03:22 27 Сәуір 2017
Тікелей эфир
Ұлыбританияда тұратын қазақтар

Ұлыбританиядағы қазақтар Наурызды қалай тойлайды

© Foto: Тимур Әбдірештің жеке архивінен
Мәдениет
Қысқа сілтеме алу
175 0 0

Лондонда дәстүрлі Наурыз фестивалі өтеді

АСТАНА, 19 нау – Sputnik. Тұманды Альбион елінде тұрып жатқан қазақтар ұлттық мейрамдардың ешбірін қалт жібермейді. Шетте жүрсе де, олар ұлтымыздың рухани мәдениетін сақтап, халқымыздың әдет-ғұрыптарын бір сәтке де ұмытпақ емес. 

Әрине, Ұлыбританияда білім алып жатқан қазақстандық студент Тимур Әбдірештің айтуынша, ұлттық мейрамдардың ішінде Наурыз мерекесінің шоқтығы биік. Туған жерден жырақта жүрген қазақтар Ұлыстың ұлы күнін ерекше ыстық ықыласпен атап өтеді. 

Ұлыбритания қазақтары Наурыз тойын тойлап жатыр
© Foto: Яхия Төлеш
Ұлыбритания қазақтары Наурыз тойын тойлап жатыр

"Мен оқитын Newcastle қаласында Newcastle Kazakh Society атты ұйым бар. Осы қаладағы бүкіл қазақ студенттерінің басын біріктіріп отыр. Жалпы, бұл жерде студенттер өте ұйымшыл әрі бірлігі жарасқан. Наурыз мерекесіне бір кісідей жұмылып, дайындалады. Ұлыстың Ұлы күні бәрі жиналып, мейрамды у-шу болып атап өтеді. Біреуі көже, екіншісі палау, қалғандары бауырсақ пісіріп әкеледі. Көже ішіп әрі дәмді бауырсақтан ауыз тиген студент бір сәтке туған жеріне сапар шеккендей болады. Сыртта жүрген қазақ жастарына Наурыз мерекесі осындай бас қосулармен есте қалады", — дейді Newcastle University студенті.

Оның айтуынша, Newcastle Kazakh Society мұнымен шектелмейді. 2014 жылы Наурыз ерекше форматта тойланыпты. 

"Into Newcastle University ғимаратының қабырғасында Наурыз мейрамына орай Қазақстанға арналған таныстыру көрмесі өтті. Ұлттық киім киген қыз-жігіттер би билеп, ән шырқады. Айта кету керек, басқа елдің студенттері бұл шараға ерекше қызығушылық танытып, қазақ халқының мәдениеті, ұлттық киімі және салт дәстүрі туралы сұрақтарын аяған жоқ", — деп әңгімеледі Тимур. 

Ұлыбритания қазақтары Наурыз тойын тойлап жатыр
© Foto: Яхия Төлеш
Ұлыбритания қазақтары Наурыз тойын тойлап жатыр

Әлбетте, Ұлыстың ұлы күнін наурыз көжесіз тойлау мүмкін емес. Наурыз көже молшылықтың жоралғысы ретінде наурызда міндетті түрде әзірленеді. Шетте жүрген қазақ студенттері де бұл дәстүрді бұзбайды екен. 

"Наурыз көжені үйде қалаған адам пісіріп әкеледі. Бұл жақта арнайы мұсылмандардың дүкендері бар. Сол жерден айран, арпа және басқа дәндерді табуға болады", — дейді қазақстандық студент. 

Тимур Әбдіреш әңгімелегендей,  әз-Наурызға орай меркелік шаралар Британияның түкпір-түкпірінде ұйымдастырылады. Қазақ студенттерінің қауымдастықтары әр қалада бар. Әсіресе, Лондонда Наурыз мейрамы кеңінен тойланады. 

Қыздар биі
© Foto: Яхия Төлеш
Қыздар биі

"Былтыр Британияның астанасында дәстүрлі Наурыз фестивалі өтіп, оған Орта Азия елдерінің өкілдері қатысты. Сөйтіп, Лондондағы наурыз жетінші рет тойланды. Өзбек, тәжік, қырғыз, әзірбайжан және қазақтар бірге Ұлыстың ұлы күнін тойлады. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар дайындалды. Бұл фестивалге аралдың түкпір-түкпірінен бір-бірін көптен көрмеген студенттер жиналып, төс тағыстырып жатты. Шетелде жүрсе де халықты біріктіретін Наурыз мейрамы осымен кұдыретті емес пе?!", — деп түйді сөзін Тимур.


Басты тақырыптар