дайын. Бірақ ол үшін шығынға батудан бас тартып отыр.

АҚШ-тың ұлы держава ретіндегі мәртебесі америкалықтардың басым бөлігі үшін өзіндік құндылық іспеттес. Сондықтан, олар бұл бағытта қаражат шашудан аянбайды. Мейлі, ол жоба сәтсіз аяқталары анық болса да. Бірақ Дональд Трамп бұл ұстанымды жақтамай отыр. Ол әлемдік көшбасшылық Құрама Штаттарға және оның экономикасына табыс әкелуі керек екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын.

Германиядан әскерін әкету туралы шешім Трамптың сөзі мен ісі бір жерден шығатынын дәлелдеді.

Берлиннің өз ұстанымынан айнымайтынын түсінген ол бұл іске бизнесмен ретінде қарап, шығынды азайту шараларын қолданды. Әскерді қайта орналастыруға да аз шығын кетпейді. Бірақ бұл алдағы жылдардың ауқымды шығынын алдын алуға жасаған оңтайлы шешім екені анық. Сондықтан, Дональд Трамптың әскерді немістердің елінен әкету туралы шешімі экономика тұрғысынан тиімді және АҚШ-тың ұлттық мүддесіне сәйкес келеді деп сенімді айтуға болады.

Кілт сөздер:
әскери, Ресей, Германия, АҚШ
Загрузка...

Басты тақырып